Шығармашылық пен мінез

Аяңдап келеміз. Күн-ару жер-әлемге шұғыласын аямай төгіп тұр. Жоқ… Бұл шуақ бүгін тек жалғыз аяқ сүрлеумен келе жатқан екеумізге ғана нұрын сеуіп, тек екеумізге ғана қызмет ететіндей…

Мен мынау жалпақ әлемді, дүбірлі дүниені ұмытқам… Қасымда –ақын. Мен сонша армандап, өлеңдерінің әр тармағын жаттап, жүрегімнің төріне қонақтатқан ақын… Мен сырттай құлай сүйген адам.

Бірақ, алғашқы һәм соңғы кездесуіміз екенін танысқан сәттен көп уақыт өтпей- ақ сезе бастадым.

-Бұл күнде меннен өткен ақын жоқ! Қалғандары –далбаса…-деді Ол.

-Түу, тәйірі, бұны да өлең деп…-деді тағы газеттің бадырайып бір бетіне басылған шумақтарды шолып шыққан соң.

Өлең расымен, айналасы теп-тегіс жұмыр келген төрт аяғы тең туынды емес-етін. Бірақ біреудің жүрегін жарып шыққан жан сыры, шынайы үні болатын…

 Бұрқыратып темекі тарта бастады. Әрбірден соң әр қимылы сондай жасанды боп көріне берді. Шашын жылмитып тарап қойғанына дейін әлдекімге ұқсайтындай. «Бұл…Әлгі..Еліктей ме, қалай өзі?!»

Уақыт шіркін сынаптай сырғып, межелі жерге де жеттік.

-Өлеңдеріңіз сондай кіршіксіз!..Сондай таза…Ал, өзіңіз болсаңыз…

Әрине, бұл сөздерді ішімнен айтып қала бердім… Бір өзі көк тіреп тұрғандай кербездене басып, анадай жерде кетіп барады.

 Содан бері он ойланып, тоқсан толғанып бір сұрақтың шешімін таба алар емеспін. Сонда, шығармашылық дегеніңіз- екіжүзділік пе, әлде, адам жаратылысынан тыс дүние ме? Қалайша адам баласы жазған туындысында сондай пәк, ал болмысы мүлде бөлек бола алады? Пендешілік деген осы ма?

П.С: Оның өлеңдер жинағын қайта қолыма алдым. Бір мезетте оған деген ыстық ынтызарлығым ізім-ғайым болыпты. Сол кездесуді санамнан сызып тастап, Оның бейнесін тек қана Өлеңдері арқылы мейлінше көркем болмысты жан етіп қайта құрастырғым келді…

П.С.С жазба бұрыыыын жазылып, жеке блогымда жарияланған )



Бөлісу: