Алматыдағы "Шыны бағы"

Алматыдағы "Шыны бағы"
жеке
блог

Чехия елінің кез келген дүкенінен әйнек, шыныдан жасалған неше түрлі әдемі дүниелерді көруге болады. Көздің жауын алатын бұйымдарды әйнекті үрлеу арқылы жасау ол чех халқының ескіден келе жатқан дәстүрлі әдісі. Бұл елдің шыны зауыттарының өнімдері бүкіл әлемге әйгілі. Ал әйнек бұйымының шеберлері өз тәжірибесімен бөлісіп, көптеген жас мамандарға тәлім беріп келеді. Шыны бұйымдарын жасауды үйрену үшін жыл сайын Чехия еліне білім алуға әлемнің түкпір түкпірінен жас мамандар келеді екен. Арасында Қазақстан жастары бар деседі. Өте қызықты әрі нәзік индустрияның тізгіні чех халқының қолында. Оларға тең келер басқаны білмейді екенмін.

Прага қаласында болғанымда көздің жауын алатын бұйымдарды көріп, қатты таңқалған едім. Әйнек-шыныдан олар кішкентай түймелерден бастап үлкен бұйымдарды жасайды. Осындай бұйымдарды жасау оңай шаруа емес екені анық, бірақ оны қалай жасайды, қалай бояйды, қалай өрнектейді деген ойлар болды.

Енді бұл әдемі бұйымдарды Қастеев атындағы өнер музейінде өтіп жатқан көрмеден көруге болады.  «Шыны бағы» авторлық көрмесінің ашылу салтанатына шебер Иржи Пачинектің өзі келді. Шебердің есімі Чехияда ғана емес, бүкіл әлемге танымал. Ол ескі әдісті қолдана отырып, заманауи әйнек бұйымдарды өндіретін шебер. Өткен жылдың қазан айында бұл көрме астанамызда өтсе, бұл жолы Чехия Республикасының Елшілігі және Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің бірлесуімен Алматы жұртшылығының назарына ұсынылып жатыр. Флора мен фаунаның экзотикалық мекендеушілері бейнеленген 30 авторлық туындыны арнайы ұшақпен Алматыға алып келген екен. Келем деушілерге көрме есігі 1 наурызға дейін ашық.