Ой түю

Ой түю
жеке
блог

Жыр жолымды жастығыммен бастадым,

Бастағаным жыр сандықты ашқаным.

Сан сұраққа санам жауап таба алмай,

Сандалып бір сергелдеңнен қашқаным.

Жалын атқан, ұшқын атқан жас жаным,

Құлқыныңнан аса алмадың, аспадың.

Басыма Аллам берген ақ ойларды,

Жүрегімнің түкпіріне тастадым.

Әншейінде арамдыққа қас жаным,

Жеме-жемде енді неге қашпадың.

Жегенімнің адал, арам екенін

Айқындамай, айыра алмай сасқаным.

Ой шатасып, мұңын мұңдап басқаның,

Біле тұра шалыс қадам басқаным.

Біліп-білмей істеген күналармен

Тозаққа мен қанша қадам аттадым.

Өкініштен бармақ тістеп жатқаным,

Еске түсті айналып кеп арттағым.

Құлшылықпен өткен ғажап сәттерді

Қуанумен ойымда әркез сақтадым.

Айыбы жоқ адасып жолын тапқанның,

Жөні емес бұл мойынға мінді таққанның.

Ақырын жүрсең еңбегін кетпес далаға,

Дұрыс дермін әліптің артын баққаның.

Дерті деңдеп, соңына түсіп ақшаның,

Есімде тұр есірткіні сатқаның.

Қазағыма жараспайтын қылық-ақ

Ұят емес пе біріңді бірің атқаның

Өміріңнің ұмытып жарқын шақтарын,

Кәпірленіп кешпе күнә батпағын.

Иман етіп Аллаға бұл фәниде

Көңіліңді кіршіксіз қып сақтағын.

Ақылың болса Алланы ғана мақтағын,

Сөйлемес жерде ауызды жөн жапқаның.

Он пәленің тоғызы тілден екен,

Асылық сөйлеп, асығыс тіл қатпағын.

Уақытыңды бос күлкіге сатпағын,

Оздырмай уақыт намазды тез бастағын.

Қиуы қашқан у-шу мынау әлемде

Тыныштықтан артық бақыт таппадым.

Тұрғанда кетпей қазанда күйіп қаспағың,

Одан әрі азғындық отын жақпағын.

Лә илаһа иллаллаһ - сөз ұлысы

Қайталашы, сөзімді досым жаттағын.

Көкжиектен шуағын күліп шашқан күн,

Нөсерлетіп адамдарға шаққан мұң.

Тамағы тоқтық аздырар адам баласын,

Қарныңды қайтем жылап жатса аштарым.

Жемісі бітіп, құстары қайтып бақтардың,

Бұл өмірде өте шығар қас-қағым.

Қазір күлсең қияметте көрерсің,

Сел болып көз жасыңның аққаның.

Қандай болып кетті бүгін жастарым,

Жөн емес-ау бәріне күйе жаққаным.

Адал аппақ хақ жолында Тәңірдің,

Өтсе екен құрдасым-ау жас шағың.