Қорқыт ата философиясы

Қорқыт ата философиясы
жеке
блог

Автор: Қажиев Жамбыл Шиналиұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің физика-техникалық факультетінің магистранты.

Жетекші: Жанатаев Данат Жанатаевич, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің философия кафедрасының доценті,философия ғылымдарының кандидаты.

Түркі философиясы ерекшеліктерінің бірі бастапқыда дұрыс өмір сүру өнері және данагөйліктің жинытығы ретінда пайда болуында. Мұны сол кезден бері сақталған материалдық және рухани ескерткіштер растай алады.
Осындай түрік этикалық ойының негізін салған данагөй, ұлы ойшыл және жырау Қорқыт ата болып табылады. Сырдария өзенінің жағасын мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының тарихында Қорқыт атаның алатын орны ерекше. Ол туралы аңыздар оғыз-қыпшақтың тікелей ұрпағы қазақтар мен түркмендердің арасында көптеп тараған. Айта кететін нәрсе – әрбір түрік елі Қорқыт атаны өзіндік еткісі келеді, бірақ оның қалдырған мұрасы – жалпы түрік елдерінің ортақ қазынасы.
XIX ғасырдың ортасында Қорқыт туралы қазақ аңыздары Ресейде және Еуропада  Ш. Уалиханов, В. Радлов, В. Вельямин-Зернов және т.б. арқасында  таныла бастады. Кеңес одағы уақытысында Қорқыт атаға А. Затаевич, М. Әуезов, А. Жұбанов және Ә. Марғұлан еңбектер арнаған.
Қазақ аңыздары бойынша Қорқыт атаның өмірі әлемді басқаратын күштермен күресте өтті. Түркі данагерінің философиясына сәйкес, өлім – басты зұлымдық және оған қарсы күрес, адамның өлместігі үшін күрес – ойшылдың басты мақсаты.

Аңыздар бойынша Қорқыт өлімге бойұсынбай, ажалдан құтылмақшы болып, қашып дүние жүзін кезеді. Қайсы жерге барса да, алдынан қазылып жатқан көр шыға береді. Ақыры өлімнен құтылмасын білген Қорқыт ата Сырдарияның ағын суының үстіне кілем жайып жіберіп, қарындасын қасына алып, сол кілемнің үстінде отырып елмен, жерімен, қарындасымен және өзінің өмірімен қоштасқан зарлы күйлерін тартады. Өзен бойында отырған елдердің қобыздың зарлы дауысын естігендері шыдап тұра алмай, өзеннің екі жағалауына топыла жиналып, емірене тыңдасады.

Өзен жағалауынан сыртқары түстік жерде отырған көшпелі елдердің де кешқұрым қобыз даусын естіген қырық қыздары жақын жерде шығар деп қызыққаннан жүгіре-жүгіре жете алмай, отыз тоғыз қыздың өкпелері өшіп, жолда өледі. Олардың ішінен жүгіре алмай жайымен жүрген бір ақсақ қыз ғана Сырдың жағасына жетіп, Қорқытты көріп өледі. Сол ақсақ қыздың моласы — Қорқыт атаның қойылған жерінің тура сол төстігінде арасы бір шақырымдағы жердегі шыңның басына орнатылған мұнара. Осы кезде де жұрттың бәрі оны «Ақсақ қыздың белгісі» деп атайды.

Қорқыт атаның үстінде отырып қобыз тартқан кілемін Сырдың ағысы иінге соқтырып тоқтатқан жерінде қазулы көр алдында дайын екен. Әзірейіл жан алғыш та жетіп келеді. Сол сәтте Қорқыт тылсыммен өзін көбейтіп, қырық Қорқыт етіп көрсетеді. Олардың қайсысы Қорқыт екенін айыра алмай сасқан «жан алғышқа» сол кезде Құдірет парман етеді: «Қырқының қайсысы бұрын кірпігін қақса, соның жанын ал! — дейді. Жаны бар Қорқыт кірпігін қаққан кезде жаны алыныпты. Сол жердегі дайын көріне Қорқыт ата қойылады. Осылай деп білетін жұрттың көпшілігі осы кезге шейін Қорқыт атаның сол орнын қадірлеп, құрмет тұтады.

Алайда Қорқыт физикалық түрде өлім құшса да. Оның жасап кеткен қобыз музыкалық аспабының арқасында оның аты өлмеді. Қобыз Қорқыттың өлместігінің символына айналды. Қорқыт ата философ, көріпкел, музыкант және дана адам ретінде – қазақ ойлау дәстүріндегі ғасырларды байланыстыратын алтын жіп, қазақ философиясының көрнекті өкілдері үшін мәңгілік шабыт көзі. Осы үдерістің арқасында аты аңызға айналған түркі ойшылы біздің өмірімізді түсіндіре бастайды, диалогтың тірі қатысушысы ретінде, конфессионер, кейде заманауи шындықты өзінің ащы шындығымен алғаш рет кездестіретін терең психотерапевт ретінде әрекет етеді.