Жолы ауыр шаһардағы Олимпиада
жеке
блог

Жолы ауыр шаһардағы Олимпиада

1940 жылғы Жазғы Олимпиада ойындары Токиода өтетін болған. Бірақ сол кездегі саяси хал-ахуалдың ауырлығынан Олимпиада өткізуге тәуекелі бармай, өздері бас тартты. Кейін Хельсинкиге ауыстырылғанымен, екінші дүниежүзілік соғыс оған да мұрша бермеді. 

Токиоға Олимпиада өткізу бақыты тек 1964 жылы бұйырды. 

2020 жылы да Токиода өтуі тиіс еді. COVID-2019 пандемиясы жарысты тағы бір жылға сырғытты. Енді сәл күннен соң басталуына да куә боламыз, Алла қаласа. 

Қазақстандықтар 1960 жылдан бастап жазғы Олимпиадаларда қара көрсете бастады. Ғұсман Қосанов бірінші болып қазақ топырағында дүниеге келген спортшылар арасында жүлдегер атанды, сол кезде Молдовада әскери қызметін өтеп жүрген шығыс қазақстандық Ғұсман 100 метрге жүгіруден күміс жүлдеден алқа тақты.

Келесі жүлдегерді сегіз жыл күтуге тура келді. Алматының "Буревестник" клубында ойнайтын шымкенттік волейболшы Олег Антропов 1968 жылы КСРО құрамасы сапында чемпион атанды.

1972 жылы КСРО баскетбол құрамасы сапында оңтүстік тумасы Әлжан Жармұхаммедов қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.  

1980 жылғы Мәскеу олимпиадасы алдыңғыларға қарағанда табысты болды. Екі бірдей қазақ балуаны — алматылық Шәміл Серіков пен жамбылдық Жақсылық Үшкемпіров чемпиондыққа қол жеткізсе, павлодарлық боксшы Серік Қонақбаев күміс жүлдеге ие болды. 

1988 жылы Сеулде өткен ойындарда атбасарлық ауыр атлет Анатолий Храпатый мен спорттық гимнастикадан ақтөбелік Валерий Люкин мен алматылық Владимир Новиков, футболдан қаратаулық Евгений Яровенко, қысқа қашықтықка жүгіруде жезқазғандық Виталий Савин, балқаштық волейболшы Елена Чебукина чемпион атанды. Ал грек-рим күресінен семейлік Дәулет Тұрлыханов күміс жүлдеге ие болды. Баскетболшы павлодарлық Ирина Герлиц пен қостанайлық боксшы Александр Мирошниченко қола жүлде алды. Валерий Люкин алтын жүлдемен бірге екі күмісті құрама қоржынына салды. Осылай КСРО дәуірінде ең табысты олимпиадамыз ретінде тарихта қалды.

1992 жылғы Барселона Олимпиадасына енді КСРО да, ТМД да емес, "Біріккен команда" сапында барған қазақстандықтар онша жарқырамады. Бірақ мұнда негізгі тізгін Мәскеудің қолында қалып қойды. Мысалы, ТМД елдерінің бокс құрамасына қазақстандық төрт боксшы — Болат Теміров, Болат Жұмаділов, Аркадий Топаев және Николай Кульпин енген болатын. Бірақ екі Болат, Теміров пен Жұмаділов ойындар басталмай жатып-ақ Алматыға қайтып келді.

КСРО баскетбол құрамасына енген Ирина Герлиц алтын жүлдегер атанса, грек-рим күресінен тағы да бақ сынаған Дәулет Тұрлыханов қола жүлдегер атанды. Ал балқаштық волейболшы Елена Чебукина күміс жүлдеден алқа тақты.

1996 жылдан бастап Қазақстан жеке мемлекет ретінде қатыса бастады. Бұл — жеке ел ретінде сайысқа түсіп жатқан жетінші Олимпиадамыз.