АНГЛИЯҒА КІМ ГОЛ СОҒАДЫ?
жеке
блог

АНГЛИЯҒА КІМ ГОЛ СОҒАДЫ?

Англия құрамасы үшінші рет жартылай финалға шықты. 1968, 1996 жылғы Еуропа чемпионаттарында жартылай финалда сүрінген құрама биыл тұңғыш рет финалға шығуға мүмкіндік алып отыр. Ширек финалда турнирдегі жалғыз сырт алаңдағы ойынын өткізді. Естеріңізде болса, бұған дейінгі ойындарының бәрін «Уэмблиде» өткізген болатын (ал жартылай финал, финал ойындары да осы стадионда өтеді). Украина құрамасымен кездескен ағылшындар «жылдам гол» тактикасына қатты дайындалғаны көзге ұрып тұрды: екі таймда да салған жерден қарсылас қақпасына доп тулатты. Жалпы Англия бұл ойында аса қинала қоймады, екінші таймның ортан белінде-ақ бар мәселені шешіп тастады.

Бұған дейінгі Швециямен кездесуде 120 минут айқасып шаршаған ба, украиндар бұл ойында аса бір есте қаларлық қимыл жасамады. Оның үстіне 35-минутта белді қорғаушысы Сергей Кривцов жарақат алып, алаңнан кетті, бұл жәйт те Шевченконың жоспарына нұқсан келтірген болуы мүмкін. Қалай болғанда да, Украина құрамасы тұңғыш рет Еуропа чемпионатының жартылай финалына жетті. Меніңше, Андрей Шевченко чемпионаттан кейін де құрамадағы бапкерлік қызметін жалғастыратын шығар. Айта кетейік, Украина құрамасы келесі ресми ойынын 1 қыркүйекте "Астана Аренада" Қазақстанға қарсы өткізеді.

Англия бұл ойында да гол жібермеді. Солайша қақпашы Джордан Пикфордтың чемпионаттағы «гол жібермеу сериясы» 450 минутқа жетті. Бірақ әлі бұл рекордтық көрсеткіш емес, 1968-1980 жылдары италиялық қақпашы Дино Дзофф 494 минут бойы гол өткізбеген. Егер 45 минуттай уақыт қақпа құлпын берік ұстаса, Джордан Пикфорд бұл тұрғыда рекордсмен атанады.

Чехия - Дания матчында қарсыластар бір-біріне лайық екендігін танытты, бірақ мүмкіндіктерін көбірек пайдаланған Дания есепте басым болды. Чехтар бұл ойында барын салды, тіпті алаңда басын таңып алған Томас Соучектің жанкешті әрекеттерін жоғары бағалауға болады. Матч соңында жеңіліп қалғанына қарамастан, Чехиядан келген жанкүйерлер футболшыларға қол соғып, қошаметтеп, ризашылықтарын білдіргені де жүректі елжірететін көріністер. Айтпақшы, Чехия құрамасы бұл чемпионатта Патрик Шиктің нәтижелі ойынымен де мақтана алады, ол бес гол соғып, дәл қазір мергендер көшінде Криштиану Роналдумен бірінші орынды бөлісіп тұр. Баяғы Милан Бароштан кейін бұл ұлттан мұндай таланты шабуылшы шықпаған еді.

Енді жартылай финалда Италия - Испания, Дания - Англия матчтарын тамашалаймыз.