Алдыңғы қатарлы білім ордасы

Алдыңғы қатарлы білім ордасы
жеке
блог

                                                                                                                               Худайбердина Г.А.

                                                                                      әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің 

                                          азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу кафедрасының аға оқытушысы

Қазіргі таңда Қазақстанда ЖОО саны уақыт санып артып келеді. Бірі мемлекетімізде жақсы танылып жатса, енді бірі шетелді бағындырып жатыр. Солардың бірі де, бірегейі – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті. Осы университет қабырғасында қарқынды жұмыс істеп жатқан уақытымызда оқу орнының тек жетістіктерімен ғана танысып келеміз.
   Университетте студенттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беріп қана қоймай, күн сайынғы болатын жағымды жаңалықтар жастардың болашаққа деген сенімін арттырады. 
«Орынды мақтаныштың өрескелдігі жоқ» демекші, университет мемлекетіміздің жоғары оқу орындары арасында бірінші болып «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты атанды. Алғаш рет Қазақстандық университет - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдегі 800 ең үздік университеттер арасында 220 орынға ие болып, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде тағы 16 орынға алға шықты. Бұл топқа посткеңестік кеңістіктен тек екі университет кіреді: ҚазҰУ және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (РФ). 

   Елбасы Қазақстанның жоғары оқу орындарына әлемдегі ең үздік 200 ЖОО қатарына кіру міндетін қойып отыр. ҚазҰУ әлемдік кеңістікте мойындалған еліміздің жетекші университеті ретінде осы маңызды мемлекеттік тапсырманы іске асыруда мақсатты жұмыс атқаруда. Соңғы бес жылда университет «QS WUR» рейтингісінде 400-ден астам позицияға көтерілді. Әлемдік тәжірибеде бірде-бір университет осындай өсу динамикасына қол жеткізбеген! 

   QS әлемдегі барша мемлекеттермен танылған беделді және көптеген жылдар бойы әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының жаһандық рейтингісін жүргізіп келе жатқан ықпалды халықаралық агенттіктердің бірі екендігі мәлім. 

ҚазҰУ-дың осы рейтингіде табысты ілгерілеуінің маңызды факторы кең аудымқы құрылымдық модернизация, нәтижеге бағытталған басқарудың жоғары тиімділігі, сондай-ақ соңғы бес жыл ішінде 40 пайызға өскен бірегей инфрақұрылымның қарқынды дамуы болып табылады. Әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу бағытын сақтай отырып, ҚазҰУ медицина-биологиялық және инновациялық ІТ кластерін қалыптастыру бойынша жұмыс жасауда, оның негізін жаңа суперкомпьютер құрайтын болады. 

   Университеттің әлемдік деңгейде танылуы сонымен бірге ҚазҰУ-дың тұрақты даму бойынша БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының Ғаламдық хабы ретінде белсенді қызметімен және оның халықаралық жобаларымен де байланысты. Олардың ішінде ҚазҰУ ұсынған инновациялық-технологиялық және рухани-адамгершілік платформалардың симбиозына негізделген «Университет 4.0» жаңа буын университетінің моделі бар.

   QS Агенттігінің 2018 жылы жүргізген дербес бағалау қорытындылары бойынша ҚазҰУ «QS Stars Development Road map» халықаралық рейтингісінің «Төрт жұлдыз» үстемдік белгісін Қазақстанда алғаш болып иеленген Орталық Азия аймағындағы тұңғыш университет болды.

   0-ден 5 жұлдызға дейінгі QS рейтингісі жоғары оқу орындарының кең ауқымды қызметін белгілейтін және университеттердің жоғары халықаралық стандарттарға сәйкестігін анықтайтын 50-ден астам көрсеткіштерді кешенді талдау нәтижесінде анықталады. ҚазҰУ-ға QS «Төрт жұлдыз» артықшылық белгісінің тағайындалуы университеттің жоғары халықаралық беделі мен жаһандық ғылыми және білім беру кеңістігінде көшбасшылық орынға ие екендігінің дәлелі. Артықшылық жұлдыздары университеттің мықты тұстарын көрсетеді және серіктестер мен оқуға түсем деушілерге жоғары оқу орнын таңдауға жәрдемдеседі.

Осылайша, ҚазҰУ бірқатар көрсеткіштер бойынша «5 жұлдыз» иеленді, атап айтқанда, білім беру қызметтерін көрсету, интернационизациялану деңгейі, инфрақұрылым және инклюзивті білім беру жүйесін дамыту.

ТМД елдерінде QS-тың төрт жұлдызы тек бес университетке берілгендігін атап өту қажет, олар – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Ресейдің төрт университеті.

   Бүгінде ҚазҰУ-дың таңғаларлық тәжірибесін әлемнің жетекші университеттері зерттеу үстінде, бұл университеттің жоғары бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші болып табылады. Жетекші қазақстандық жоғары оқу орнының әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіндегі артып келе жатқан рөлін ескере отырып, «QS Worldwide» Атқару кеңесі 2019 жылдың қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде бүкіләлемдік форум және жоғары оқу орындарының халықаралық көрмесін өткізу туралы шешім қабылдады. Осындай ауқымды іс-шараны өткізу Қазақстанның өсіп келе жатқан беделін айғақтайды және елдің жоғары білім беру жүйесін әлемде алға жылжытуға ықпал ететін болады.

  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектерді жұмыспен қамту Рейтингісінде 500 ЖОО ішінен 251 орынға ие болған Орталық Азиядағы алғашқы университет атанды. Рейтинг жұмыс берушілердің студенттермен өзара іс-қимылын ұйымдастыру және бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуы, жұмыс берушілер арасында беделі, түлектердің кәсіби жетістіктері, жұмыс берушілермен серіктестік сынды бағалау критерийлері негізінде құрастырылды. Бұл жоғары нәтиже ҚазҰУ-дың жұмыс берушілермен тығыз байланысы бар екенін және көптеген ЖОО түлектерінің елдің үздік компанияларында және одан тыс жерлерде табысты жұмыс атқаратынын растайды.

2017-2018 жылғы түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша Стэнфорд университеті, Калифорния университеті, Гарвард университеті, Сидней университеті және Массачусетс технологиялық университеттері көшбасшы орынды иеленді.
   Қазақ Ұлттық университеті студенттің әрбірін өзінше із қалдыратындай тұлға қылып тәрбиелейді. Себебі, қала ішінде орналасқан 100 гектарға жуық жерді алып жатқан жап-жасыл қалашық кешенінде оқу корпустары мен зертханалар, жатақханалар, Өмірбек Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, спорт кешені және стадион, тамақтану комбинаты, кинотеатр, интернет орталығы, 2016 жылы ашылған «Д.Баландин» атындағы жүзу бассейні, бәрі-бәрі студенттің дамуына жан-жақты әсерін тигізуде. 
Қанаты талмай еңбек ететін, болашаққа нық қадам басатын жастарының арқасында университетінің әлі талай биіктерден көрінетініне сенімдіміз.