САЛТЫ МЫҚТЫНЫҢ – ХАЛҚЫ МЫҚТЫ

САЛТЫ МЫҚТЫНЫҢ – ХАЛҚЫ МЫҚТЫ
жеке
блог

...Ата бұған да тоқтаусыз жауап қатты.

          – «Қолкесер» – мал сойысқан адамға үй иесінің сол сойылған малдың етінен шикідей беретін сыбағасы. Соғым кезінде болсын, басқа уақытта болсын, мал сойғанда жаза басып қолын кесіп алуы мүмкін ғой. Әу баста қолын жарақаттап алған кісіге өтеу ретінде берілген секілді. Кейін келе мал сойысып көмектескен адамға алғыс айту ретінде дәстүрге айналған. Тіл зерттеуші ғалымдардың бұл сөздің шығу тегін қалай түсіндіріп жүргенін білмеймін. Мен тіл маманы емеспін. Тек өз білгенімді, өз пайымдауымды

айтып отырмын. Осы «қолкесерді» кейбір жерде «қолүздік» деп те айтады. Тағы нең бар сұрайтын? – деді ата.

         – Қазір, қазір... – деп баласы қарындашын жорғалатып, бір нәрселерді қағазға түсіріп жатты. Жазуын жазып болған соң: – «Айырылысар көже берді» дейді. Қандай көже? Қазақ көжеге қонақ шақырушы ма еді? Негізін түсінбесем орысшаға аударғанда ұғымсыз болады, то есть, орысша мағынасы оңды шықпайды. Сөзбе-сөз «пригласил их на прощальную похлебку» дей алмаймын ғой. Әрине, оны «пригласил их на прощальный обед» деп орыс оқырмандарына ұғымды сөзбен аудара аламын. Бірақ неғылған көже бұл өзі? Соны білуім керек, – деді Бәкең.

         – «Айырылысар көже», «айырылысар аяқ», «көшерлік» беру – ертеден бері келе жатқан жақсы салт, – деп ата ықыластана сөзін бастады. – Мен саған мұны әріден түсіндірейін. Қанаттас қонған ауылдардың алғашқы келіп қоныстанғаны кейінірек келген ауылды ерулікке шақырады. Мал сойып, дастарқан жасап, дәм татқызады. Ерулікті апарып та беретін жағдай болған. Жаңадын көшіп келіп, үйлерін тігіп, желісін керіп, мамаағашын қағып дегендей, абыр-сабыр қарбалас тірлікпен қазан көтеруге мұрша болмай жатқан ауылға сабасымен қымызын, астауымен етін, дастарқанымен бауырсағын алып, көрші ауыл ерулік әкеледі. Еруліктің қандай түрі болсын – барыс-келістің басы, сыйластыққа салынған жол. Ерулік – құрметті, әдемі дәстүр. Сонымен, бұл ауылдар жайлауды бірге жайлап, жаз қызығын бірге көреді. Той-томалақ қуанышын бірге тойласып, өлім-жітімін бірге көтерісіп жатады. Осылай сыйласқан адамдар күздеуде не қыстауға көшерде, иә болмаса, басқа жаққа қоныс аударғанда тағы да бір-бірін дәмге шақырысады. «Көже» деп аталғанымен кәдімгідей мал сойып, қадірлі мүшелерді алдына тартады. «Ұрыспай айырылысқан – ұялмай қосылады» деген аталы сөз бар. Қоныстас болғандар бір-біріне игі ниет-тілектерін айтып, «алдағы уақытта да дәмдес-тұздас болуға тәңірі жазсын» деп қоштасады. «Айырылысар көже» дегеннің мен білетін мәні – осы. Қазір мұны «қоштасу шайы» деп жүр. Келісімді сөз. Қалай айтылса да, иманжапырақ секілді өміршеңдігімен тамыры қурамай, желісі үзілмей келе жатқан көне дәстүр, – деп ата кідіріс жасады да: – Айтса да,  сен жаңа «қазақ көжеге қонақ шақыра ма» деп қалдың. Жылына бір рет шақырады. Ол – қасиетті Наурыз, Ұлыстың ұлы күні наурызкөжеге бірін-бірі шақырады. Бірақ мұнда да қадірлі мүшелер болады. Қысқы соғымнан арнап сақтайды. Бұл – бөлек тақырып, үлкен әңгіме, – деп ата сөзін кілт үзді.

       Бәкең онсыз да олжалы еді. Демнің арасында екі ауыз сұрағына көлдей көлемді деректерді алды. Рақметін үсті-үстіне жаудырып, көңілі толып шығып бара жатты. Табалдырықтан аттай бере қайта бұрылды және бірдеңе сұрайтын болар десем:

           – Оу, неғып түн күзетіп отырсыңдар? Мен ғой, жұмыс істеп жатырмын, – деді мардымсып.

           – Па, шіркін! Сенен басқа адам шошқа тағалап жатыр ма? Біз де жұмыс істеп отырмыз. Жұмыс болғанда қандай! Қисайған түзуді қайта жөндеп жатырмыз, – деді ата...

Зейнеп АХМЕТОВА,  «Бабалар аманаты».   

(Аталмыш кітапты  «Санат»  баспасының дүкенінен алуға болады. Қосымша ақпарат үшін 87016520613)