Сетевойдың бір сыры

Сетевойдың бір сыры
жеке
блог

Дәл қазір өзімнің қалай алданғанымды сіздерге айтып, ішімді бір босатпасам, болмайын деп тұр... Көз жасымды төгіп-төгіп жіберсем де, артық емес-ау...

Онша көп араласып-құраласпайтын сыныптасым Айгүл соңғы аптада хабарласқыш болып алды. "Оқуды бітіріп жатырмыз ғой, сағынып, құлазып жүрген шығар" деп іштей бәлсініп қоям. "Қайдағы?" деймін тағы да. - Хабарласып, жағдай сұрасса, төрт жыл бойы қайда қалды?" Қателеспеппін. Үшінші хабарласқанда кібіртіктеп тұрып, бұйымтайын айтты.

-Әлдебір жұмыс істеп жатыр едім, соған егер мүмкіндік болса, менің мектепте қалай оқығанымды, мінезімнің қандай екенін айтып бересің бе?..

-Жарайды, бірақ, не деп айтам, екеуміз жөнді араласпадық қой мектепте...

- Енді былай... Тіл маманысың ғой, келістіріп жіберуге болатын шығар. Бір көмегің болсын...

-Жә, жарайды, бірдеңе қылармыз.

Сөйтіп, кездесетін болдық. Көптен көріспеп ек. Түк өзгермепті. Өзгергені алақ-жұлақ етіп тұрған жанары. Көкірегіме күдік ұялады.

-Ол қандай жұмыс сонда, сен туралы не деп айтып беруім керек? Әлде бірдеңе бүлдіріп қойдың ба?

-Бәрін түсінесің қазір кеңсеге барайық...

Кеңсеге кірдік. Айгүл мені аядай бөлмеге кіргізді де, есікті ішінен жапты. Көп ұзамай, қолында папкалары бар бір жігіт пен екі қыз келді. Екеуі екі жағыма, үшіншісі қарсы алдыма отырды да:

-Сәлеметсіз бе? Есіміңіз кім?-деді.

Жауап бердім.

-Бұнда не үшін келдіңіз?

Айгүлге жалт қарадым да:

-Айгүл шақырған, өзі туралы айтып беруімді өтініп..-дедім.

-Ендеше, біздің ортамызға қош келдіңіз! Шашы беліне дейін түскен қараторы қыз асықпай папкасын айқара ашты:

-Бұл Пәленше компаниясы. Ол туралы естіген шығарсыз?

-Бұл әлгі сетевой компания емес пе?! Адамдарға ертегі айтып, оңай жолмен ақша табуға болады дейтін пәле емес пе?!

Бәрі түсінікті болды. Сыныптасым мені алдап шақырған. Ох, оңбаған!

Беті бүлк етпей сазарып отырған Айгүлге оқты көзбен қарап:

-Мені неге шақырғаныңды түсіндім,-дедім де, есікке бет алдым.

Көп ұзамай, сыныптасым артымнан жүгіріп шықты.

-Сонда сенің жұмысың сол ма, адамдарды алдап шақыру ма? Ұялсаң етті. Менің ол компанияда істейтін таныстарым бар, білем бұның қандай нәрсе екенін!

Даусым қатқылданып шыққаны сондай, жан-жақтан өтіп бара жатқан жұрт бізге аңтарылып қарасты. 

-Мен сені жаман нәрсеге шақырған жоқпын ғой...

Әлі өзінікін дұрыс деп тұр. Расымен әркімнің өз шындығы болады емес пе? Ол үшін мен дәл қазір өмірдегі ең оңбаған адам болып көрініп тұрған шығармын. Мейлің...

Сыныптасым көз алдымда төмендей берді. Тіпті, қызармаған бетіне қарамастан, бірінші тоқтаған таксидің есігін жұлқып ашып, мініп кеттім.

Жолда келе жатып, өзімнің аңқаулығым үшін тағы бір мәрте таяқ жегенімді түсіндім.