Жетелейді жетегінде...
жеке
блог

Жетелейді жетегінде...

Мені де, сізді де жетелейді. Барлығымыз еріп барамыз артынан. Жақсы жаққа жетелейді. Жарты жолда қалғандар жағада судан шығып қалған балық секілді. Артынан еріп, соңына дейін барғандар шың басындағы қырандай. Ненің жетегінде жүрміз?

Бір тылсым күш... Жоқ, бұл мендегі, сіздегі арман. Ару Ақтөбеден Алматыға жетелеген мендегі арман.

«Армандар орындалады, ақшаң болса!» деп ойлағанмын ҚазҰУ-ға оқуға түскенімде. Мүмкін... Бірақ біз ойлағандай емес. Шынайы арманымызға сеніп, әрекет етсек болғаны бәрі орындалады екен.

Менің бала күнгі арманым журналист болу болатын. Бала арманыма бір табан жақын қалғанда бәрін тастап жібере жаздағанмын. Бір ғана сөз мен үшін демеу болды. Ол сөз атамның сөзі.  Яғни, атамның көзін көрген інісі маңдайымнан сүйіп: «Қараштан шыққан жалғыз журналист!» дегенде мендегі сезім ерекше алаулады. Журналист атағын алмасам да, елін сүйер, елі қолдар журналист болуым керек екенімді, меннен үміт күтіп отырған осындай адамдар барда тоқтамау керектігімді түсіндім.

«Арман – жарық жұлдыз, онсыз айқын бағдар жоқ. Бағдар болмаған соң, алға басу да жоқ, тірлік те жоқ» деген ғой Лев Толстой. Шындығында, нақты бағдарымыз армандарымызға байланысты. Дұрыс жолда жүруіміз де дұрыс армандар нәтижесі. Жетістікке жету жолында мықты арман бағдар болады. Арман құр қиял емес, мақсаттан тұратын ірі болашақ.

«Кім екенін айтпа оның,

Арманын айт,

Арманына қарап-ақ біліп алам!» деп Қадыр Мырза Әли «Арман үміт пернесі» деген өлеңі арқылы адамды арманына қарап, қандай екенін білуге болатынын  айтқан.  Өйткені, арманы бар адамның болашағы да жарқын. Жетістікке жеткен кез келген адам армандарының орындалғанын, ол жолда талмай еңбек еткенін айтады. Сондықтан, жетегінде жетелеген армандарымыздың соңында адал еңбекпен ере білейік! Өйткені, ата-анамыз, еліміз біз сияқты жастардан мол үміт күтеді. Саналы ұрпақ тәрбиелеуде жаңылмауға тырысқан бабалар арманы да біздердің болашағымыз болатын. Ал біз сол жолда жанымызды салуымыз керек емес пе?!