Тілге құрмет – елге құрмет

Тіл – адамзат үшін ең бағалы құндылықтардың бірі һәм бірегейі. Бойымызға ананың сүтімен дарыған тіл бірінші байлығымыз, баға жетпес қазынамыз. Оны білу, құрметтеу барлығымыздың парызымыз деп санаймын.

Тілім менің –  тірлігімнің айғағы,

Тілім барда айтылар сөз ойдағы,

Өссе тілім, менде бірге өсемін,

Өшсе тілім, менде бірге өшемін! – деп, сонау тоқыраудың тоңмойын заманында ақын атамыз Әбділдә Тәжібаев жырлағандай, халық әрқашан тілмен бірге жасап, тілмен бірге ғұмыр кешпек. Елдігіміздің, ертеңіміздің жарқын болуы да тілге байланысты. Себебі бүкіл дәстүріміз, салт-санамыз, әдет ғұрпымыздың темірқазығы – тіл.

Қаншама ғасырлар бойы ата-бабамыз «аттың жалында, түйенің қомында» күн кешіп, қызғыштай қорғағаны – тоқымдай жер мен қасиетті тіліміз. Бізге қалдырған баға жетпес мұрасы.

Ақпараттық технология дамып, заман өзгерді. Бұл өзгеріс тілге де өз әсерін тигізуде. Менің ойымша, оның бірінші себебі жетпіс жыл Кеңес Одағының отарын көрсек, екіншісі, көп ұлт өкілінің елімізде қоныстануынан. Бұл менің диаспораға қырын қарағаным емес, естіген құлақта жазық жоқ көшеде серуендей қалсаң  неше түрлі тіл иелерінің диалогтарына куә боласың. Олармен қосылып өз қаракөздеріміз де өзге тілде үн қату көңілге қаяу түсіреді. «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жаныңнан түңілер» демей ме. Ана тілімізді әр қазақ баласы құрметтесе өзгелер өктем болар ма еді. Өкініштісі, өзге тілде сөйлесу қалыпты жағдайға айналып кетті. Бұған бойымыз үйренгені сонша өз арамызда ана тілде сөйлеуді мансұқ етеміз.

Қадір Мырзалиев «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегендей өзге тілді білген, үйренген жақсы.  Оны «Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың» деп Абай атамыз да айтқан. Бірақ өз тілімізді құрметтеуді аманаттаған да осы аталарымыз. Себебі біздің өзге елдерден негізгі айырмашылығымыз тіліміз бен мәдениетімізде.

Әлемде 7 мыңға жуық тіл бар, сарапшылардың мәліметінше 2 аптада бір тіл жойылады екен. Мұндай құрдымға қазақ тілі кетпес үшін әр қазақ баласы патриот болуы керек. Әйтсе де өз тіліне өгейси қарайтын қандасыңды көргенде көңілің қан жылайды. Өз тілін қор санайтын мәңгүрт қандасыңа қарап «қазақ тілінің болашағы өз қолында екенін біле ме екен?...» – деп аяп кетесің.

Қазақ тілі ең әуенді, әдемі тілдердің бірі. Григорий Потанин: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деуінің де мәні осында. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге құштарлығы күн санап артып келеді, бұл мақтанатын жағдай.

Нельсон Мандела:  «Егер тіл мен мәдениетің жоғалса шекараны аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес...» – деген керемет пікір айтқан. Елдің мәңгілік өмір сүруі тілге байланысты. Тілсіз ұлт болмайды. Қазақтың қазақшылығының басты белгісі – қазақша сөйлеу. Сондықтан тіліміздің болашағы үшін әр қайсысымыз тырнақтай болса да үлесімізді қосуға ұмтылу парызымыз. "Отан от басынан басталады", өз отбасына қазақша сөйлемеген ата-ананың қазақ тілі деп өтірік сарнауының еш мәні жоқ.

«Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», - дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Өзімізді жоғалтып алмайық, Қазақ елі!

Ержанқызы Ұлбибі
ЖББ №112 мектептің 10-сынып оқушысы

Пән мұғалімі:Түсен Сандуғаш



Бөлісу: