Шоқан Уәлихановтың философиясы

Шоқан  Уәлихановтың философиясы
жеке
блог

“Біздің халқымыз бай әрі поэтикалық тұрғыдан мазмұнды әдебиетке ие.”          

                                                                                               Шоқан Уәлиханов.

Шоқан Уәлихановтың аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан қысқа, бірақ шығармашылық мұрасы мол өміріндегі аяқталған немесе аяқталмай қалған көптеген еңбектері арасынан таза философияға арналған қандай да бір дүниені табу қиын. Қазақтың атақты ғалымы әрі зерттеушісі философия тақырыбына арнайы тоқталмаған сияқты. Дегенмен, Шоқан әртүрлі халықтардың тарихы мен дінін зерттеп этнографиялық және әдеби материалдарды сараптағанда философия мен дүниетаным тақырыптарын айналып өтпеген. Оның шығармаларындағы, әсіресе, қалың оқырманға беймәлім қолжазбалар мен күнделігіндегі түсініктеме мен тұжырымдамалардан Шоқан философиясы, оның дүниетанымы мен көзқарасы, құндылыққа жетелейтін бағдар-бағыты жайында әжептеуір мағлұмат алуға болады.

Осы тұрғыдан алғанда, Шоқан Уәлихановтың көшпенді қауымның діни наным- сенімі, салт-дәстүрі және мифологиясына арналған еңбектері айрықша мәнге ие. Бұлардың қатарында «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Қырдағы мұсылмандық туралы», әсіресе, күнделік – жазбалар сияқты құнды еңбектер бар. Шоқан күнделік-жазбаларында өзінің саяхатын жазғандай суреттеп жатпайды. Ол мұнда өзі кездестірген тайпалардың мәдениеті мен тұрмысы, діни сенім-нанымы және дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуы, әртүрлі халықтар арасындағы өркениет айырмашылығы жөнінде ой толғайды.

Шоқан Уәлиханов философиясындағы діннің орны

Шоқан Уәлихановтың философиялық көзқарасы айқындалатын еңбектерді сараптай келе, оның діндар болмағанын байқау қиын емес. Шоқан өз зерттеулерінде материалистік пайымды ұстанды. Мұндай көзқарас сонау Омбы кадет корпусында оқып жүргенде жақын араласқан сол кезеңдегі алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдерінің ықпалымен қалыптасқаны мәлім. Костылецкий, Ждан-Пушкин, Гонсевский сияқты Шоқанның ұстаздары оқыған ортада шапшаң тарап жатқан озық ойлы көзқарасты ұстанды. Соның ықпалымен Шоқанның дүниетанымы өмір мен тіршілік туралы ырымшыл және мистикалық түсініктерден арылды.

Бұл кейінірек оның шамандық туралы еңбегінде көрініс тапты. Шоқанның «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты мақаласы шын мәнінде этнографиялық талдау емес. Зерттеу көшпенділердің өмірі мен тұрмысындағы мистикалық түсініктерді материалистік тұрғыдан түсіндіруге арналған. Ол «Шамандық бір жағынан, табиғатты жалпылай немесе жекелей қадір тұту. Адам табиғаттың әсерімен өмір сүреді, әрекет етеді. Осы жағынан алғанда шамандық ұшқары материализм ретінде көрінеді» деп жазды. Осы тұжырымдамадан нағыз философия, нақтырақ айтсақ, Шоқанның пәлсапалық тұжырым жасауға қарым- қабілеті бар екені байқалады.

Философиялық тұрғыдан қарағанда  Шоқанның исламға деген көзқарасы да маңызды. Дайындықсыз оқырманға Шоқан мұсылмандық ілімге, материалистің кез келген дінге қалай қарайтыны сияқты, тіпті, жеккөргенін жасыра алмайтындай боп көрінуі де мүмкін. Шынтуайтқа келсек, Шоқан патша жандайшаптары тарапынан қазақ даласына көптеп әкелінген татар молдаларын жақтырмады. Шоқан осы молдалардың қазақтардың бойына сіңірген исламдық үлгіні өз халқына жат деп есептеді. Ол өзінің өкпе-ренішін білдіргенімен, аталған мәселеге философиялық тұрғыдан қарады. Шоқан «Жалпы қазақ халқын еуропалық өркениетке жетер жолда, орыстардың византиялық кезеңді бастан кешіргені секілді, татар дәуірін бастан өткеретін қайғылы болашақ күтіп тұр» деп жазды. Ол тарихтағы тәжірибені алға тарта отырып, өркениет жолымен дамыған жағдайда қоғам өмірінде қалайда діннің рөлін күшейтуге тура келетініне тоқталды.

Шоқан Уәлихановтың философиялық көзқарасы қазақ халқының өркениет жолымен даму құқығын қорғау жолында айқын байқалады. Бұл, әсіресе, оның «Сот реформасы туралы жазба» атты еңбегінде көрініс тапты.

«Біздің халқымыз бай әрі поэтикалық тұрғыдан мазмұнды әдебиетке ие. Ол (әдебиет) шығыс шығармаларына емес, үндігерман эпостарына жақынырақ. Сондай-ақ, ең маңыздысы, біздің қоғамдық дамудың формалары жоғары, мәдениетті өркендеудің нәтижелеріне балама болып табылса да, сол табиғи қалпында жатыр. Біздің болашаққа деген үмітіміз осы дерекке арқа сүйейді» -деген Шоқан орыс билігін қазақ даласында реформаны байыппен жүргізуге шақырды.

Шоқан «Оңтүстік Сібір тайпаларының тарихы бойынша жазба» атты еңбегінде былай дейді. «Еуропада әлі күнге дейін көшпелі тайпаларды жауыз шапқыншылар және жүгенсіз жабайылар деп ұғатын жалған түсінік бар. Көшпелі моңғол мен қырғыз (қазақ) туралы түсінік дөрекі әрі малға тектес варвармен тығыз байланысты. Ал осы варварлардың басым бөлігінің жазбаша не ауыз әдебиеті, дастандары бар».

Авторы: Ибаш Дилшод, әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіні, физика-техникалық факультетінің магистранты.

әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты  Жанатаев Данат жетекшілігімен.