Жарнама
Арнайы жобалар

БЕНЗЕМА "АЛТЫН ДОП" АЛДЫ

БЕНЗЕМА "АЛТЫН  ДОП" АЛДЫ
жеке
блог

35 жастағы "Реал Мадридтің" франциялық футболшысы Кәрім Бензема 2022 жылғы "Алтын доп" иегені атанды.

Үш-төрт жыл бұрын реалфандардың Бенземаны атарға оғы жоқ еді. Жыл сайынғы ауысымдар кезінде оның клубтан кетуін талап етумен болды. Бірақ кетпеді. "Әлемдегі ең танымал ағашқа" айналған футболшының шынында да сол кезде қанжығасы майланбай жүрді.

Бір журналист Зиданнан сұхбат алып жатып, сөз арасында жанкүйерлердің осынау жеккөрініші жайлы да тілге тиек етеді. Сонда Зидан:

— Бензема клубқа өте пайдалы футболшы. Голды көп соға алмай жүр демесеңіз, оның еңбегі орасан, ол ешқашан жеке доп таласта жеңілген емес. Одан қалса, қарсыластан доп тартып алудың шебері. Кез келген сәтте қарсыласынан допты тартып алады да, жаңа шабуылды бастай салады. "Реалдың" табыстарына ол жігіттің қосқан үлесі өте зор, егер Бензема болмағанда, қаншама нәтижелі шабуылдарымыз өрістемеген болар еді, — деген екен.

Осы сұхбаттан соң екі аптадан кейін Бензема "Баварияның" қақпасына гол соқты. Гол соққанда, қақпашы Ульрайх мұның алдына бес жасар балаша абдырап, өз-өзіне есеп бере алмай қалды. Тағы біраз уақыттан соң Лорис Кариусты қарадай састырып, финалда "Ливерпуль" қақпасының торын бүлк еткізді. Биыл "Челси" мен "Пари Сен-Жерменнің" қақпашысына жасағаны анау. Қазір Бенземаны көрсе қақпашылардың зәресі ұшып, білгенінен жаңылысатын болды.

"Екінші тыныс" деген осы шығар.

2021/22 жылғы маусымды Бензема тамаша өткізді, оның статистикасын сайт біткен жарыса жазып жатқанда мен қайталамай-ақ қояйын. 2022 жылы 17 қазанда ғұмырындағы тұңғыш (бәлкім соңғы да шығар) "Алтын допты" жеңіп алды. Биыл одан басқа еш футболшы лайық емес еді бұл марапатқа. 35 жастағы бұл ойыншының жетістігі мен нәтижесіне таң қалудан басқа амал жоқ еді.

Клубтық деңгейде жүлде атаулының бәрін ұтқан Бензема енді әлем чемпионы атануға әрекет жасамақ.

2016 жылдан бері "Алтын допты" тек 30-дан асқан футболшылар алып келе жатыр. Жастар, қайдасыңдар??