Каспийді Аралдың тағдыры күтіп тұр ма?
жеке
блог

Каспийді Аралдың тағдыры күтіп тұр ма?

Ғалымдардың зерттеуі бойынша 100 жыл ішінде Каспий теңізінің деңгейі 2 метрге төмендеген. 2005 жылдан бері теңіздің су деңгейі 10 смге түскен. Егер осы үрдіс 25-30 жыл жалғаса беретін болса, онда Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігі Арал теңізінің тағдырын қайталауы әбден мүмкін. Ал 2009 жылы Каспийдің оңтүстік бөлігі тартылып қалған еді.

Каспий теңізі – Еуразия құрлығында орналасқан әлемдегі ең үлкен жабық су қоймасы. Оның ұзындығы 5970 км, оның ішінде 2320 км Қазақстанға тиесілі.

Теңіздің су жинау ауданы 3,1 млн шаршы шақырымды құраса, ал оның 29,4 % ағынсыз ауданнан тұрады. Каспий теңізі 130 үлкен және кіші өзендерден бастау алады. Каспийге құйылатын су жолдарының ең үлкені Жайық өзені. Оның ауданы 237 мың шаршы шақырым. Соңғы жылдары Жайық өзенінен Каспийге судың аз келуіне байланысты теңіздегі су деңгейі тез түсуде. Бұның салдарын теңіздің экожүйесі ғана емес, сол маңда күн көріп жатқан халық көруде. Каспийдің тартылуы осы Жайықтан бастау алады...

Не себепті теңіз тартылуда

21 ғасырдың соңына дейін әлем бойынша ішкі өзен мен көлдерде судың деңгейі түсіп, көптеген құрлықта құрғақшылық орнап, климаттың жаппай өзгеруіне алып келеді. Бұған нақты мысалдың бірі Каспий теңізі.

Осыдан 20 жыл бұрын климаттың өзгеруі ертегі болып көрінсе, ал бүгінгі күні ол нақты шындыққа айналды. Жер температурасының көтерілуі құрлықтағы өзендердің тез кебуіне әсер етуде. Каспий теңізі жабық су қойма болғандықтан, оның тағдыры жаһандық жылынуға қатты байланысты болмақ. Өкінішке қарай, бұл мәселе, яғни ішкі өзен мен көлдердегі құрғақшылық әлемнің климаттық өзгеруге қарсы жұмысының барысынан тыс қалуда.

Ғылыми ұйымдардың болжамы бойынша Каспий теңізінің деңгейі 21 ғасырдың соңына қарай 9-18 метрге дейін түсіп кетуі мүмкін. Бұның салдарынан теңіздегі су солтүстік Каспий шельфінен (Қазақстан жағы), оңтүстік-шығыс жақтағы түркімен шельфінен және оңтүстік пен орталық Каспийдің теңіз жағалауынан кетіп қалады. Бұдан бөлек, теңіздің шығыс бөлігіндегі Қара-Боғаз-Ғол шығанағы кеуіп кетуі ықтимал. Теңіз деңгейі 9 м түссе, онда Каспий теңізінің ауданы 23 %-ға, ал 18 метрге түссе 34 %-ға кішірейеді. Бұл дегеніміз Қазақстанға тиесілі теңіз бөлігі толықтай шөлді аймаққа айналады деген сөз. Бүгінгі Арал теңізінің кеуіп қалған табаны секілді болмақ. Атырау, Маңғыстау облысының экологиясына, экономикасына үлкен зардабын тигізетіні сөзсіз. Теңізде бар 150-ден аса ихтиофауна мен экожүйе үлкен шығынға ұшырайды. Каспий теңізінде мекен ететін жалғыз эндемик, теңіз сүтқоректісі - каспий итбалығының популяциясының жойылуына алып келеді. Өткен ғасырда итбалықтардың саны миллионға жуық болса, ал қазір жүз мыңнан асады. Теңіздің тартылуы салдарынан бұл түр жылдан жылға жойылуда.

Қысқы мезгілде Каспийдің солтүстік бөлігіндегі теңіз бетінде мұз қатады. Тек осы аймақта ғана итбалықтар мұз үстінде төлдеп, жақын маңдағы аралдарда мекен етеді. Ал соңғы үш жыл ішінде бұл бөліктегі мұздың қалыңдығы 10 см-ге де жетпеді. Тек итбалықтан басқа, теңіз акваторияториясында құнды балықтар, құстар, жабайы жануарлар бар. Олардың құрып кету қаупі жоғары.

Теңіздің тартылуы миллиондаған жыл бойы қалыптасқан су жүйесінің бөлшектеніп, оның экологиялық тұрақты балансының күрт өзгеруіне алып келеді.

