Шылым шегу — қазақ қыздарына жат әдет

Шылым шегу — қазақ қыздарына жат әдет
жеке
блог

 

 

Гүл шашып жайқалған жастық шақтың базарына енбей жатып, адами қасиетке қарама-қайшы келетін көптеген жат әдеттерге, соның ішінде ең жиіркеніштісі – шылым шегуге бойжеткендердің бой алдыруын қалай түсінуге болады? Бүгінгі таңда шылым шегу сәнге айналған ба, әлде, қанымызға сіңген еліктеушілік пе, немесе, еркектермен иық теңестірудің сиқы ма, я болмаса, қызығынан қиындығы көп бүгінгі өмірдің ағымынан қалмаудың әрекеті ме? Ата дәстүріміз бойынша қыз бала қашанда әдептіліктің, әдеміліктің, инабаттылықтың және көріктіліктің өлшемі бола білген. Халқымыз қыз баланы қай заманнан болашақ ер-жігітке адал жар, ұрпағымызды жалғастыратын ана және болашақтағы отбасының ұйтқысы болсын деп тәрбиелеген. Міне, сол ұлтымыз үміт артқан аруларымыздың ұлт дәстүріне қиғаш келетін кейбір ұнамсыз жат қылықтарын көргенде, солар үшін  ұяласың.

Ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі еркек атаулының 57 пайызы, жасөспірімдердің 25, ал қыз-келіншектердің 31 пайызы шылымқор көрінеді. Күнделікті өзіміз куә болып жүрген өмірдің шындығына сүйенсек, бұл деректерді ақиқаттан алшақтау ма деп те ойлаймыз. Дүние жүзі бойынша жыл сайын бір ғана шылымқорлықтан келген дерттен 3-5 миллион адам о дүниелік болып жатыр десек, солардың тең жартысы қыз-келіншектердің үлесінде екен.

Халық көп жиналатын демалыс саябақтарында, көлік аялдамаларында, басқа да қоғамдық орындарда  көк түтінді будақтатып тұрған қаракөз апа-сіңлілерімізді көру бүгінгі күннің ажырамас көрінісіне айналып барады.  Өте өкінішті. Бұл олардың өмірге сәби әкеліп, оны өсіріп, тәрбиелеп, жеткізетін, ұрпағының ғасырдан-ғасырға ізін қалдыратын ана екендігін ұмытқандығы ма? Осы мәселеге деген алаңдаушылықтың астарында келешек өмірге келетін ұрпақтың болашағы жарқын болса екен деген уайымның болуы — бұл бүгінгі күннің өмір көрсеткен ақиқаты. Олай болса, ана болу, өмірге ұрпақ әкелу, ана деген ұлы атқа лайық болу қазақтың әр қызының ұлт алдындағы асыл борышы, осыны естен шығармайық.