Ахмет Байтұрсынұлы туралы тың туынды

Ахмет Байтұрсынұлы туралы тың туынды
жеке
блог

   Биыл ҚазҰУ-да 4-курс оқып жүрген кезде, өндірістік тәжірибеден өту барысында бағымызға Ұлт ұстазы-Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ғалымның өмірі мен шығармашылығын тереңірек танысу бұйырды.Соған орай Ахмет Байтұрсынұлы Тіл құрал орталығынан, біз, Ахметтану туралы түрлі  мәліметтер,тың ақпарлар жинастыра бастадық.Соның ішінде Амантай Ахетовтің «Властелин Духа»атты  кітабымен таныстық. «Ұлттың әкесі» деп асқақтата жазған автордың туындысы әсерлі  берілген.Ал, Ахмет Байтұрсынұлы туралы айтылған ойлар өз алдына бір кітап десем де артық емес. Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолынан сыр шертер туындылардың қай -қайсы болса да мол мұра.

   «Ол ақырының не болатынын білді. Оны қарауылдар да білетін. Тек олар мына біртүрлі, түріне қарап қауіпті деп ойлауға болмайтын, әрекеті мектеп мұғаліміне ұқсайтын жанның еркіндіктен естілген күн күркіріне неге күлімсірегенін түсіне алмады».Бұл жолдар Амантай Ахетовтің «Властелин духа» кітабынан алынған. Тұтас кітап Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолына арналған.

   Қазақтың ардақтысы, ақын, әдебиет зерттеуші, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсынұлы. Кітап бірден оқырманын баурап алып кетеді. Қазақ ұлының  өмір жолы, құнды ойлары, қайғы-мұңы, жан-жолдас серіктері, ұлтына арнаған қызметі кітапқа арқау болған.

    Байтұрсынұлының саясатқа араласуы 1905 жылмен сәйкес келеді. Ол жергілікті басқару, сот ісі, халықты ағартуға байланысты ұлт мүддесіне сай өзгерістер енгізу, ар бостандығы, сенім еркіндігі, цензураға ұшырамайтын газет шығару, баспа жұмысына еркіндік беру, Ресей үкіметінің Дала ережесіне бағынып, халқымыздың мүддесіне сәйкес келетін заңнама бекіту мәселелерін көтерді. Қазақ жеріне ішкі Ресейден қоныс аударушыларды әкелуге қарсы болды. Ахмет сол кезеңнен бастап патша үкіметінің назарына ілігіп, бақылауға алынды. 1909 жылы  тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылған.

   1910 жылы Ресей ІІМ-нің Ерекше кеңесі Ахмет Байтұрсынұлын туған жерінен алыстатып, жер аудару жөнінде шешім шығарады. Иә, бәлкім елінен алыс жүрсе мүддесінен бастартар деген болар. 1910 жылдың  9 наурызынан бастап Орынборда тұра бастайды. Бұл уақыт оның қоғамдық-саяси өмірінің ең құнарлы кезеңі болды. Ол осы қалада Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейханұлымен бірігіп, ұлт зиялыларының қолдауымен «Қазақ» газетін құрды. Оның ұстаған қаруы – қара қалам еді. Әрбір сөз оқ іспетті, нысанасын көздеді.  Газет басты мақсаты қазақ халқын білімге  шақыру.

   Ахметтің мүдделесі  Міржақып та «Оян қазақ!» деп ұрандады. Міржақыптың Ахметке деген құрметі, олардың қазақ ұлтына деген адалдығы кітапта анық  берілген.

    Қазақтарды мемлекеттік Думадан алыстату ұлт зиялыларының белсенділігін оятты. Ұлт тарихына қатысты шешімді қазақ қана қабылдай алатынын айтып, халықтың санасын ояту үшін қызмет ете бастады. Ахмет пен Міржақып бар күшін осы жұмысқа арнады. Өз кітаптарын шығарды, газет беттерінен халыққа түсіндіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізіле бастады. Міржақып «Біздің мақсатымыз» мақаласында Ресейден қоныс аударушыларды қазақ жеріне орналастырудың астарында үлкен саясат жатқанын ашық жазды. «Ресейде жер жоқ емес, жер бар, тек оның патшасының көңілі қазақ даласының астындағы байлығы мен төсінде жайылған мыңғырған малына ауып отыр» деп ашық көрсетті.

