ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТЫ ОТЫРАР АУДАНЫН АРАЛАДЫ
жеке
блог

ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТЫ ОТЫРАР АУДАНЫН АРАЛАДЫ

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары жазғы демалыс мерзімінде, еліміздің барлық өңірлерінде сайлаушылармен кездесу жұмыстарын жүргізуде. Тұрғындардың пікірін тыңдау, әлеуметтік-экономикалық дамуын көзбен көру мақсатында Отырар ауданына Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев ат басын бұрды. Кездесу барысында аудан әкімі Ерлан Айтаханов ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар жайлы және де алдағы жоспарлармен таныстырып өтті.Алдымен Ақтөбе ауылындағы Әуесбек Қамбаров атындағы спорт кешенін аралап, бүгінгі жай-күйімен танысып, ауылдың ажарына сән қосқан спорт кешені жеке кәсіпкер Есбол Қамбаровтың демеушілігімен бой көтергені сөз етілді. Осындай спорт нысандары ауданда ауыл округтерінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқандығы айтылды.

Мәжіліс депутаты Елбасымыздың сындарлы саясатына қолдау білдіріп, жүзеге асуына атсалысып, орталықтарға ғана емес, шалғай ауылдардың да дамуына үлесін қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
Келесі кезекте, аудан орталығында салынып жатқан көпқабатты қызметтік үйлер, газ құбырларын тарту жұмыстары мен құрылыс барысы таныстырылды.

Ауданға білікті мамандарды тарту, сыртта жүрген тәжірибелі де, жас мамандарды шақыру қолға алынып отыр. Қызмет жасауға келген мамандарға қолайлы жағдай жасау мақсатында бүгінде абаттандыру, спорттық сауықтыру, газдандыру бағытында тың жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі–білікті кадрларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылдың өзінде 4 көпқабатты қызметтік тұрғын үйлердің құрылысы басталған. Аудан әкімі әкімдік тарапынан Отырардың дамуына өзіндік үлес қосатын мамандарға жасалатын жағдай мұнымен шектеліп қалмайтынын ерекше атап өтті.

«Жастық шақта берілген білім, тасқа қашалған нақышпен тең» демекші соңғы жылдары аудан мектептеріндегі білім беру мәселесіне аса зең қойылып, нәтижесі жоғарылап, жылдан-жылға көрсеткіштері артып келеді. Соның айғағы–биыл «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлерінің саны артып, талапкерлер ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен облыста алғашқы орынға ие болды.
Сондай-ақ, аудан әкімі «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлерін дәстүрлі түрде жыл сайын қабылдап, талапкерлерді ЖОО білікті маманы болып, дипломмен туған жерге қызмет етуге шақырып келеді. Үздік оқушылардың арасынан «Алтын қор» резерві құрылып, аудандық білім бөлімі арқылы мониторинг жүргізіліп, байланыс үзілмейтіндігін айтты.

Халық қалаулысы Отырар ауданында қалыптасып, дәстүрге айналған білікті мамандар дайындаудың «Алтын қорын» ерекше атап өтіп, өзгелерге үлгі болатындығын жеткізді.
Сонымен қатар, халық қалаулысының назарына ауданымыздағы газдандыру жұмыстары ұсынылды. Тарихи сәт ретінде бағасын алған газдандыру аясында, аудандағы 7 елдімекенге газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілмек. Бүгінгі таңда Шәуілдір, Темір, Ш.Қалдаяқов ауылдарында құрылыс жұмыстары басталып кетсе, Ескі Шілік, Жаңа Шілік, Ақтөбе елдімекендерінде жақын күндері басталмақ.
Жұмыс сапары барысында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейін тамашалап, Арыстанбаб кесенесінде зиярат жасаған Ф.Қаратаев ауданда атқарылған жұмыстарға жоғары бағасын беріп, алдағы жоспарларға сәттілік тіледі.

Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі