БҰЛ ӘЛІПБИ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

БҰЛ ӘЛІПБИ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК
жеке
блог

    Әліпби түзу өте күрделі процесс, себебі ол ұлтқа қызмет ететін, ұлттық сананың қалыптасуына жазу арқылы жол ашатын жүйе. 28 қаңтар жарыққа шыққан ұлттық әліпби – ұлт тарихындағы ұмытылмас оқиға. Бұл әліпбидің апостроф, акут негіздегі әліпбиден ерекшелігі – тіл мамандарының, НАҒЫЗ ғалымдардың әзірлеп шығарғандығында. Бұл әліпбиде рационализм мен ғылыми  негіз бар. Бұл ретте Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының еңбегі орасан. Халықаралық тәжірибелер тереңінен зерттелді. Бір жыл ішінде Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия және Ресейдегі түркітілдес халықтар бар, барлығы 9 елдің ғалымдары жиналған үлкен ғылыми конференцияда әліпби жасау тәжірибелері талқыланды.
    Соның нәтижесінде диакритиканың 4 түрінен құралған әліпби түзілді. Олар төбесінде екі ноқаты (нүктесі) бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) деп аталады.
    Әә, Өө, Үү әріптерінің төбесіне екі нүкте қойылған, яғни умляутпен таңбаланған, себебі әзербайжан, түрікмен, неміс, т.б. елдердің әліпбиінде умляутпен жіңішке дауыстарды таңбалайды.
   Ал Ğğ - Ғғ бревиспен берілген. Көптеген ұлттың әліпбиінде бревис тамақтан шығатын қысқа дыбыстарды білдіреді екен.
   Ал макрон дауысты дыбыстардың созылыңқылығын білдіретін диакритика. Оның сипатын қазақ тіліндегі Ұ дыбысы алып отыр.
   Не себепті бір емес бірнеше диакритика әліпбиге арқау болды? Акут әліпбиінің тәжірибесі көрсеткендей, біріңғай акутпен (Ó, Ú, Á және Sh) жазу көзшалым үшін ауыр, оқырманның түсінуіне, жазылымға аса қиын. Акут әліпбиі халық арасында көп сынға ұшырағаны да белгілі (Аshana – Ашана, Shyńǵyshan – Шыңғышандар қаптап кеткен бір кездері). Ал жетілдірілген жаңа әліпбидегі диакритикалық таңбалардың алуандығы мен бірінің жол астында, бірінің жол үстінде орналасуы көзшалым мен қолдағды үшін қиындық тудырмайды, оқу мен мәтінді қабылдауды жеңілдетеді.
   Бұл қазақ жазуы тарихындағы бірініші реформа емес. Кирил әліпбиіне өтіп, көбіне орыс тілінің орфографиялық ережесімен оқығаннан, жазып-сызғаннан халықтың сөйлеуі мен ортологиялық нормасы бұзылды. Ал түп қазақ олай сөйлемеген. Демек, латын әліпбиіне көшу арқылы тілдік қайнар бастауымызға қайта ораламыз. Себебі жаңа әліпбидегі емле ережесі де қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына сай құрылады. Рухани жаңғырудың, латыннегізді ұлттық әліпбиге көшудің мәні де осында деп есептеймін.