Бірікккен Ұлттар Ұйымының климат жөніндегі баяндамасында, егер Жердің температурасы 2С өссе, әлемдегі жаһандық жылынуды тоқтату мүмкін болмайды делінген. Бұл дегеніміз Антарктидадағы мұздықтар еріп, материктерді су басса, ал жер шарының басқа бөлігінде үлкен құрғақшылық орын алады. Сол себепті көптеген мемлекеттер саясаттарын қайта қарап, көміртекті бейтараптылыққа өту жолдарын қарастыруда.

Атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының үлесін азайту арқылы ғана біз тұрақты температураны ұстап тұра аламыз. Ол үшін өндірістерде көмір жағудан бас тартып, басқа балама энергия көздеріне көшуге тұра келеді. Бірақта, бұл бағытта әлі ешбір мемлекет толыққанды жұмыс атқарып жатқаны жоқ.

2100 жылға қарай жер БҰҰ-ның айтуынша, жер шарында халықтың саны 11 млрд-қа жетеді. Осы ұйымның мәліметіне сәйкес, 2021 жылдың өзінде әлем бойынша аштыққа ұшыраған адамдардың саны 828 млн-ға жеткен. Демек, өндірістің саны арта түсіп, азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы арта түседі. Бұның барлығы суға тәуелді болмақ. Ал су тапшылғы адамзатты аштықта алып келеді.

Биыл әлем бойынша құрғақшылық болуда. Еуропада соңғы 500 жылда болмаған су тапшылығы орнады. Америка елдерінде ондаған штатта қуаншылық болып, ауыл шаруашылық құрдымға кетуде.

2022 жылдың 7 қыркүйегінде БҰҰ Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйымы климаттың өзгеруі бойынша жылдық қорытынды баяндамасын шығарды. Ол құжатта былтыр жер температурасының өзгеруіне әлемде орын алған орман өрттерінің үлесі айтылған. Австралия, Ресей, Америка, Амазонияда өртке оранған орман өрттерінің қызуы құрлықтардағы өзен-көлдердің тез кебуіне зардабын тигізіпті.

Каспий теңізіндегі судың тартылуы да осы климаттық өзгерістерге байланысты. Былтыр елімізде 700-ден аса орман өрттері тіркелді. Биыл Қостанай облысында 40 мың га аса ауданда болған өрттер елдегі өзен-көлдердің буланып кетуіне септігін тигізуде. Каспийге жақын Атырау облысы Ақжайық резерватында жыл сайын үлкен ауданда дала өрт тіркеліп жатқаны тағы бар.

Экономикаға зардабы

Каспий маңы мемлекеттері үшін теңіздің экономикалық рөлі зор. Жыл сайынғы Каспий теңізінің экономикалық айналымы трлн доллардан асады. Бес мемлекет арасындағы логистика, тауар айналымы мен көмірсутек тасымалы осы Каспий теңізі арқылы жүзеге асуда.

Теңіздің Қазақстандағы бөлігіндегі Қашаған мұнай және газ кен орны жылына бюджет табыс алып келуде. Ал Әзербайджан мемлекеттік мұнай қоры осы теңізде орналасқан кен орындарынан жылына 3,3 млрд доллар пайда көруде.

Бұдан бөлек, теңіз маңынан ауланатын тауарлы балық шаруашылығының үлесі 12 мың тоннаға жетіп, еліміздің экспортқа шығаратын балық өнімдерінің санын арттыруда. Жалпы алғанда, Қазақстан жылына 60 млн доллар сомаға балық өнімдерін экспорттайды. Соның басым бөлігі Каспий теңізінен балық аулайтын балық шаруашылықтарға тиесілі. Ал Ресей Каспийден жылына 300 мың тонна балық аулайды. Бұл көлем олардың ішкі су айдындарындағы балық аулаудың 30% қрайды. Жалпы Каспий теңізінің биологиялық ресурсы нарықта 6 млрд долларға бағаланады. Тағы да қоса кететін ақпараттың бірі, әлемде ауланатын құнды бекіре тұқымдас балықтардың 90% осы Каспий теңізінен ауланады.

Транскаспий бағыты бойынша мемлекеттер арасында жүк тасымалы артуда. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы 3,2 млн тоннаға дейін тауар тасымалдау көзделген.

Соңғы жылдары теңіз деңгейінің түсу салдарынан Әзербайжан мен Қазақстанның мұнай компаниялары теңіз жолдары арқылы тасымалдаудан қиыншылық көруде. Каспийдің солтүстік акваториясындағы Қашаған кен орнынан мұнайды тасымалдау үшін Норт Каспиан Оперейтинг Компаниясы (НКОК) теңіздің таязданғанына орай теңіздің түбін тереңдету жұмыстарын жүргізуде. Дәл осындай жағдайға әзербайжандық SOCAR тап болды.

Демек, Каспийдің тартылуы тек экологияға ғана емес, осы теңізбен шектескен барлық мемлекеттерге үлкен экономикалық шығын алып келетіні анық. Теңіз ортақ болғандықтан, бес мемлекет барынша тиімді шешім қабылдауы қажет.

Мақала авторы: Сәкен Ділдахмет
Сурет: Ернар Алмабек