ҰБТ-ға қалай дайындалған дұрыс?

ҰБТ-ға қалай дайындалған дұрыс?
жеке
блог

              Түлектердің арасындағы өзекті тақырыпқа айналған, 11 жылдық білімді сараптау үшін алынатын Ұлттық Бірыңғай Тестілеуі əрбір жасты ойландырмауы мүмкін емес. 2018 жылғы түлек ретінде ізбасарларыма біраз жол сілтегенді жөн көрдім.

 
1. Ең алдымен уақытты көп ұзатпай, отбасымен ақылдасып, айналаңыздағы адамдардың пікіріне сараптама жасап, жүрек түкпіріне үңіліп, өзіңіз қалаған мамандықты таңдаңыз. Мамандық таңдауда, біріншіден бойыңыздағы қабілетіңізге, бейімділігіңізге сүйеніңіз жəне сол мамандық туралы ақпаратты интернеттен не болмаса басқа да жолдар арқылы толық білгеніңіз абзал. 
 
2. Мамандық таңдағаннан кейін, тиісінше таңдау пəндеріңіз де анықталады. Сол пəндермен қоса сіз оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, қазақстан тарихы пəндеріне дайындалуыңыз керек. Ал егер шығармашылық тапсыратын болып шешсеңіз тек екі негізгі пəн оқу сауаттылығы мен қазақстан тарихы, сізге əлдеқайда жеңілірек болмақ. Бес пəннен тапсыратын түлектер үшін берер кеңесім төмендегідей:
 
1) Уақытты бос өткізбей тиімді пайдалану.
 
Уақытты  қалай  тиімді  пайдаланамыз?
 
Алдымен жоспарлап үйрену. Бір күнгі уақытты түрлі бөліктерге бөлу арқылы өз жоспарыңызды жасаңыз. Жоспарыңызды жазсаңыз да болады, немесе ойша құру (есте сақтауыңыз мықты болса). Жоспар құруда сізге қарапайым телефонның көмегі зор болмақ. Сіз жоспарыңызды телефонға жазыңыз жəне арнайы уақыттарға оятқыш қойсаңыз тіпті керемет. 
 
2) ҰБТ -ға тыңғылықты дайындалғыңыз келсе таңғы уақыттағы ұйқыңызды қиыңыз дер едім. Таңертең дайындалу сізге əлдеқайда көмектеседі. Ол үшін ерте тұрып 1-2 сағат оқысаңыз жетіп жатыр. Жəне де ең қолайлы уақыттар таңнан түске дейінгі жəне кешкі 18:00 мен 21:00 арасы. Ал дайындықтан басқа уақыттарда сіз жеке өміріңіздегі жұмыстарыңызды тындырасыз. Арасында түскі уақыттарда 2 сағат ұйықтап алған дұрыс. 
 
3) Сізге ҰБТ-ға дайындалу үшін ұялы телефонды тастау немесе əлеуметтік желілердегі сайттарды жабу, меніңше өте тиімсіз. Бірақ, оған да арнайы уақыт бөліңіз, бөлген уақытыңыз əдеттегі күндерден аз болсын. Мысалы: əлеуметтік желіге дос-жарандарыңызбен хат алмасу үшін жəне арнайы ҰБТ тесттерін жүктеу үшін ғана кіріңіз. Сізге ол үшін күніне 1-2 сағат жетіп жатыр.
 
4) Қалған уақыттарда тынығып демалу өте маңызды. Түнгі ұйқыңыз тыныш болсын. Таңертең ерте тұрып дайындалу үшін 23:00 немесе 00:00 ге дейін ұйқтағаныңыз дұрыс. Түсте де бір мезгіл ұйқтауды ұмытпаңыз. Ұйқы адам бойындағы энергияны қалыпқа келтіреді.
 
3. ҰБТ-ға қандай  кітаптармен  дайындалған  дұрыс?
 
Жыл сайын жаңадан енгізілетін жəне өзге де сұрақтар ең алдымен мектеп бағдарламасындағы 5-11 сыныптар арасындағы оқулықтардан алынады. Сондықтан осы оқулықтарды міндетті түрде бастан-аяқ қайталап шыққан жөн. Ал өзге де көмекші құралдар үшін ақшаңызды аяу дұрыс емес. Бүгін сіз кітапқа аяған ақшаңызды, ертең ақылы оқуға жүз есе етіп төлеп қалмасыңызға кім кепіл? Есесіне тегін алынған оқулықтан көрі қаржы жұмсалған оқулықты түгін қоймай оқып шығасыз. Кейде білемін, кітап оқудан жалығамыз, мұндай кезде сізге интернет көмекке келеді. Материалды интернеттен оқу, ютубтан қарау ішті пыстырмайды.
 
4. ҰБТ-ға дайындалғым  келмейді, не  істесем  болады?
 