  Ахмет бұл жолда өзі  «ұлттың әкесіне» айналғанын да  байқамады. Бірақ бұл міндетті Жаратушының берген үлкен сыйы ретінде қабылдады. «Мені Алла тағала бекерден бекер жаратпаған болар. Мен өзімді өсірген,  әкемдей қамқор, баламдай бауырыма басқан халқыма тағдырымды арнаймын. Ол үшін ризамын» деп талай түндерді ұйқысыз өткізген болатын. Еркіндік пен бостандықта, алдындағы малдың артына еріп, кең даланы кезіп тіршілік кешкен халқының бүгінгі тағдыры қатты алаңдататын. Уақытқа ілесе алмай,   қайтсем халқымның ертеңін жарқын, болашағын кемел етем деп жан таласқан, ақыл айтар ағасы әрі сенімді досы Әлихан Бөкейханұлымен де талай сыр шертіскен еді.

  Кітапта «қазақ» атауының шығуына байланысты аңыз-әңгіме, әпсаналар, қазаққа тән әзіл-қалжың, әдет-ғұрыптар да ұтымды  келтірілген. Ахмет жанына қазақтың оқыған азаматтарын ертіп, олардың санасына еркіндік идеясын құя білген. Сондай азаматтардың бірі редакцияға жұмысқа келген Ақан болатын. Ақанға айтқан бір ауыз сөзінен Ахметтің әйел затына деген құрметін көруге болады.Кітапта бұндай оқиғалар көптеп жазылған.

  Қазақтың бейқам тірлігі Ахметті қатты алаңдататын. Айналада болып жатқан өзгерістер, өзгелер жеріне, тіліне, дініне араласып жатса да үнсіз қарап отырғандығы ашындыратын. Қазақтың үні бір күнікүндердің күнінде әлемді жаңғыртатынын ол анық білген. Бай әдебиеті бар, екінің бірі шешендікке жақын, суырып салма ақындық қасиет дарыған халықтың өркениеттен кенже қалуы мүмкін емес еді. Тек қазақ ғасырлық дәстүр тамырын солдырмай, оянса екен, білімге, үйренуге ұмтылса екен деген тілек Ахметті алға жетеледі.

  Қазақ халқының басына түскен талай нәубет кітапта  ұлт қайраткерінің тағдырымен қоса беріліп отырады. Бірінші дүниежүзілік соғыс, 1915-1916 жылдары қазақтарды әскерге шақырту, қазақ даласында бас көтерген көтерілісшілер, ақпан көтерілісі, патшаның тақтан құлауы – бұл оқиғалардың барлығы қазаққа ауыр тигені рас. Әскерге соғысу үшін емес, жау тылында окоп қазу ұлт зиялыларының ғана емес қарапайым  халықтың ашу ызасын тудырған.Патша үкіметінің құлауын қазақ зиялылары үмітпен, қуанышпен қарсы  алған халықты енді«Жаңа үкімет» күтіп тұрды. Келесі қадам ретінде  «Қазақ автономиясын» құрды.

 Ұлт тарихын парақтауымыз тегін емес. Өйткені, тарихы оқиғалар «әдеби туындылардың» жазылуына себепкер. Әрбір шығарма тарихтан сыр шертеді. Алаш аңсаған тәуелсіздіктің биыл 30 жылдығын атап өтсек, келер жылы «Алаш» партиясының 105 жылдығы, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы күтіп тұр. Бұл рухани күшейіп, кемелденуге тағы бір себеп. Зиялылардың жүрген жолының соңы аясыз жазаға тартылу болды. Сол сәттегі әділетсіздік, тамырын тереңге жайған дерт бүгінде тек парақ беттерінде қалды. Алайда ер есімі ел есінде жаңғырып тұрады.Елін сүйген,халқын сүйген бір ғасырда бір туатын тұлғалар туралы жазылған осындай тың туындыларды оқып, дүниетанымызды кеңейте білсек, Ахмет Байтұрсынұлы аңсаған ұрпақ біз болмақпыз!

Раушан   МҰХАМЕТЖАН,

                                                                 Әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ,

  Филология факультетінің

4-курс студенті