ЭМЕРСОН — чемпион! ЭМЕРСОН — күміс жүлдегер!

ЭМЕРСОН — чемпион! ЭМЕРСОН — күміс жүлдегер!
жеке
блог

Бұл әсте жаңылтпаш емес. Кеше аяқталған Америка кубогының финалында да Эмерсон атты бір футболшы ойнады. Бразилия сапында. Бірақ ол жеңіліп қалды. Ал Италия сапындағы Эмерсон чемпион атанды. Екеуінің тегі бірдей болғанымен, туысқан емес, бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайды.

*  *  *

"Ағылшындар матчтың басында есеп ашса ұтылып қалады" деген мағынада ертеректе бір баспасөзде мақала жарияланған. Бұл бірнеше рет қайталанған сәйкестік екен.

1992 жылғы Еурода Англия құрамасы шведтермен топтық турнирде кездесті де, 1:2 есебімен ұтылып қалды. Есепті 3-минутта Дэвид Платт ашқан екен.

Арада төрт жыл өткен соң ағылшындар жартылай финалда немістермен тоқайласты. 3-минутта Алан Ширер есеп ашып, ағылшындар алға шыққанымен, соңында пенальтиден есе жіберді.

2000 жылғы Еуропа Чемпионатындағы Англия - Португалия кездесуінде де Пол Скоулз үшінші минутта есеп ашыпты. Бірақ ағылшындар 2:3 есебімен жеңілген.

2004 жылы да Англия мен Португалия өзара кездескен, бұл жолы 1/4 финалда. Тағы да үшінші минут. Тағы да ағылшындар есеп ашты (гол соққан — Майкл Оуэн). Бірақ кездесу қорытындысында португалдар пенальти арқылы бұларды жеңіп кетті...

2016 жылғы Англия - Исландия матчында да ағылшындар есеп ашты. Бірақ үшінші емес, төртінші минутта. Соңында Англия ұтылды. Қызық иә? Және де бұл жәйттердің бәрі Еуропа чемпионаттарында болған.

*  *  *

Кешегі финалда Англия екінші минутта есеп ашты. Жоғарыдағы сәйкестіктің тағы да қайталанғанын қарасаңызшы. Жалпы ағылшындар мачты да, пенльтилер сериясын да сәтті бастады. Бірақ сәтті аяқтай алмады.

Италияда көптен бері мұндай футбол мерекесі болмаған. Италия клубтарының еуркубоктерде топ жармағанына он жылдан асып кетті. Құрама тіпті 2018 жылғы әлем чемпионатына қатыса алмады. Тізгінді Роберто Манчини ұстаған соң құраманың ойыны түлеп сала бергені жасырын емес. Тіпті кешегі финалға дейін қатарынан 33 ойында жеңілмепті! Нәтижесінде қорғанысы мен шабуыл шебі тұтас жұмыс істей алатын команда жасақтады. Бонуччи мен Кьеллини секілді ардагерлерді жастармен бірігіп жұмыс істеуге үйретті, өйткені чемпион атану үшін тәжірибе де көп рөл атқаратынын бапкер жақсы біледі (мәселен, кешегі финалда Англияның жастары пенальти тебуде қателесті).

Сонымен Италия араға 53 жыл салып Еуропа чемпионы атанды. Еуропада футбол маусымы толыққанды аяқталды, енді біз де футболдан біраз уақыт демала тұрайық.