Бай болу, кедей болу - тағдыр ісі.

Бүгін мен сіздерге, даңқы әлемді шарлаған дара тұлға жөнінде сыр шертпекпін...

Өмірдің сан алуан өзгерістерін сарапқа алар болсақ, "әйгілі адамдардың көбі кедей отбасынан шыққан" деген тұжырым пайда болады. Әлемді байлығымен өзіне қарата білген көптеген тұлға жас кезінде жоқшылықтың зардабын тартып, кедейліктің тауқыметін көріп өскенін естіп, оқып жатамыз. Біз әңгіме еткелі отырған азамат өзінің қайтпас күш-қуаты, қиындыққа мойымас ерік жігерінің арқасында зор жетістікке жетіп, өз ортасын ғана емес, адамзат баласын мойындатты. Оның өміріне жіті назар салар болсақ шексіз байлыққа қол жеткізгісі келетін жан білімі мен ақыл-ойын үздіксіз дамытып отыру керектігін түсінесіз. Білімсіз, ілімсіз, оқу-тоқусыз, еңбексіз, ой-санасыз мол ақша табу әсте мүмкін емес. Қазақтың кез-келген баласының жүрегіне үміт шырағын жағары анық болғасын, "тастанды бала"-Стивен Джобстың өмір жолын зерттеп көрген болатынмын. Әлемдік тұлғаның мысалын назарларыңызға ұсынамын..

Әлемнің ең бай адамдарының бірі саналған Стивен Джобс ауқатты отбасында дүниеге келмеген. Бала Стивенді туған анасы Джоан Кэрол Шибле мен әкесі Абдулфатта Джандали асырай алмағандықтан, Пол және Клара Джобстардың отбасына беруге мәжбүр болған. Стивен Джобстың өкіл ата-анасы да өз күндерін әрең көріп отырған қарапайым отбасы болатын. Сол себепті де, олара асыранды Стивенді өзге балалардан кем қылдырмауға тырысып, оқытуға ғана шама-шарқылары жетті.

Осындай тастанды Стив Джобс кейіннен әлем халқының мақтанышына айналып, АҚШ тарихындағы ең табысты компаниялардың бірін құрды. Стив Джобс құрған "Apple" әлемдегі ең ірі компанияға айналып, Microsoft-ты басып озды. Қазір "Apple" өнімдері(ноутбуктары және "iPhone" смартфондары мен "iPad" планшеттері арқылы) қалың көпшілікке етене таныс. Мұнымен қоса, Стив Джобс Pixar студиясының да иесі атанды.

Ғаламшарда аты алысқа танылып, әлемнің ең бай адамдарының біріне айналған Стивен Джобс өз сұхбаттарының бірінде студент шағында барар жері, басар тауы болмағандықтан достарының жатақханасында түнеп күнелткенін сөз етеді. Ол аз болса "Apple" қожайыны қоқыс теріп, "Кока-Коланың" бөтелкелерін сатқан кездері де болыпты.

Сол бөтелке жинап жүрген студенттің IT нарығындағы ең танымал "iPhone", "iPad" және ең жіңішке MacBookAir ноутбугы өнімдерін шығаратын компанияның иесі боларын ол кезде ешкім білмеген еді..

Түйіндей келе, менің сіздерге жеткізгім келгені: жуан бәйтерек жіңішке шыбықтан бастау алады, тоғыз қабатты мұнара ұсақ кірпіштен бастау алады, мыңдаған шақырымдық саяхат бір қадамнан бастау алады. Сондықтан, ойыңызға абай болыңыз, мейлінше тек жақсы ойды ойласақ алып жетістіктерге жетеріңіз сөзсіз. Себебі, ой-барлық әрекеттердің бастамасы.

"Адам жасай алғанды, адам жасай алады" деген қағиданы ұстанғаныңыз жөн. Сәттілік!
 

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

Журналистика факультеті, 1 курс студенті

Шұғыла БЕЙБІТҚЫЗЫ



Бөлісу: