АНДЕРДОГ' 92
жеке
блог

АНДЕРДОГ' 92

Футболдан 1992 жылғы Еуропа чемпионаты тарихтағы ең қызықсыз, іш пыстырарлық турнирлердің бірі болды. Осы тартымсыздау чемпионатқа өң беріп, көрігін қыздырған бір құрама бар еді, ол — Дания футболшылары болатын.

2015 жылы дат кинорежиссері Каспер Барфоед "Андердог' 92" атты фильм түсірді. Фильмде 1992 жылғы Еуропа чемпионатына қатысты нақты оқиғалар баяндалады.

90-жылдары Дания құрамасының бапкері боп Рихард Меллер-Нильсен тағайындалады. Меллер-Нильсенге құраманы жаттықтыру оңайға соқпайды. Іріктеу турнирінде Югославиядан кейін екінші орында қалып, Швецияда өтетін чемпионатқа жолдама ала алмады. Бірақ 1992 жылы УЕФА тарапы Югославияға санкция жасап (Югославияда хорваттар, словендер, македондар бөлінеміз деп өзара соғысып жатқан-ды), орнына чемпионатқа Данияны жіберді.

Құраманың Ян Хайнце, Микаэль Лаудруп секілді белді футболшылары Рихард Меллер-Нильсенді бапкер ретінде мойындамайды да, Еуропа чемпионатына қатысудан бас тартады. Тіпті Микаэль Лаудруп бір сұхбатында "Рихард? Ол да бапкер ме?" деп мысқылдап, тіпті менсінбейтінін ашық айтады. Бапкер оған мойымай, өз жоспары бойынша жұмыс жасауын тоқтатпайды.

Дания чемпионаты нашар бастайды.

Топтық турнирдегі үшінші, соңғы матчтың 79-шы минутына дейін оларды ешкім плей-оффқа шығады деп ойламаған-ды. (Алғашқы екі турда оларда бір ғана ұпай бар еді). Франциямен өтіп жатқан матчтың 79-минутында Ларс Эльструп күтпеген жерде жеңіс добын соғып кетіп, құрамасын жартылай финалға алып шығады.

Жартылай финалда оларды азуын айға білеген Голландия құрамасы күтіп алды. Аты шулы құрамадан даниялықтар жасқанбайды да, ойын барысында екі рет есепте алға озды. Тек 86-минутта қақпа алдындағы қарбаласта Райкаард есепті теңестіріп кетті. Бәрібір матчтан кейінгі пенальтилер сериясында дат қақпашысы Петер Шмейхель керемет өнер көрсетіп, Дания құрамасы финалға шықты.

Бұл ойындарға Дания құрамасы қолда бар мықтыларын да шығара алмады. Шаубылшы Ким Вильфорт Копенгаген клиникаларының бірінде ракпен ауырып емделіп жатқан қызының халін білу үшін чемпионатты тастап, еліне ұшып барып та келген-ді. Қызының көңілін сұрап отырып, оны жігерлендіру үшін, "Еуропа чемпионы атанып қайтам" деп уәде береді. Қызы науқастан тәуір бола қоймаса да, Вильфорт Швецияға қайта келіп матчтарға қатысып жүрді.

Финалдан алдын футболшылар радио тыңдап отырады, радиода әлдебіреу «Дания финалға шықты, бірақ бәрібір 80-жылдардағыдай күшті емес» деп жатқанын естиді де, бапкер:

— Өшіріңдер! — дейді. Радио өшеді. Сонда бапкер былай дейді.

— Сексенінші жылдар артта қалды. Өтіп кетті, енді маңызсыз. Қазір құрамада Элькяр жоқ. Арнесен де жоқ. Микаэль Лаудруп та жоқ. Бар болған күнде де, мен оларды қосалқы құрамда отырғызып қояр ем. Қазір командада маған қажетті футболшылардың бәрі бар. Мен өз арманымдағыдай команда жасақтай алдым, — деп футболшыларға жігер береді.

Финалда азулы немістердің де бұларға тісі батпады. 19-минутта даниялықтар есеп ашқаннан кейін (голды Йон Йенсен соқты) тізгінді немістер толығымен қолдарына алғанымен, даниялықтардың қақпасын дәл көздеу оларға мұң болды. Ал ойынның 79-минутында Ким Вильфорт айып алаңының сыртынан Бодо Иллгнер қорғаған қақпаны дәл көздеп, чемпионаттың тағдырын шешкен голды соқты — 2:0!. Бұл — Еуропа Чемпионаттарының финалдық турнирлер тарихындағы 200-ші гол еді.

Дания құрамасы Еуропа Чемпионы атанды. Чемпион атанып, турнир қаһарманы болғанымен, бұл ессіз қуанышты жәйт Вильфорттың қызын сауықтырмады, чемпионат біткеннен кейін, арада бір ай өткен соң бүлдіршін науқастан қайтыс болды...

Рихард Меллер-Нильсен болса, 2014 жылы өмірден өтті. Ал ол туралы фильм бір жылдан кейін жарыққа шықты.

*  *  *

Кеше Дания футболшылары 4:0 есебімен Уэльсті ұтты. "Дания футболшылары Ресеймен және Уэльспен ойында 1992 жылғыдан да керемет ойнады" дейді сарапшылар. Бәлкім 19 жыл бұрынғы жетістік қайталанбаса да, соған жақындап қалар?