Жат мейрам

Жат мейрам
жеке
блог

Зұлымдық мейрамы (HALLOWEEN)  ұлттың рухани даму қарқынына көп зиянын тигізуде. Қазақтың қанына біткен, асыға күтетін, молшылық пен кеңдіктің дәлелі болатын төл мерекелеріміз, осы бір Батыстық дерттің салдарынан тасада қалуда. Ділі мен дініне, тілі мен санасына жат мейрамның жұрт арасына кең таралуына не себеп?! Бүгінгі аға-буынды мазалайтын да сұрақ осы болып тұр.

Азаттықтың ақ таңы атқанына биыл 27 жыл толды.  Осы жылдар ішінде әлі ұлттық рух пен ұлттық сананың толық қалыптаспағаны ащы да болса шындық. Бірақ, осы олқылықтың орнын толтыруға, осы қатердің алдын алуға тырыспайтын да сияқтымыз. Біздегі пайда болған осындай саңылауға біреу тілін, біру дінін, біреу ділін, енді біреулері мейрамын әкеп тығуда. Той десе, қу бас домалайтын қазақтың әлсіз тұсын басып, мерекелерімен еліктірудегі мақсат – мейрам арқылы мемлекетте өз идеологиясын жүргізу. Ал, идеологиясы қалыптаспаған халықтың, басы иіліп тынары белгілі.

Осындай, ұлтқа қатерлі мейрамдардың бірі – Хэллоуин. Әулие Валентин мейрамын да зорға ығыстырып, қазақша нұсқасын  жасағанымыз рас. “Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады” демекші, одан да әлі толық айыға қойған жоқпыз.

Қатарға енген, бейресми мереке ретінде тіркелген 31 қазандағы Хэллоуиннің сергелдеңі тіпті күшті болып тұр. Ал, осы Хэллоуинді тойлап жүрген жастарымыз осы зұлымдық мейрамының тарихынан хабары бар ма екен? Христиандық дәуірге дейінгі кезеңде қазіргі Англия мен Ирландияның, Францияның аумағында “Кельт” атты жұрт өмір сүрген. Олардың түсінігінде Күн қыс мезгілінде өлілердің патшасы Самхэйннің тұтқынында болады екен. Тура 31 қазан күні кельттар өздерінің Самхэйн атты мейрамдарын атап өтеді. Кельттар пұтқа табынушылар болған. Олар мазасыз әруақтар мен сиқырлы тіршілік иелері біздің әлемімізге өтеді деп сеніп, солардың бейнесіне еңген. Тағы басқа сенім бойынша 31 қазаннан 1 қарашаға қараған түні тірі табиғаттың рухтары друидтер биік төбе басына шығып емен тоғайларына жиналып алау жағып, күштің иінін жібіту үшін оларға арнап құрбандық шалған. Таңертеңмен адамдарға өз алауының шоқтарын үлестіріп, үйіндегі ошақ отын жағуға көмек берген. Жаққан оты ошақта қыс бойы сөнбей, үйді жылытып, зұлым күштерден сақтаған. Осылай өз дәстүрлері мен мейрамдарын алып келіп, 31 қазаннан 1 қарашаға қараған түні өсімдіктер құдайы Помона күні тойлана бастады. 

Яғни, бұл күн қайта тірілетін әулиелерді қарсы алуға дайындық күні. Уақыт өте келе Хэллоуин жынойнаққа айналды. Ішіне жанып тұрған шырағдандар орнату арқылы асқабақтан түрлі бейнедегі шамдар жасап, сөйтіп қайта тірілген өлілер кейпіне еніп, үй-үйді аралап тәттілер сұрайтын дәстүр болып кеткен. 

ІХ ғасырда христиан діні бүкіл Ұлыбритания аумағына тарала бастап, бұл ежелгі дәстүр католиктердің діни рәсімімен араласып кетті. Бастапқыда бұл кеш ALL HALLOWS EVEN (Барлық әулиелер кеші) немесе ALL HALLOWS EVE, кейін өзгертіліп, HALLOWEEN деп аталып кетті.

Соңғы жылдары жастардың Батысқа еліктеуі белең алып бара жатыр. Қоғамның рухани жұтаңдап, ұлттық құндылықтардан қол үзіп бара жатқаны алаңдатады. Ал елді дүрліктіріп, құбыжықтар бейнесінде киінген Хэллоуинді тойлау кімге керек болғанын саралап көрелік. Бүгінгі жас өрен ұлттық та, діни де мерекеге жатпайтын бұл ежелгі пұтқа табынушылық ырымның қалдығы екенін ұғынбайтыны қынжылтады. Дін және қоғам қайраткерлері оны «коммерциялық жоба» мен «мәдени отарлау» құралы десе, педагогтар мен психологтар «зұлымдық бейнесіндегі ойындар»  жас балалардың жетілмеген психикасына қауіп төндіруі мүмкін деген тұжырымға келген.

Қоғамымызда үй аруақтары және т.б сұрықсыз атрибуттарымен белгілі Хэллоуинді атап өткісі келетін жастар маскарад костюмдерін сатып алып, «көңілді кештерге», түнгі клубтардағы «қорқыныш би кештеріне» ,«фрик-балдарға», Хэллоуин-квесттеріне, тіпті «үрей салатын веложарыстарға» қатысып жүр. Жастарымыз онда барынша көңіл көтеруге тырысқанымен  шын мәнінде не тойлап отырғандарын да түсінбейді. Бұл біздің ұлттық идеологиямызды дәріптеудегі қателіктердің салдары болып отыр. Осы Хэллоуин тойлау кезінде түрлі заң бұзушылық фактілеріде тіркелген. Алыс шет елді қойғанда, өз елімізде көшедегілердің үрейін ұшырып, көлік дөңгелектерін жарып, жарнамаларды қиратып, бояп түрлі бұзақылық, ессіздік жасағандарда аз емес.

«Facebook» желісіндегі «24our of life» жастар порталы, жақында HALLOWEEN мейрамына қатысты 18-27 жас аралығындағы оқырмандары үшін сауалнама жасады. Сауалнама тек 1 сұрақтан және 6 түрлі жауаптан тұрады. Сол сұрақтар нәтижесі бойынша 2.7 млн оқырманы бар порталдың 63% оқырманы аталмыш мейрамды тойлауға құлықты екендігі мәлім болды. Бұл көрсеткіш кез-келген адамды таңдандыратыны рас. Сонда біздің ұлттық санамыздың сонша төмен болғаны ма?! Ұлт болашағы –  жастардың қолында дейміз. Ал, Хэллоуин тойлап жүрген жастардан қандай үміт күтеміз?! Жастарымызың көпшілігі иман жолына түсіп, салауатты өмір салтын ұстанып келе жатқанда мынандай мейрамдардың сананы, ұлтты бұзары айқын. Сондықтан да мұндай жат мейрамдарды тойлауға заңмен қатаң тиым салынуы керек деп ойлаймын.