ҚАШАН АЛТЫН АЛАМЫЗ...
жеке
блог

ҚАШАН АЛТЫН АЛАМЫЗ...

Олимпиада ойындарының бесінші күні мәреге жетуге таяу. Үш күн қатарынан қола алып, көңіліміз көтеріліңкіреп қалып еді. Бүгінгі көңіл күйіміз аса жақсы деп айту қиын, әзірше Баландин мен Рыбакинаның алға жылжуы сәл де болса еңсемізді тіктеді. 

Боксшыларымыз біраз жерге қаратты. Әсіресе жаман түстей әсер еткен Василий Левиттің нокаутқа ұшырағаны есеңгіретіп тастады. Басқа-басқа, "алтын алады" деп үміт күткен спортшымыздан мынадай сәтсіздікті күтпеп ек. Дайындықтың нашар екені құралсыз көзге де ұрып тұрды. "Дайындықта неғұрлым қиын болса, айқаста соғұрлым оңай" соғатынын Левит бізден жақсы біледі. Әлде өзінің тәжірибесіне сеніп қапы қалды ма екен... Қарсыласы Эммануэл: "Мен бұл жекпе-жекке ыждағаттылықпен дайындалдым, Левиттің әлсіз және мықты тұстарын әбден зерттедім. Өзімнің шамамды жақсы білемін, сондықтан оның нокаут алғаны тіпті таңдандырған жоқ. Рас, нокаутпен жеңемін деген ой болған емес, бірақ бастысы жеңіске жететініме сендім" деп ақтарылды. 

Сейдахмет Бердіқұлов атамыздың кітабында Олимпиаданың төрт жылда бір рет болатыны, дәл сол сынға түскен сәтте, сол минуттарда, сол секундтарда бабыңда болуың тиіс, әйтпесе төрт жылдық дайындығың зая кететіні жайлы жазылған. Міне Олимпиаданың құндылығы да сонда. 

Эмануэл Рейес Сейдахмет атамыздың кітабын оқып шыққан ба дерсіз... 

69 келіні "Қазақтардың салмағы" деп жатады бәрі. Тарихқа үңілсеңіз, Бақтияр Артаев та, Бақыт Сәрсекбаев та, Серік Сәпиев пен Данияр Елеусінов те осы салмақта топ жарған. Сонау 2004 жылдан бері осы салмақта біз ғана озып келген ек. Биыл Абылайхан Жүсіпов осы керемет дәстүрді тоқтатты. Расын, әділін айтайық, осы салмақта шоғырланған спортшылардың тізіміне қарап, Абылайханда мүмкіндік аздау екенін іштей бағамдадық, кіл мықтылардың арасынан топ жару қиынның қиыны болатын. Қорқынышымыз расқа шықты, бүгін Абылайхан АҚШ-тық спортшыға есе жіберді. Бұл жерде "тым жуас бокстасқан" жерлесімізден гөрі, аса көп шаубылдамай-ақ, аз да болса саз соққы берген америкалықтың жеңісінің әділ екенін де мойындауымыз керек.

27 шілдедегі басты сенсациялардың бірі Левиттің нокауты болса, тағы бір елең етерлік (біз үшін емес, әрине) оқиға болды. Түрікменстан бүкіл тарихындағы тұңғыш жүлдеге қол жеткізді. Полина Гурьева ауыр атлетикадан күміс жүлдені еншілеп, өз елінің тарихына есімін алтын әріппен жаздырды. 

Ал біз әлі биыл күміс алған жоқпыз...