Карантиндегі студенттік өмір

Карантиндегі студенттік өмір
жеке
блог

Студенттік өмір...

Студенттік өмір – кімнің де болсын ең бақытты шағының бірі. Бұл кезеңді көпшілігі қиындық пен қызықтың дәмін бірдей татып көретін кезең ретінде еске алады. Мектеп бітіріп, өмір тізгінін өз қолыңа ала бастайсың. Өмір жолында кездесетін ең қызықты шақты да,  түрлі қиындықтарды да, ғашықтық ғаламатын да осы студенттік шақта бастан кешіресің. Балалықтың буы әлі де болсын тарқап үлгермеген соң, қиындақтарды оңай еңсеріп, қайғы-мұңды бала көңілге қыстыра қоймайсың. Бұл айтып жатқан студенттік шақ - ата-анамыз бен университет бітіріп кеткен аға-әпкелеріміздің көз алдына келетін ең керемет сюжет. Ал біздің бастан кешіріп жатқан карантиндегі студенттік өміріміз қандай?

Карантиндегі студенттік өмір...

Үйде, онлайн форматта оқып жатқан соң студенттік өмір екені сезіле қоймайды. Туған-туыстың «Группаластарыңды танисың ба, олармен көрістің бе?» деген сұрағы, әсіресі, мен сияқты 1-курс студенттеріне көп қойылады. Бірақ онлайн форматта оқудың да өзіндік пайдасы жетерлік.

Онлайн оқудың пайдасы...

·      Аялдамада автобус күтіп уақыт жоғалтпайсың.

·      Түскі асқа/ кешкі асқа шығын шығарып әуре болмайсың. Сабаққа үлгермей қаламын деп таңғы ас ішпей шығу, қаражат тапшылығынан түскі ас ішпей жүре беру секілді жағдайлар мүлде болмайды. Таңғы, түскі, кешкі ас үйде өтеді. Есесіне, үй тағамдары мен уақытылы режим денсаулыққа пайдалы.

·      Жердің кез-келген нүктесінде жүріп, сабақ дәрістерін тыңдай аласың. Ең бастысы ұялы телефоныңыздың қуаты толып тұрса және ғаламтор желісі жақсы ұстайтын жер болса болғаны.

·      Бұл жүйеде оқудың ең жағымды жері – ата-анаңыздың қасында боласыз. Туған жерден жырақта жүру, отбасыға деген сағыныш сезімі кернеу секілді нәрселер болмайды.

·      Онлайн жүйесі көптеген жастарды шыңдауда. Өнертапқыш жастар түрлі құрылғыларды ойлап тауып жатыр. Ал біз сияқты қарапайым студенттер көптеген технологияларды осы онлайн форматтың арқасында оңай игеруде.

Бір топта оқитын достар...

Рас, сіздер ойлағандай, біз, 1-курс студенттері бір-бірімізді толық көріп үлгермедік. Бірақ бір-бірімізді жақсы танимыз. Арасында жақын болып кеткен достарымыз да бар. Сабақ жайлы кеңесіп, топтық жұмыстар жасап жүріп-ақ жақындасып кеттік. «Қашықтықтағы достық» болатындығына осы дәлел болмақ.

Онлайн оқу жүйесі...

Оқу жүйесі «Zoom», «Microsoft Teams»деп аталатын ғаламтор желілері арқылы іске асады. Онлайн оқу - жан-жақты білім алуға таптырмас жол. Барлығы студенттің ынтасы мен ерік-жігеріне байланысты. Кейде онлайн сабақ өту аудотрияда сабақ өткеннен де қиын. Қолымызда керекті ктіаптар болмаған соң, электронды кітаптар оқитынымыз, ондай кітап болмаған жағдайда ғаламтор бетін кезіп кететініміз бар. Қай жағынан алып қарасаң да, бұл оқу жүйесі жастарды ғаламтор жілісіне одан сайын байлап қойды...

Карантиндегі студенттік өмір ерекше есте қаларлық тарихи кезең болмақ. Студенттік шағымыздың алғашқы кезеңін үйде өткізгенімізді келесі ұрпақ білсе қызығып, таңырқайтыны сөзсіз.

Студенттік өмір әлі алда. Әлі-ақ дәстүрлі оқу жүйесіне көшіп, достарымызбен, армандап түскен оқу орнымызбен қауышамыз. Қызықтың көкесі сонда болмақ. Ол күнге де жетеміз деген албырт жастықтың сенімі зор. Ал қазір бізге керегі – вирустан алыс жүріп, сабағымызды жақсы оқу. Себебі еліміздің болашағы – біздің қолымызда!