АНАНЫҢ ӘЛДИІ –БОЛАШАҚТЫҢ БАСТАУЫ

АНАНЫҢ ӘЛДИІ –БОЛАШАҚТЫҢ БАСТАУЫ
жеке
блог

Бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді,

он жылдығын ойлаған ел ағаш егеді,

мәңгілігін ойлаған ел – ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді.

                                Халық даналығы

           Бөбектің үйі саналатын ағаш жабдық - қазақ халқының дәстүрі мен рухани мұрасының бастауы, сәбиге тәтті ұйқы сыйлар жылы ұя. Ежелде ата-бабамыз бесікті «Табиғат-Анаға біртабан жақын болсын» деп, ағаштан, тамырын терең жайған қайыңнан жасаған. Сол кездерден бастап бесікті «тал бесік» деп те атайды. Сонымен қоса, бесік - өте киелі зат болғандықтан, оны саудаламайды, бесік саудалағанды әдепсіздік, тәрбиесіздік деп есептеген. Бұл үрдіс қазіргі күнге дейін жалғасын табуда. Қазақ халқы бесікті құтты, қасиетті мүлік санаған. Бір мекеннен екінші бір жерге көшкенде де шаңырақ секілді бағалап, өздерімен қоса алып жүретін болған.

         Бесік жабдықтарына - жастық, жөргек, түбек, шүмек секілді заттар жатады. Жастық- жөргектер- бөбектің ыңғайлы жатуына арнайлап тігілсе, түбек, шүмектер сәбидің таза және тыныш ұйықтауына қажетті жағдай жасайды. Бесіктің бетін жабатын шілтері кішкене бөбекке тәтті ұйқы сыйлайды.

       Сонау ежелден бастап, қазақ халқының тұрмысына сіңіп, ұлттық құндылығымызға айналған бесікке байланысты күнделікті өмірімізде қолданатын ырым-тыйымдар да біршама. «Бос бесікті тербетпе», «бесіктің теріс жағына отырып тербетуге болмайды», «бос бесікті жабусыз қалдырмау керек» деген секілді өнегелі ырымдар оның қасиетті екендігінің тағы бір дәлелі.

      Бала тәрбиесінің діңгегі саналатын – бесік жыры да халқымыздың танымфынан, даналығынан хабар беретін қастерлі жыр екендігі белгілі.  Бұл жырдың әуезділігі сонша, естіген құлаққа жағымды, тыныш ұйықтауына жағдай жасайды. Өткенге көз тастап, бүгінге жеткен аңыз-әңгімелерге сенсек, бесік жырын ең алғаш орындаған Хауа ана деседі. Ол өзінің егіз балаларын уата алмай, не істерін білмей отырады. Сол мезетте көктен періштелер түсіп, әдемі әуезбен құлақтың құрышын қандыратындай ән салады. Бүлдіршіндер әуенге елтіп, ести сала ұйқыға кетеді. Мұны көрген Хауа ана періштелерден «керемет әуенді» үйретуін сұрайды. Ал періштелер болса, бұл жырды жеті күн бойы Хауа Анаға үйретіпті-мыс. Кейін Хауа Ананың ізін жалғап, барлық аналар осы әнмен бөбектерін ұйықтатын болыпты. Бұл әуен дами келе "бесік жырына» айналған екен.

       Бесік жыры-баланың дүниетанымын ерте кеңеюіне жол ашады. Анасының әлдиімен өскен әрбір жеткіншек болашақта ел қамын ойлайтын, халық үмітін ақтар азамат болатыны сөзсіз. Себебі, ұлттық танымы мен анасының үміті ұштасқан әуен ұлтжанды азамат болып өсуіне әсер етеді. Ұлтының құндылығын бағасына жетіп бағалай алатын, дәстүрін бойына сіңірген адам туған жерінде тамырын тереңге жіберген қайың іспеттес кез келген қиындыққа қасқайып қарсы тұра алатындай ұлтжанды азамат болып өседі. Ел мақтанышына айналған Б. Момышұлы  "Ұшқан ұя" атты кітабында бесік жырының әлдиін тыңдап өскендігін мақтанышпен айтады. Ал поляк революционері А.Янушкевич қазақ балаларының тілінің ерте шығатынына таңырқағандығын жазады. 3-4 жасар баланың тілінің жатық болуы, 5-6 жасар баласының сөзге шешен болып, ойын ұтымды жеткізетіндігін бесік жырын естіп өсуімен байланыстырады. Бесік жырының қазіргі кезде көп қолданыста жүрген түрі мына нұсқа болып табылады:

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем.

Жылама, бөпем, жылама,

Жілік шағып берейін,

Байқұтанның құйрығын

Жіпке тағып берейін,

Әлди, әлди, ақ бөпем…

Әуезді ән мен баланың болашағынан күтер үміт бір әнде тоғысады. Сондықтан, кішкентай сәбиді бесік жырымен ұйықтатып, болашақта ұлы адам болуына сәби кезінен бастап тәрбиелеу керек.

          Бауыржан Момышұлы «мен үш нәрседен қорқам: ертегі айтпаған әжеден, бесік жырын айтпаған анадан, тарихын білмейтін баладан. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын ...» деген екен. Батыр атамыздың сол сөзі қазірде шындыққа айналып бара жатқандай. Қазіргі кезде бесік жырын айтудың орнына, арнайы жазылған әндерді телефонмен қосып қою әдетке айналып барады. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, бала дүниеге келгеннен бастап 2-3 айға дейін сыртқы орта туралы ақпаратты тек құлағы арқылы ғана алады екен. Аппақ парақ секілді таза миына жақсы, жаман эмоцияларды жинай беретін көрінеді. Зер салып қарасақ, ешбір техника ананың әлдилеген әнін айнытпай салып бере алмайды және жырмен қоса жеткізілетін ана махаббатын көрсете алмайды. Бала тәрбиелеуде осылай енжарлық көрсете отырып, болашақтың опасыз жеткіншектерін тәрбиелеп отырғанын көп адамдар сезбеуі де мүмкін. Ананың әлдиіне қанып өскен бала ғана, халықты шын түсініп, ата-анасын қадірлеп, төбесіне көтеріп отырады. Дәл осылай, ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрді сақтай отырып, саналы ұрпақ тәрбиелеу құралы ретінде  қолданып, келешек ұрпаққа мирас етіп қалдыру – біздің болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз. Әрбір қазақтың шаңырағында бесік жырының әуезді үні үзілмесін. Жыр тыңдап өскен бөбектеріміз көп болғай.                                                                         

 

Қарасай Нұрбибі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

магистранты

 

Философия және саясаттану факультетінің профессоры, доцент Жанатаев Данат Жанатайұлы