жеке
блог

Қазақ флористикасын дамытқым келеді

Бүгінде флористика тек өсімдікпен ғана байланысты емес,  қаражат көзі және заманауи жаңа кәсіп. Дәл осы саланы қазақи стильде кәсіп еткен және бірталай жетістікке қол жеткізген жас маман – Нұргүл Жабағықызының есімі Қарағанды облысының тұрғындарына жақсы таныс.

«Бала кезімізде үйде көп гүлдер болатын. Оларды анам жылы лебізімен күтіп, өсіретін. Өсімдік әлеміне деген қызығушылығым сол кезден басталған еді. Бірақ, қызығушылығыма қарамастан анамның қалауы бойынша экономика мамандықтарын оқып, 7 жылдан соң экономика ғылымының магистрі атандым. Докторлықты жалғастыру ойымда болса да, тағдырым флорист маманы болуды қалаған екен. Үйде баламен отырғанда  үй гүлдерін сатуды ермек қылдым. Екі жылдан соң «Абай қаласының көпсалалық колледжіне» шақыру алып, ұстаздық жолымды бастадым. Осы кезден бастап менің флористикаға деген құлшынысым арта түсті. Оқытушы болып жүрген кезде әлемнің ұлы флористерінен  әлеуметтік желілер арқылы сабақ алдым. Олардан алған теориялық білімімді практикалық тұрғыда дамытып, студенттеріммен біріге әртүрлі композицияларды дүниеге әкелдік. Сол сәттерде шабыттанғанымыз сондай уақытқа қарамастан жұмыс жасап, үйге түннің бір уағында қайтатынбыз», - дейді Нұргүл.

Флористика – шығармашылық жұмыс болғандықтан, белгілі бір дәрежеде шабыт болғанын талап етеді. Ал Нұргүл үшін бұл қиын емес. Ол өзі істейтін жұмыстан рухтанып, қолына гүлдерді алған сәтте оны ешкім тоқтата алмайтынын айтады. Кәсіппен айналысудың өз мәні  бар, ал флорист маманның кәсібіндегі ең маңызды дүние – сапа. «Мен үшін өзім жасаған кез келген композиция адам көңілінен шығуы қажет. Ол арнайы тапсырыспен жасалса да, қайырымдылыққа арналса да міндетті түрде тапсырыс берушіге ұнауы керек. Сол себепті алдын ала клиенттің талабын, не қалайтынын біліп, идеяларды ұштастыра отырып, тың дүниені іске асыруға кірісемін»,- дейді ол. Нұргүл Жабағықызы  үш жылдың ішінде 500-ге жуық композиция жасап, 200-ден аса адамдарға флористика бойынша сабақ берген.  Олардың көбі бүгінде шағын бизнесі бар флорист кәсіпкерлерге айналған. Қазір  шәкірттерімен бірге халықаралық байқауларға дайындалып жатыр. Қазақ флористерінің басын қосатын форум ұйымдастырмақшы. Оның ендігі мақсаты – флорист болам деген жастарды дайындап, Қазақстанның флористика саласының дамуына үлес қосу.

Мерей АУҒАЛИ

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



Жұлдызды блогтар

Ана мен бала жағдайы
Ана мен бала жағдайы
Бауыржан Момышұлы келінінің кітаптары
Бауыржан Момышұлы келінінің кітаптары
Екі жүрек бірге қағуда
Екі жүрек бірге қағуда