ҚАЗАҚСТАН БАҚЫТТЫ ЕЛДