Жамбыл Жабаев - жүз жасаған бәйтерек

Жамбыл Жабаев - жүз жасаған бәйтерек
жеке
блог

  Жамбыл Жабаев- жүз жыл өмірінің сексен бесін өлең-жырмен өткізген қазақ халқының ұлы ақыны, өлең сөздің дүлдүлі, қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы. Ұлт мақтанышы Жамбыл тауынының маңында, қазіргі Отар станциясының солтүстік-шығысында, Шу өзенінің жоғарғы жағында дүниеге келген. Сөйтіп, баланы таудың құрметіне орай Жамбыл деп атапты.

"Қақаған қар аралас соғып боран,

Ел үрей - көк найзалы жау торыған.

Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,

Жамбыл деп қойылыпты атым содан",– дейді Жамбыл ақын.

  Жамбылдың бойындағы ерекше дарыны, тым өзгеше таланты қыстың күні ерте бүршік атқан бәйшешектей  жас кезінен ақ таныла бастаған екен. Ал жас ақынның бойындағы талантын әрі қарай ашқан, бала ақынға көптеген ақыл беріп, сөз өнерін сүйе білуге баулыған  айтыс өнерінің майталманы - Сүйінбай Аронұлы болды. Яғни, Жамбыл жасынан өлең жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, «менің пірім –Сүйінбай», -деп Жамбылдың өзі жырға қосқандай, Сүйінбай Аронұлы ақынның талантын көріп, «Балам,өз өлеңінді шығар, бірақ оны жұрт жаттап алатын, ешкім ұмытпайтын өлең болсын, сенің өлеңін жеке адамдардың көңілін көтеріп, солардың сүйініп отыратын өлеңі болмасын, бүкіл халықтың сүйіп тыңдайтын өлеңі болсын. Көмекейің емес, жүрегің сөйлейтін болсын. Шындықты айт, әділдікті жырла, көне тозығы жеткен жолға түспе, жаңа жол, тың жолға, даңғыл жолға түс, төңірегіңде не болып жатыр, соны аңғар, соны біл», - депті. Жамбыл бабамыз қолынан қаламы түскенше осы өсиетті өлеңдеріне серік қылды. Бұған дәлел Жамбыл атамыздың шындық пен әділдікті басты жалау еткен, халықтың мұңын мұңдап, жоғын түгендеп, сөзін сөйлеген өлең-жырлары.

Жыраудың өз замандастарынан ерекше бір қасиеті шындықты бетің бар, жүзің бар демей, әрқашан тура айтқан. Ақын  өтірікті, жағымпаздықты өлердей жек көрді, адамгершілік ар-намысты бәрінен жоғары қойды. Ақындық өнерді сән үшін емес, қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау үшін пайдалану қажет екенін түсінеді. Ақынның көп жырлаған тақырыбы – жарлы мен жалшының, кедей-кепшіктің азапты өмірі, аянышты күйі. Ақын «Жылқышыға» өлеңінде:

                           Сары түнде сарылып кірпік ілмей,

                           Салқын күзде бір жылы үйді білмей.

                           Сахарада салақтап күндіз-түні,

                          Бұралқы ит пен малшының сиқы бірдей, –

десе, «Сараң бай мен жомарт кедей» өлеңінде:

                          Малы көп бай ертемен жейді қаймақ,

                          Қой шығарып, кедей жүр қозыны айдап

                          Ең болмаса айранға тойғызса деп,

                         Жатса-тұрса тілейді «А, Құдайлап»,-

деп, бай мен кедейдің арақатынасын шыншылдықпен суреттеген.

  Жүрегі жүз жыл жырлап өткен ақынның өмір бойғы мұрасын жинап, жазып алып, кейінгі ұрпаққа жеткізе алғанда не болар еді? Ал, заты қазақ жырауларының байтақ мұрасы хатқа түсіп, сақталғанда ше? Неше том болар еді? Кітапханаларға сияр ма еді, симас па еді? Осындайда Әбділда Тәжібаевтың: «Қазақ жыраулары миллиондаған жыр шумақтарын жатқа білген. Эпосты жырлаудың алдында сан түрлі тақырыптарды шолып, толғысқа түскен. Содан соң барып эпостың өзіне көшкен. Қазақ жырауларының желісінің өзі бірнеше күнге созылған»,-деген сөзі еске түседі.Бабамыздың артынан қалған дүниелер мен мұралар біз үшін,болашақ үшін,сол болашақтың жалынды жастары үшін өмірлік азық, баға жетпес қазына, гауһардай құнды дүние болмақ.

