САЯСИ ДИСКУРСТАРДА ЭВФЕМИЗМДЕР

САЯСИ ДИСКУРСТАРДА ЭВФЕМИЗМДЕР
жеке
блог

 

 

 

Философия ғылымдарының кандидаты, доцент Жанатаев Д.Ж.

Киікші Каусәр - 1 курс магистранты,

Әл-Фараби атындағы КазҰУ

 

 

САЯСИ ДИСКУРСТАРДА ЭВФЕМИЗМДЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚАЗАҚШАҒА АУДАРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Аннотация

 Мақалада эвфемизмдердің саяси дискурстарда қолданысы қарастырылады. Саяси дискурстарда эвфемизмнің қолданылуы 44-ші АҚШ Президенті Б. Обаманың әр кездері сөйлеген сөздерінен алынған мысалдар арқылы талданды. Ағылшын тіліндегі мәтіндерден эвфемизмдердің  қазақ тіліне аударылу ерекшеліктері де қарастырылды. Эвфемизмдедің анайы, тұрпайы сөздерді сыпайы сөздермен ауыстырып айту айту үшін қолданылатыны және жақсы қарым-қатынас құруға себеп болуы, сөйлеу мақсатына қызмет етуі және шебер сөйлеуді қамтамасыз етуі секілді тілдік қызметтері баяндалды.

 

Кіріспе

Білім мен технологияның дамуының арқасында әлемнің әр түкпірінде болып жатқан жаңалықтарға жылдам әрі оңай түрде қол жеткізуге болатын жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бүкіл әлем мемлекеттері мен азаматтары әрдайым бір-бірінің әлемдік деңгейдегі немесе мемлекетаралық, жергілікті мәселелерді шешуге қатысуын немесе сыртқы саяси қарым-қатынастарын жіті көзбен қызықтап, бақылап отырады. Тіл ең негізгі қарым-қатынас құралы ретінде мемлекеттердің жан-жақты байланысында белгілі мақсаттарға қызмет ету үшін қолданылады. Әлемдік деңгейде немесе мемлекетаралық, жергілікті байланыстар, серіктестіктер, ресми қарым-қатынастар саяси тұлғалардың сөйлеген сөздері, келісім-шарттар, пікірталас, сұхбат, жаңалықтар, мақала, заңдар мен ережелер және т.б арнайы мамандандырылған жазбаша немесе ауызша мәтіндер саяси дискурстардың тілдік материалдары болып табылады. Саяси дискурстардың осы тәрізді тілдік материалдарынан тілдің тек қарым-қатынас құралы ғана емес, белгілі мақсатқа жету үшін қолданылатын сипаты да нақты көрінеді. Тілдің белгілі мақсатта қолданылу қызметін сипаттау үшін ресми мақсатта қолданылған саяси дискурстардың тілдік тұрғыдан зерттелуінің маңызы зор. Саяси дискурстың тілдік ерекшелігін зерттеуде сөйлеуші, сөйлеу мәтіні бағытталған тұлға немесе көпшілік, мәтінде қамтылған саяси тақырып негізге алынады. 

Тіл білімінде саяси дискурстарға бірнеше анықтама берілген. Тіл білімі ғалымы Баранов А. Н. «Саяси дискурс дегеніміз - саяси қарым-қатынастың нақты бір тақырыбын қарастыратын немесе саяси дискурсқа қатысушының тұлғалық сипатын белгілейтін сөйлеу тәжірибесінің барлығын қамтиды» дейді. [2]

* * *

Мақаламызда саяси дискурстың тілдік ерекшелігін зерттеу үшін АҚШ саяси дискурсына мысал бола алатын ағылшын тілді мәтіндер алынып отыр. Мұның басты себебі, ағылшын тілінің әлемдік саяси деңгейде ең көп қолданылатын тіл болуы мен  Америка мемлекетінің  әлемдік саяси аренадағы басым рөлге ие елдердің бірі болуында жатыр. 

Белгілі мақсатқа қызмет ететін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын саяси дискурстардың өзіне тән қалыптасқан құрылысы, өзіндік ережелері, мәселені нақты айту қасиетіне ие, ресми, тарапсыз, сөйлеуші немесе баяндаушы сезімдерін ашық білдіретін сипаты болады. Атап айтқан бұл ерекшеліктер мәтіннің басқа тілге аударылуында да аса көңі бөлінуі керек маңызды ерекшеліктер болып табылады. Саяси, ресми мәтіндерді аударғанда ең негізгі, тілдегі кең таралған негізгі мағынасын қолдануға көңіл бөлген дұрыс.  Ресми, саяси мәтіннің түрі,  ерекшелігі, сөйлеу   дәстүрі, қолданылған  тұрақты сөз тірестері, әзіл, символ, бейнелі образдар аударма барысында баса назар аударылатын мәселелердің ішінде орын алады.  

Саяси дискурстарды тілдік тұрғыдан зерттеуде ең баста сөйлеу тілінің маңызды тілдік көріністері болып табылатын эвфемизмдер тұрады. Эвфемизмдер ағылшынша «political correctness» –  қазақша мағынасы «саяси шынайылық» – ұғымымен тікелей байланысты.  Сөйлеуде саяси  шынайылық, сыпайылық дегеніміз – көңілге ауыр тиетін тұрпайы, анайы, жеке адамдық қасиеттерді кемсітетін, тіпті кей жерлерде адамның қорлануына себеп болатын өмір шындығын баяндау үшін қасаңқалыпсыз, жағымды, сыпайы сөз, сөз тіркестері, сөздік қалыптарды қолдану.  Халық арасында мұны «майдалап, жұқалап» сөйлеу деп те атайды. Эвфемизмдер тілде шынайы, сыпайы сөйлеуге мүмкіндік береді, жеке тұлғаның сөйлеу мәдениеті мен стильдік ерекшелігінің де деңгейін көрсетеді. Ә. Хасенов эвфемизмге тілдік баяндаудың сыпайылап, майдалап жеткізу тәсілі деген анықтама береді. [4]  Ә. Ахметов «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер» деген еңбегінде эвфемизмді этнографиялық ұғымдармен, атап айтқанда  халықтың наным-сенімдері, мифтік кейіпкерлер, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, тілдің этикалық нормаларымен байланыстыра қарастырып,  этнографиялық лексика аясында зерттеген. [1] М. Ш. Жұмағұлова «Газет, публицистика тіліндегі евфемизмдер» деген тақырыпта қорғаған кандидаттық диссертациясында эвфемизмдердің адамдар арасындағы тілдік қарым –қатынаста қолайсыздықты болдырмауды көздейтінін және жеке адамның жеке стильдік ерекшелігі көрінетінін, ал  бұқаралық ақпараттық құралдар тілінде қолданылатын  эвфемизмдерде әлеуметтік сипат тән  болатынын анықтаған. [3]

Саяси дискурстардың ең үлкен бөлігін дипломатия тілді құрайды. Бұл – мемлекеттердің сыртқы саясатын жүргізу үшін қолданылатын арнайы лексикалық қазынасы бар тіл. Дипломатиялық тіл – белгілі қалыптары техникалық  терминдері, өзіндік ережелері бар, мамандандырылған тіл,  жазба және ауызша түрде болады. Дипломатияның ең басты қызметі сөзі бағытталғанға бір мәселені қабылдату немесе мақұлдатуға негізделгендіктен,  тілдің қарым-қатынас қызметіндегі баяндаудың барлық шеберлік қасиеттерін қолданады. Халқымызда «тіл - қылыштан өткір» деген қанатты сөздің шығу төркіні де осыған меңзейді. Дипломатиялық тілде көп қолданылатын сөз жасау түрінің бірі - эвфемизмдер. Американың 44-ші Президенті Б. Обаманың сөздерінен мысалдар келтіре отырып, дипломатия тілінде қолданылатын эвфемизм табиғатын, қызметін анықтау және ағылшын тілді саяси дискурстардың қазақ тіліне аударылуы мәселесін қарастырамыз. Дипломатикалық мәтіндерді бір тілден басқа тілге аударуда мәтіннің негізгі тілдік ерекшеліктері мен мәдени негізіне баса назар аударылуы керек. Бұл іс аудармашыдан негізгі  мәтіннің тілі мен мәдени дәстүрін жақсы білуді қажет етеді. Саяси дискурстарды аудару тілдің мәдени орта мен саяси, қоғамдық мәселелерінен хабардар болуы, қоғамдық құндылықтарға аса мән берілуін қажет етеді.  

Эвфемизмдер белгілі бір қалыпты құрылысы бар, сөйлеушінің сөйлеу мақсатына қызмет етеді. Эвфемизмдерде сөйлеу мәтініне күдік келтірмейтіндей, сөйлеуі бағытталғандарды келеке қылмайтындай, сенімсіздік, жаулық секілді сезімдер ояндырмайтындай жауып, жасырып көрсету байқалады. Эвфемизм контекстте тақырыпқа байланысты анықталады. Сөйлеуші эвфемизімді қолданғаннан кейінгі жерде,  қайтадан жай сөзбен мәнін кеңірек ашып, мәнін түсіндіріп кетуі мүмкін.  Эвфемизмнің контексте  қолданылуы сөз сөйлеушінің шеберлігін көрсетеді. Мысалы, әскери аймақта ұшығып тұрған соғыс жағдайын жұмсартып түсіндіру үшін «әскери қару – жарақ» деген сөз тіркесін  баспасөзде «қосымша құрал-жабдықтар» ағылшынша «all technically necessary aids» деп қолданады. Осылайша, эвфемизм қалыптасқан қатаң жағдайды жұмсартуға қызмет етіп отырады. Эвфемизмдер кейбір мәтіндерде оқырман біліп отыруы үшін тырнақша ішінде беріледі. Эвфемизмдер мемлекеттердің экономикадағы баға саясатын халыққа жеткізуде  көп қолданылады. Мысалы, салықты өсірудің халық арасында наразылық тудыруы мүмкіндігі ескеріле отырып,  «салықты көтеру» дегеннің орнына «салықты түзету» деген секілді қолданылады. Мысалы «first class” үшін “business class” деп айтылса, одан кейінгі сыныпқа “second class» деп аталатын болса, «екінші сынып» деген сөз тұрпайы, әрі адамдардың көңіліне келетін сөйлеу тәсілі болар еді, сондықтан оның орнына “tourist class”  деп айтылады.

Эвфемизмдер саяси сайлау науқаны кезінде саяси тұлғалардың халыққа арнап сөйлеген сөздерінде көп қолданылады. Сондай-ақ, саясатшылар да  халықтың алдында сөйлегенде  сөздерінде эвфемизмдердің қызметінен пайдаланады.  Американың 44-ші Президенті Б. Обама сөздерінде қолданылған эвфемизмдерге мысал келтіреміз.  Президент Б. Обама Америка әскерінің  Ирак пен Ауғанстанға кіруінің  оңды, жөн іс ретінде көрсету үшін сөйлеген бір сөзінде былай дейді: He has said “[…] they knew our power grows through its prudent use; our security emanates from the justness of our cause… we are the keepers of this legacy. Guided by these principles once more, we can meet those new threats that demand even greater effort- even greater cooperation and understanding between nations. (20th January 2009»). « “[…] біздің күшіміз оңды, жөнімен қолданудың арқасында артқанын олар білді; біздің қауіпсіздігіміз, ісіміздің әділеттілігінен бастау алып отыр... біз бұл мирасты сақтаушылармыз.  Тағы бір рет бұл негіздерді басшылыққа ала отырып, бізден мықты бірлік пен екі елдің бір-бірімен түсіністігін және  орасан зор күш сарп етуді қажет ететін жаңа қауіптерге қарсы тұра аламыз». [5]

Президент Обама тағы бір сөзінде былай дейді: “[…] we won’t be there forever, and by the next year our primary role should be to conduct counter-insurgency actions, train security forces, and provide needed logistical support.” (June 21st 2006). «[…] біз онда мәңгі болмаймыз, келесі жылы біздің негізгі рөліміз көтерілісшілермен күрес әрекеттерін жүргізу, қауіпсіздік күштерін жаттықтыру және қажетті материалдық текникалық қолдау көрсету болады» [5]

“ The three basic goals that should drive our policy: that is, 1) stabilizing Iraq and giving the factions within Iraq the space they need to forge a political settlement; 2) containing and ultimately defeating the insurgency in Iraq; and 3) bringing our troops safely home.” (June 21st 2006).

«Иракқа байланысты біздің саясатымызды белгілейтін үш негізгі мақсатымыз бар: атап айтқанда, 1) Иракты тұрақтандыру және Ирактаға саяси топтарға саяси келіссөзге келу мүмкіндігін беру 2) Ирақтағы көтерілісшілерді түбірімен жеңу, 3) біздің әскерлеріміздің аман-сау үйге оралуын қамтамасыз ету» [5]

Obama’s speeches: “to those who mourn the loss of a loved one, my heart breaks […] This day is about the fallen heroes that you loved […]We memorize our first patriots who never knew the independence they won with their lives. (30 th May 2011). Бір сөзінде: «Сүйікті адамынан айырылып жоқтап отырғандарға менің жүрегім қан жылайды […] бұл күн қаза болған қаһармандарға арналады, Біз өз өмірлерінің ақысына алынған тәуелсіздікті ешқашан білмеген оларды, яғни, біздің алғашқы патриоттарымызды әрдайым есте сақтаймыз» [5]

President Obama said “[…] That policy-by-slogan will no longer pass as an acceptable form of debate in this country.”Mission accomplished,” “cut and run,” “stay the course” the American people have determined that all these phrases have become meaningless in the face of a conflict that grows more deadly and chaotic with each passing day... quickly and easily become a bulwark of flourishing democracy in the Middle East was not a plan for victory, but an ideological fantasy” (20th November 2006). [4]

 Президент Б. Обаманың сөзі: «саясаттың бұл ұранның ұранға жалғасуы бұл елде дискуссияның формасы саналмайды» «Миссия орындалды, «артыңа қарамай жүгір,» «соңына дейін қал» Америка халқы үшін  бұл сөздердің мағынасы жоғалды, жағжай әр өткен күн сайын қауіптірек хал алып, ушығып бара жатыр... Тез әрі оңай түрде Таяу шығыстағы гүлденген демократияның қорғаны болу, біздің жеңіс жоспарымыз емес, идеологиялық фантазиямыз болды.»

* * *

Жоғарыда берілген мысалдарда Америка Президентінің әртүрлі жағдайларда сөйлеген сөздерінен мысалдар келтірілді. Бұл мәтіндерден байқағанымыз,  «әскери әрекет» деудің орнына «орасан зор күш сарп ету», «жаңа қауіптерге қарсы тұру», «қауіпсіздік күштерін жаттықтыру», «жағдайды тұрақтандыру», «көтерілісшілерді түбірімен жеңу»  және «әскери қару-жарақ кіргізу» орнына «қажетті материалдық текникалық қолдау көрсету» секілді эвфемизмдер қолданылған. Бұл эвфемизмдер АҚШ мемлекетінің Ирактағы соғысқа әскер жіберіп, тікелей қатысуын халыққа моральдық тұрғыдан ең дұрыс әрекет ретінде көрсетуге, әрі «соғыс» деп тура айтпай оны жұмсартып сипаттау арқылы жағдайдың маңыздылығын әрі қиындығын жасыруға қызмет етті. Жоғарыда көрсетілгендей, эвфемизмдер саяси дискурстарда өте жиі қолданылады және әдетте сөйлеушінің мүддесіне, көпшілікті өзіне сендіруіне қызмет етеді.

Қорыта келе, эвфемизмдердің саяси дискурстарда қолданылуындағы тілдік қызметтері ретінде мыналарды атап айта аламыз: мәселенің пайдалы, іске жарайтын жағын көрсетуі, шынайылық, сыпайылық, анайы, тұрпайы сөйлеуді жұмсартып, сыпайы, көңілге тимейтін сөз, сөз тіркестері, сөз қалыптарымен ауыстыруы, адамдар арасында жақсы, жылы қарым-қатынас құруға себеп болуы, сөйлеу мақсатына қызмет етуі және әзілмен, бейнелі шебер сөйлеуді қамтамасыз етуі. Бұлардың бәрі адамдар, топтар, елдер, қоғам арасында арасында жақсы, оңды қарым-қатынас құруға себеп болады. Эвфемизмдердің сөйлеуде қолдану қызметіне әдептілік сақтау, басқалардың көңіліне тиетін сөзді жұмсағырақ, сыпайы сөзбен немесе сөз тіркесімен ауыстыру жатады.  

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.    Ахметов. Ә., Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер. (Салыстырмалы этнолингвистикалық пайым). Халықаралық түркі академиясы, 2-басылым. Астана, Ғылым, 2015. 202 б.

2.    Баранов А. Н. Введение в прикладную лингвистику. М.: Эдиториал УРСС, 2001. 360 с.

3.    Жұмағұлова М.Ш. Газет публицистика тіліндегі эвфемизмдер, // Канд. Дисс., Алматы: 2000. -19 бет.

4.    Хасенов Ә. Тіл білімі. – Алматы, 2003, 154 б.

5.    Худа Ясиин Абдул Вахид– Huda Yaseen Abdul Wahid. Exploring the use of euphemisms in some speeches of president Obama: a pragmatic study, Cihan University, Erbil.