Спортшыларға сәт-сапар!

Спортшыларға сәт-сапар!
жеке
блог

   

    Құрметті олимпиадашылар, қадірлі сайыпқыран спортшылар! Төрткүл дүние тағат таппай, көз тігіп отырған Лондон олимпиадасын тамашалауымызға, Сіздер үшін тақым қысып, ел намысы үшін марқайып һәм жабырқайтын күнге де жеттік. Ия, Алла қаласа, қасиетті жұмада бастау алатын олимпиада ойындарында кімнің бағы жанып, кімнің бабы шабатынына ел болып, ентелей қараймыз. Рас, жақында ғана дүркіреп өткен "Еуро 2012" ойындарында қазақстандық құрама болмай, көрші елдің ойыншыларына жанкүйер болдық. Шүкір, ұлы олимпиада ойындарында Сіздер барсыздар. Сіздермен мақтанамыз. Сіздер үшін қуанамыз, сіздер үшін мұңаямыз, сіздер үшін тілекті де жаудырамыз!

     Білеміз, Сіздерді оп-оңай қағып алатын, жеп-жеңіл "жұлып" алатын жүлделер күтіп тұрған жоқ.  Қатысушылар мен қарсыластарыңыздың оқ бойы оза шапқан оғландар екені де даусыз. Ол жерге тек текті тұлпарды ерттеп мінген шабандоздар табан тірейді. Десек те, Алла Тағала күш-қайраттарыңызды тасытып, мерейлеріңізді үстем етсін деген патриот жүректің ең ыстық тілегі бар. Лондон көгінде Әнұранымыз шарықтай шырқалып, көк байрағымыз биіктен желбіреп, төбемізді көке жеткізер сәттерді көп күтеміз!

Сіздерге артылған жүктің  қаншалықты ауыр екенін сезетіндеріңіз айтпасақ та белгілі. Жанкүйердің орны бір бөлек, Елбасы қолдап, ауыз толтырып айтатын нәтиже күтетінін білдірген. Ендеше алтынымыз көбейіп, қоржынымыздың салмағы арта түссін! Сәт-сапар!

                             

                                                                                                                   суреттер:гуглден