Ең алдымен сізге өзіңіздің ішкі мотивацияңызды, намысыңызды ояту керек. Болашағына алаңдайтын, алдына арман-мақсат қойып, соған жете алатын тұлға үшін ҰБТ түк емес (мелочь дейді ғой). Интернетті ашып, іздеп қалсаңыз толған мотивация, толған ақыл-кеңес, толған тиімді жолдар. Ең бастысы жан-жақты болыңыз. Ойланыңыз, ата-анаңызды ойлаңыз, өзіңізді ойлаңыз. Бірақ бір ескеретіні ҰБТ сіздің өміріңізді шешпейді, жəй ғана алдағы 5 жылыңызға кішкене əсер етуі мүмкін. 
 
5. Пробный тесттерін тапсырып жүрсіз. Есіңізде болсын, есептердің жауабын жаттамаңыз. Шығару жолымен түсініп, білгеніңіз өзіңізге дұрыс болады. Үнемі өз өзіңізге бақылау жасап отырыңыз, дайындық басталғанда қандай едіңіз, қазір қаншалықты көтерілдіңіз? Осы сұрақтарды үнемі өзіңізге қойып отырыңыз.
 
 
6. ҰБТ  жақындаған  сайын  қорқып жүрмін.
 
Бұл əрбір түлектің басынан өтетін қалыпты жағдай. Дегенмен сізге қорқудың түкке де қажеті жоқ. Керісінше қорқу, стресске түсу, көп уайымдау, оқыған дүниеңіздің естен шығуына алып келеді. ҰБТ-ға жеңіл қараңыз, ол онсыз да жеңіл небəрі 4-ақ сағатта өте шығады. Басыңызда не бар соны ғана белгілеп шығасыз. Ғажайыпқа сенудің қажеті жоқ. Ия, білемін көбіміз сол ҰБТ-да өзіміз білетін, оңай сұрақтар келеді немесе басқа да жолдармен алып шығамын деп өзімізді алдаймыз. Бұл дұрыс емес, керісінше сіз қиын жолмен жүріңіз, жалқаулыққа салынбаңыз. 
 
7. ҰБТ-ға  1 ай қалғанда.
 
ҰБТ-ға 1 ай қалғанда əдетте кейбір оқушыларда дайындық жоғарылайды, ал кейбірінде тіптен төмендеп, шаршаңдық пайда болады. Бұл қалыпты жағдай. 1 ай қалғанда сізге дайындықты сол қалыпты күйінде жүргізе берген тиімдірек. Керісінше дайындық төмендеп кетсе бұрынғы оқығандарыңыз естен шығып кетуі мүмкін, əрине түбегейлі емес. Ал жоғарылатсаңыз өзіңізді шаршатып аласыз, шаршау стресске алып келеді. 
 
8. ҰБТ-ға 1 апта  қалғанда
 
ҰБТ-ға 1 апта қалғанда дайындықты бəсеңдетіп, миды тынықтырып, артық ойлардан арылып, отбасыңызбен немесе достарыңызбен уақыт өткізгеніңіз дұрыс.
 
Ескерту: ҰБТ-ға дайындаламын деп, отбасыңызбен, айналаңыздағы адамдармен қарым-қатынасыңызды үзбеңіз. ҰБТ өміріңізді шешпейді. Бұл жəй ғана сынақтардың бастамасы. Ең бастысы өміріңізде өз орныңызды тауып, өз өзіңізге жауап бере алатын, артыңызға із қалдыра алатын тұлға болып қалыптасу үшін күресіңіз. Ал ендеше сəттілік достар! 
 
Талайларды таныстырған ҰБТ,
Талайларды табыстырған ҰБТ.
Біреулері шалыс құлап жатқанда,
Біреулері шаныс қылған ҰБТ.
 
Біреулерді өсіретін ҰБТ,
Біреулерді өшіретін ҰБТ.
Шпоры бар шпагатқа отырып,
Соткасы бар көсілетін ҰБТ.
 
Кейбіреуді шаттандырар ҰБТ,
Кейбіреуге қақпан құрар ҰБТ.
Бір адамның абыройын түсіріп,
Бір адамға мақтан қылар ҰБТ.
 
Бөрілерді жарыстырған ҰБТ,
Ақшасы жоқ қалыс тұрған ҰБТ.
Қанша жанды өмірінен айырып,
Адамдықтан алыс тұрған ҰБТ.
 
Санасызға сан ұқтырған ҰБТ,
Оқудан да жалықтырған ҰБТ.
Біреулерге үміт отын сөндіріп,
Баз біреуде жанып тұрған ҰБТ.
 
ҰБТ-ны түсінеміз әр қалай,
Өте алмассың кеудеңді от жайламай.
Бұл ҰБТ жәй ғана бір төмпешік,
Қадам баспа көңілге ой сайламай!
 
Демеңіздер ҰБТ-ны төңкеріс,
Түк те емес дайындықпен жеңсеңіз.
ҰБТ-сыз өмір, өмір баяғы,
Мұңаймаңыз, еш түспесін еңсеңіз!
 
Автор: Рысбек  АРАПХАНҰЛЫ

 
 (дайын материялды көшірмейміз. Тек қана репост. Авторлық құқық қорғалады)