жеке
блог

Таза ауамен тыныстағыңыз келсе...

 

            Бөлме гүлдерін таңдарда олардың тек әдемілігіне ғана емес, сонымен қатар үйдің ауасын тазартудағы маңызына да назар аударған жөн. Ауаны шаңнан, микробтар мен токсиндерден тазартатын, жихаздардан бөлінетін формальдегид, фенол сияқты улы заттарға, жылу құбырлары мен көгілдір газдан шығатын ксиллен, трихлорэтилен, бензол тәрізді денсаулыққа зиянды газ бен ауыр металдарға қарсы қауқары бар гүлдерді өсірген абзал. Барлық гүлдерде осы қасиет белгілі бір дәрежеде болады.

         Біз сіздерге күтімі жеңіл әрі жоғары дәрежеде бөлменің  ауасын тазартатын  бес түрлі бөлме гүлін өсіруге кеңес береміз.


            1. Хлорофитум – бөлменің ауасын тазартуда ең басты орын алатын ғажайып гүл. Ол оттегі, фитонцид бөлуімен бірге, ауадағы зиянды бактериаларды жояды. 10-12 шаршы метрлік ас бөлмесінде  газ окисі мен жағымсыз иістерді керемет деген ауа тазалағыш құралдардан жақсы әрі тиімді тазалайды.  Антибактериялық қасиеттері жоғары болғандығынан болар, хлорофитум ешқашан зиянкестермен зақымданып ауырмайды. Күтімі, көбейтілуі өте жеңіл. Хлорофитум бізге осындай пайдалы қызмет жасауы үшін, жапырақтарына күнделікті су бүркіп ылғалдандырып әрі шаңнан тазартып тұру керек. Суды топырағын  кептіріңкіреп  барып, молынан суғару керек.  Алакөлеңкеде өседі. Мұртшаларының ұшындағы  балапандарын ылғалды топыраққа батырыңқырап қадап қойса, тез тамырланып кетеді.


            2.Фикус. Фитонцидтік қабілеті өте жоғары. Ауаны токсиндерден жақсы тазартады, сондықтан да оны ас бөлмеге немесе терезесі автокөліктер көп жүретін жол жаққа қараған бөлмеге қойған  дұрыс.  Жапырақтары ауадағы зиянды заттарды, шаңды бойына сіңіріп алуымен бірге бөлмені ылғалдандыра  алатындығымен ерекше бағалы. Ол бізге жақсы қызмет етуі үшін күнделікті  су бүркіп немесе жұмсақ матамен жуып, сүртіп жапырақтарын таза ұстау керек. Үлкен, жылтыр, жалпақ жапырақтары еш қиындықсыз жуып, сүрткенге ыңғайлы. Күннің көзі тік түспейтін жарық немесе алакөлеңке жерде жақсы өседі. Суды  топырағын кептіріңкіретіп барып, молынан суғару керек. Қыста күнделікті су  бүркіп тұрған жағдайда,  айына бір рет суғарса жетеді.


            3. Қазтамақты  жатын бөлмеге орналастырған жөн. Одан бөлініп шығатын  пайдалы  қоспалар  мазасыздықты жеңуге көмектеседі. Ауаны стафилококк, стрептококк бактерияларынан залалсыздандырады. Оны тексеру үшін ғалымдар  стафилококк бактериясының 1-2 тамшысын  қазтмақтың жапырағына  тамызғанда, үш сағатта бактериялар өліп қалған. Сонымен қатар шыбын-шіркейлер қазтамақ бар жерден қашады. Бөлмені жаман  иістерден тазартады. Сондықтан ас бөлмеге де қазтамақтың пайдасы зор. Күтімі жеңіл. Жарықсүйгіш. Жазда молынан, қыста суғаруды азайтады.  Күшті бактерицидтік қасиетінің арқасында, аурулар мен зиянкестерге ұшырамайды.


            4. Дәмжапырақ    мәңгіжасыл   бұталы өсімдік. Жапырағының   құрамындағы эфир майының    иісі    адамдардың  көңіл-күйі   көтеріңкі   болуына  әсер  етеді. Дәмжапырақтың антисептік, бактерицидтік, вирусқа қарсы қасиеттері инфекциялы тыныс ауруларына қарсы көмектеседі. Тәбет ашатын қасиеті үшін, жапырақтарын тағамға қосады. Күтімі жеңіл, шыдамды, ауруларға шалдыға бермейді. Ағаш секілді үлкен болып кететіндіктен, сабақтарын кесіп, бойының биіктігін белгілі бір қалыпта ұстап тұруға болады.


            5. Жүзжылдық. Түнде оттегін бөліп, көмірқышқыл газын сіңіреді, сондықтан оны жатын бөлмеге орналастырған абзал. Ауадағы зиянды бактерияларды жүзжылдық бөлетін фитонцидтер, сарымсақтың бөлетін фитонцидтерінен қарағанда тезірек жойып, бөлме атмосферасын тез арада  залалсыздандырады. Шырынында бактерицидтік қасиет жоғары  болғандықтан, медицинада үлкен қолданыста. Күтімі өте жеңіл. Суккулентке жататындықтан, артық суғарғаннан шіріп кету қаупі бар.

 

 

 

 

 



Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



Жұлдызды блогтар

Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі