Көңіл күнделігі

Көңіл күнделігі
жеке
блог

Ақылды жан жәй-жәй келеді,

Жан-жағын байқай келеді.

Ақылсыз жан айқайлай келеді -

Жан-жағын жайпай келеді. Апамның айтқанынан.

 

Бүгін ғылыми жетекшіммен «Тақырыптағы» кейбір мәселелер жөнінде ақылдастық. Сұхбаттасып, біраз отырдық. Қайтарда жол-жөнекей жетекшімнің бұрынырақта айтқан мына бір сөздері ойыма орала бергені: «-Менің алдыма талай жандар келді. Қызметін, ғылыми дәрежесін бұлдағанда, мен білемін деп тепсінгенде көкіректері аяққаптай болып, мына аудиторияға, кабинетке сыймай кететін. Біз оның табанының астында тапталып қалатындайтынбыз. Жассың, келешегің алда! Мұндай жағдай сенің де алдыңнан әлденеше рет шығады. Оларды орнына қоюдың, сабасына, тәубесіне түсірудің жалғыз-ақ емі бар: білем деген нәрсесін қолына ұстат; сұраса қызмет, билік бер, таласпа! Болды. Ол, енді қайтып сенімен ой да, бой да таластырмайды, бақталастықтан құтыласың. Бұл, адам танудың ең төте жолдарының бірі», дейтін. Сосын Абайша толғай бастадым: «Осы біздің қазақ шынында неге қызметке, билікке құмар, даңғой, менмен келеді екен?», деп. Кешегі әңгіме желісінен туындайтын «Басшы, ол кім?» деген сауал да әркімді тоғандырса керек. Егер, осы сауал төңірегінде ой өрбітіп, сұрақ қойылатын болса баршамыз қандай да бір топ жетекшісін меңзейтініміз тағы аян. Шынында солай ма? Меніңше, басшы – ол сенің Өзің, өз Менің. Қазақта сөз бар: «Адам болатын жігіт әуелі өз нәпсін, онан соң ауылын, онан соң аймағын билейді», деген. Расында өз нәпсің, өз бойыңды билей алмасаң еліңді қайтіп билемексің? Қайтіп елге нұсқа, тұлға болмақсың? Абайдың, «Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек?» дегенін ескерсек ел билеу оңай емес екенін аңғарамыз. Қазіргі қоғамдағы түрлі келеңсіз жәйттердің етек алып кетуі олардың түп негізін, мәнін елеп-ескермеу, танып білмеуімізден туындаған мәселелер жиынтығы екенін баса айтқан жөн. «Терең ойдың телміріп соңына ермей» соқыр сана, әрекетпен ел ішін алатайдай дүрліктіріп жүргендер өзін құдай, пайғамбар жариялаудан әсте аянар емес. Біздің билік тізгінін қолға алған мезет аяғымызды көп шалдырып, жиі қателікке бой алдыруымыздың да себебі осы. Бір нәрсе анық: егер, Сіз тіршілік еткен әлемде өзіңізге қандай да бір балама табылса онда Сіз жалғыз емессіз. Ал, сыңар, қосақ табылса Сіз бүтін емессіз. «Алла жалғыз, Алла бір!», дейміз. Демек, жалғыздық, бүтіндік тек Аллаға ғана жарасқан. Онда, Сіз құдай емессіз! Егер, пенде болсаңыз көпшіліктен бөлек те емессіз. Көптің тілі ортақ, тілегі ортақ, жүрегі ортақ! Көптің тілегі – ынтымақ, бірлік, бейбітшілік. Осы жолда халық өздерін адастырмай артынан ерте білетін, тура жол, тура бағыт, жөн сілтейтін көреген басшы, абыз көсемдерге үлкен үміт артады. Сіз, бұған лайықсыз ба Жас Дос? Егер, лайық деп тапсаңыз ел тізгінін ұстаңыз, Сіз ЛИДЕРСІЗ!

Басшының да басшысы бар. Шын мәнісіндегі көшбасшылыққа қол жеткізу – кәсіби алған біліміңізді халқыңыздың рухани мол қазынасымен байыта отырғанда ғана мүмкін екенін ескергеніңіз, жадыңыздан бір сәт те шығармағаныңыз абзал болар еді.

 

Күннің нүктесі:

«Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек.

Заманға жаман күйлемек

Замана оны илемек», Абай.