ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫ ЕРЛЕГЕН КҮН
жеке
блог

ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫ ЕРЛЕГЕН КҮН

Кешегі тәулік (28 шілде) қазақ спорт жанкүйерлері үшін ауыр күн болды. Токиодан көңіл көншітерлік жаңалық естімедік. Спортшыларымыздың сәтсіздігі ұнжырғамызды түсіргені аздай, «Қайрат» футболшылары «Црвена Звездадан» ойсырай ұтылды (0:5). Тек қайраттықтардың жарысты Еуропа лигасында жалғастыратыны ғана әлсіз жұбаныш болды. 

Бүгін кері кеткен көңіл-күйіміз аздап бері қарады. Екі боксшымыз қарсыласын жеңді, әйтеуір алтынға деген үмітімізді одан әрі жандандырды. Ал футболшыларымыз тіпті қуантты. «Тобыл» мен «Шахтер» азулы қарсыластарын кәдімгідей сындыра алды.

«Шахтер» жеребеде «Стяуаға» тап келген соң кеншілерге аяныш танытқан футбол мамандары көп болды. Румыниялық клубты фаворит санаған көпшілік, олардың жеңісіне зәредей күмән келтірген жоқ. Оның үстіне Қарағандыны «қызыл аймақ» санап, матчты бейтарап стадионда өткізгісі келген «Стяуа» жетекшілері дегеніне жетті: Ойын айдаладағы Ереванда өтті. Бұл да «Стяуа» үшін тиімді еді.

Тиімділік бар да, оны пайдалану бар ғой. Жоқ, «Шахтер» ешкім күтпеген ойын өрнегін көрсетіп, әсірелеп айтсақ, «Стяуаның» екі аяғын бір етікке тықты. Оныншы минутта-ақ гол соғатын мүмкіндікті румыниялықтардың өздері жаратып берді: қақпашы допты уысынан шығарып алды да, бірінші боп жеткен Габышев допты торға оңай тоғытты — 1:0.

Қонақтар 76-минутта ғана есепті теңестірді, бірақ ойынның соңғы жағында «Шахтер» тізгінді толық қолға алды. 90-минутта гол бола жаздады, қарағандылық футболшылардың бірі жақын жерден бағыттаған доп бағанадан қайтты. Артынша Айдос Тәттібаев жеңіс добын соқты.

Матчты тамашалаған жанкүйерлер «Шахтердың» айқын басымдығын анық аңғарған болар. Әрбір доп үшін талас қарағандылықтардың пайдасына шешіліп жатты. Пенальтилер сериясында да футболшыларымыз саспады, мүмкіндіктің барлығын пайдаланды. Нәтижесінде Еуропаны таң қалдырған сенсация тіркелді. «Шахтер» УЕФА Чемпиондар лигасының екі дүркін жеңімпазын қапы қалдырды! 

Қостанайдағы сенсация Еревандағыдан асып түсті. Мокин 40-қа келсе де не үшін футбол ойнауды доғармай жүргенін дәлелдеді. Мбаппенің пенальтиін қайтарған Мокин «Хайдукпен» ойында да пенальтиді дарытпады.

Басқа-басқа, «Тобыл» «Хайдукты» ұтады деп күтпедік. Бірінші ойында 0:2 есебімен жеңілген «Тобыл» бұл ойында бас-аяғы 12 минуттың (55-67 мн.) ішінде есепті 3:0 етті. Артынша қақпамызға пенальти белгіленіп еді, жоғарыда айтқанымыздай, Мокин әлі де қазақ футболына пайдалы екеніне көзімізді жеткізіп, Крофинович тепкен допты кері серпіп жіберді. Жапа-тармағай қайтқан допқа ұмтылған футболшылардың арасынан хорваттық бір ойыншы тағы теуіп еді, тағы да гол болған жоқ. Бірақ соңғы секундтарда гол жіберіп алдық та, тағы екі тайм ойнауға мәжбүр болдық. Жоқ, қалпағымызды аспанға атып, алақайлайтын сәттер әлі де бітпепті, 119-минутта Асқат Тағыберген айып алаңының сыртынан шірене теуіп, ойынның нүктесін қойды.

Жалпы, «Тобылдың» жеңісіне таң қалудың да аса қажеті жоқ сияқты, бір жағынан. Өйткені бұл команданың құрамында мықтылар жетерлік еді, Марочкин, Тағыберген, Мұжықов, Нұрғалиев, Тұрысбек секілді Қазақстан Ұлттық құрамасында ойнап, ысылған ойыншылармен бірге, Өзбекстан құрамасының шабуылшысы Игорь Сергеев (бүгінгі ойында дубль жасаған), Сербия құрамасының тәжірибелі ойыншысы Зоран Тошич, Хорватия футболының қыр-сырын жақсы білетін Алекса Аманович сықылды футболшылары бар клубты әлсіз дей аласыз ба? Демек, баз бір тұрғыдан алғанда, «Тобылдың» жеңісі заңдылық.

Бүгін «Астана» сырта «Ариспен» ойнайды. Өзімізде 2:0 есебімен ұтқанбыз. Сол есепті сақтай алса, тамыз айындағы еурокубоктерге командаларымыздың төрт көзі түгел жетпек.