жеке
блог

Абдулла Розыбакиевтің Қазақстанға қосқан үлесі

Алматы көшелері танымал тұлғалардың есімдерімен аталатыны барлығымызға белгілі. Бірақ ойлана келе, осы күнге дейін Розыбакиев көшесінің кімнің құрметіне осылай аталғандығы жөнінде мүлде ойланбаппын. Ол қандай тұлға, Қазақстанға сіңірген еңбегі бар ма, бізде ол жайлы қандай ақпарат бар екен? Іздене келе осы сұрақтардың жауабын сіздерге айтып өтейін.

Розыбакиевтің толық аты-жөні – Абдулла Ахметович Розыбакиев екен. Ол 1897 жылы қазанның отыз бірінші жұлдызында, бұрыңғы Верный уезінің Киікпай деген ауылында туған қоғам қайраткері, публицист болып шықты. Ол Алматыда бұрыңғы Верный қаласында қалалық мұсылман жұмысшылар одағының хатшысы болып сайланды. Сонымен қатар Жетісу облыстық ревкомына мүшелікке өткен болатын. Оның өмірдегі жолдастары О.Жандосов, П.Винаградов, Т.Бокинмен бірге Жетісу өңірінде Кеңес өкіметін орнатуға қатысты. Соған қоса 1920-жылдың көктемінде Жаркент уездік қалалық ревкомының төрағасы болып тағайындалған еді. Сол жылдың соңында өзі ұйымдастырған ерікті ұйғыр полкінің комиссары ретінде «Ферғана» даласында басмашыларға қарсы күреске қатысты. 1921 жылы  тамызда Жетісу облыстық комитетінің хатшысы болған деген мәліметтер де баршылық.

Розыбакиев елдің дамуына көп үлес қосқан адамдардың бірі болған. Ол 1921 жылы маусым айының басында Ташкентте, содан кейін Алматыда шыққан «Кедей дауысы» атты ұйғыр тіліндегі газетінің ұйымдастырушысы және редакторы болған. Сонымен қатар, ол Павлодар облысының әкімшілік ревкомында хатшы болып жұмыс істеген. Бұл туралы Қалижан Бекхожин былай дейді: «Осы Павлодарға келместен бұрын Қазақ ССР-нің жабдықтау Халық Комиссары болып қызмет атқарғаны есімізде, одан бұрын бұл көрнекті қайраткер әр дәрежеде партиялық жауапты қызметкер болғаны да бізге мәлім. Абдолла Розыбакиевтің есімін атағанда бұл большевик күрескердің ұйғыр халқының абзал перзентінің, өзінің туған Жетісуына совет үкіметін орнату тарапынан көрсеткен әйгілі істері, партиялық белсенді жұмыстары, алдымен есіме келе қалды»,- деп өзінің шығармалар жинағында жазады.(1-том «Абдолла ағай Керекуде»)

Абдолла Розыбакиев 1937 жылы 40 жасында қуғын-сүргін құрбаны болып өмірден өтті. Оның бізге қалдырған үлгі-өнегесінің бірі «Қиындықтан қашпау керек, қиындықты біз жеңеміз!» деген сөздері, мәңгі халық жадында сақталғандай. Оның қайсар мінезі өзінің басынан өткерген қиын істерінен де белгігі. Ол ұлт тыныштығы жолында өз өмірін қиғаны, халықтың одан әрі өркендеуіне қосқан үлесінің бәрі, осындай елде тұрып жатқанымыздың белгісі деп ойлаймын. Осындай еліміздің рухын, беделін көтеретін азаматтар көп болса, еліміздің одан әрі өркендеуіне, шаңырағының биік болуына себепші болар еді деген ойым бар. Қазіргі кезде бізге барлық жағдай жасалынған, сондықтан да біз талаптанып, білім алуымыз керек. Болашақ біздің қолымызда! Сол себепті, біздің алға қойған мақсатымыз, еліміздің өркендеуіне үлес қосу болып табылады.



Жұлдызды блогтар