  Жамбыл бабамыз қолына қалам мен қаруды қатар ұстаған, ақындық пен батылдықты бойына сіңірген  нағыз патриот жан болды. Бұған ешкімнің таласы жоқ екені белгілі. Себебі тарих беттерін ақтарсақ, 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліске Жамбыл Жабаевтың белсене араласқаны белгілі. Бұл кезде жасы жетпіске жеткен кәрі тарлан қартайдым деп от басында отырып қалмады. Патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрді. Өзінің отты үндеу жырларын толғады. Ер-азаматтар қара жұмысқа айдалады, жергілікті бай-болыс, старшиналар Верный губерниясының әкімдерімен бірігіп алып, Үлкенсаз, Үшқоңыр, Қүмбел, Қарақия, Майтөбе, Қарабастау, Құлансаз жайлауларындағы мал баққан шаруаларға отрядтарын аттандырады. Ал патша жарлығына қарсы шығып, көтеріліске қатыскандарды аяусыз жазалайды. Бұл оқиғаларды көрген, солардың ортасында жүрген ақын бейтарап қала алмады, ел қасіретін қабырғасы қайыса сезінеді.Міне, сол үшін қолына қалам алып, отты жалынды жырларымен ел намысын жырлайды, ал қолына қару алып, ел мүддесін қорғайды.

  Жамбыл Жабаевтың есімі тек қазақ жеріне ғана емес, төрткіл дүниеге мәшҺүр болған. Бұған дәлел ретінде Токиодағы жетпіс жылдық тарихы бар «Жапония және Еуразия» газетінің жаңа санына жапонтанушы Шарафат Жылқыбаеваның «Жамбыл Жабаев — қазақтың эпик ақыны» деген мақаласы жарияланғанын алсақ болады. Мақалада қазақтың атын әлемге мәшһүр қылған жырау шығармашылығының сан қилы аспектілері сөз болған. Жамбылдың ақындық өмір деректерімен өрілген материалда айтыс өнерінің ерекшеліктері де жапон оқырмандарына таныстырылған. Мақалада, сондай-ақ, жыраудың туған жері Жамбыл, Жетісу өңірі ақындық өнердің ерекше дамыған өлкесі екендігі айтылған. Мақала авторы Жамбыл алғаш рет он үш жасында ұлы жырау Сүйінбай Аронұлынан бата алған соң ақындық жолда биік белестерді бағындырып, айтыстарда жеңіске жеткендігін жазады. Жыраудың мыңдаған жолдық жыр дастандарды мүдірместен жатқа айтқан ерекше есте сақтау қабілетіне тоқталып, Жамбыл туралы құнды деректерді де келтірген. Жапон оқырмандары мақала арқылы Жамбылға шетел жазушыларының ерекше құрметпен қарағандығын тани отырып, ақын өмірінен қызықты деректерге қаныға алады. Демек, ұлы ақынның есімі тек қазақ тарихында ғана емес, сондай-ақ, тілі басқа, бірақ жүрегі бір елдің тарихында алтын әріппен қаланған.

 Жамбыл жырларының халықтар жүрегінен өшпес, өлмес орын алуы -оның ұлылығының белгісі. Сондықтан да армян ақыны А. Геворк:

Сенің жырың — миллионның, өз жыры,

Сенің тілің — миллионның өз тілі,

Сенің жырың жатталады

Бүкіл совет елінде.

Мəңгі-мəңгі сақталады

Бақытты Отан төрінде», —

деп жазды.

  «Жамбыл жүз жасаған адам, соның 85 жылы ақындықпен өтті. Ол əлеуметтік жəне жеке өміріндегі сөзінің көбін өлеңмен сөйлеген кісі», — деп толғанған екен кезінде даңқты жазушы Сəбит Мұқанов. Мəліметтер Жамбыл бабамыздың кейінгі ұрпақ үшін тек танымдық дүние, аңсап, сусап оқитын, тəлімдік, тəрбиелік мəні зор өнегесі, біздерге қалдырған өлшеусіз ғибраты. Ұрпақтары барда ұлы ақын жыры ғасырдан ғасырға жасай береді. «Ғалымның хаты өлмейді, Жақсының аты өлмейді» - деген қанатты қағида дәл Жамбыл бабамызға арнап жазылғандай.