Сарбаз болу әр жігітке жарасады!

   

ҚР "Ұлан" ұлттық гвардиясы - мен үшін еліміздің әрбір ер жігітін нағыз азамат, тегеурінді тұлға ретінде қалыптастыратын, темірдей тәртіп пен адал жүректі болуға тәрбиелейтін бірден-бір жоғарғы орган. Ия, солай деп есептеймін. Ұландық сарбаздар  кірпік қақпай сапта тұрып, тайбурылдай тебініп қадам жасағанда кімді де болса таңқалдырады. Басқалардан бір ерекшелік бар әйтеуір, тартымды. Әттең, барлық жігіт сол жерде сап түзеп, елге, жерге деген сүйіспеншілігін сезінсе. Бірақ, ол жердің табалдырығынан аттау, "Ұланның" сайыпқыран сарбазы атану екінің біріне бұйыра бермейтін бақ.

    Сыныптасым 2 жыл бұрын Отан алдындағы борышын "Ұланда" өтеп, жігіттің "сұлтаны" болып оралды. Келгенде оған ауылдағы жігіттердің іс-әрекеті, сөйлеген сөздері, қисық қалжыңдары ерсі көрінді. Салмақты, сабырлы, тіп-тік дене бітім. Достары ерекше сәнделген сарбаздың формасын кезек-кезек киіп, суретке түсіп абыр-сабыр болды. Таңға дейін әңгімелерін сұрап, ол жақтағы маңызды жағдайлармен бөлісті. Сол кезде байқадым, "Ұланның" қадірін. Міне, содан бері менің де інім "Ұланда" борышын өтейді деген тілекпен жүрдім.

    Ол кезде Думан студент болатын. Ол үйдің жалғызы, үйдің тірегі. Оны жалғыз бала деп маңдайынан сипап, бетіне мөлдіреп қарап отырмады ата-анам. Еңбектің соңында өсті. Ауылдың бар тірлігі соның мойнында, әкесінің қолқанаты. Таң ата қыбырлаған тірлікке кірісетін оған жаным ашып, бір жағында жүргенді құп көретінмін. Оқуын бітіргесін жаныма жұмысқа тұрғыздым. Көз алдымда жүрсін дедім. Ол түнде далаға кетіп қалса (ауыл жігіттерінің әдеті ғой, кешке көшеге кететін) жат қылықтарға әуес болатын болдың деп, кәдімгідей ренжіп, зекитінмін. Садық, Еркебұлан сияқты блогтар жазбайсың деп те ренжимін)). Қысқасы, идеал жігіт болсын деген тілегім күн санап өсе берді. Сәл қит етсе, ренжіп, ыза болатынмын. Күнім-ау, сөзімді қайтарып, мені жерге қаратқан емес. Үстіміздегі жылдың көктемінде кезекті әскерге шақыру кезеңі басталды. "Әскерге құжатыңды тапсыр" деп қалдым бір шәй үстінде. Зауқы соқпайтындай кейіп танытқандай болды. "Барасың, Ұланға дайындаймыз құжатыңды" деп едім, алып-ұшып дайындыққа кірісті. Басталды, таңмен таласа медкомиссиясы бар, басқа да құжаттары бар, сапырылысу. Ауылдың бұрыш-бұрышын қоймай, облысқа тексерілуге шапқылады. Қатардағы әскерге кететіндер кетті, менің інім табанынан тозды, бітпейтін медкомиссия. Облысқа кезекті шақыру, хабарлассам:"бітті ертең кететін болдым, бірақ Ұланға емес". Менің қанымның басына шапқанын көрсеңіздер ғой, кімге, неге ренжитінімді білмеймін. "Ұлан" еді ғой менің арманым. Тас-талқан болған арманым-ай!Жолымның болғаны, облысқа іс-сапарым болып, кешке пойызға мінуіне шығарып салуға мүмкіндік болды. Әбден толқыдым, таксиде отырып, қатардағы әскердің жайынан құлағдармыз дегендей. Бекер-ақ бар дедім. Барған соң звонда дедім соңғы сөйлескенде, пойызда болатын. Сода кейін телефон сөндірілді.

    Жаман екен, хабар-ошар жоқ. 2 апта өтті, военкоматқа бардым, "қайда менің інім?" деп. Сол кездегі уайым мені жеп қойды-ау. Интернеттен бір жола бас тарттым. Қиналып, әскердің қалт етсе қағып түсіретін тәртібіне үйрене алмай, мені кінәлап жүрген болар деймін да сандалып. Жоқ, ойларым мені босқа қажытыпты. Құдайға шүкір, 1 жарым айдан кейін звондады-ау құлыным. Аузыма "күнім, жаным, ботахан" дегеннен басқа сөз шықпай әбден әбігерге түстім. "3 күннен кейін ант қабылдау рәсімі өтеді, келе аласың ба?" деді. Ол үйренген, қашанда менің оны қолдап жүретініме. Сүйіншілеп, үйге айтып, арқаны кеңге салдым-ау. Жұмыстан жібермесе де,  Алматы қаласындағы жас сарбаздар аэроұтқыр әскерінің сарбазы атанып, ант қабылдаған баласының салтанатты рәсімін көріп келген ата-анам үшін сондай қуандым. Бүгінгі күнде Думантайым салмақты сөз саптап, азамат болып Отан алдындағы борышын өтеп жүргеніне мәз боламын. Дегенмен, "Ұланға" ауыстырып жіберсе деген болмайтын ой да санамнан өшер емес. Бірақ, қайда?! 

Сарбаз болу әр жігітке жарасады, тек мазаларын қырдай қылмай, әскерге аттандырса игі. Сарбаздар аман болып, көздері қырағы, күштері қуатты болсын!



Бөлісу: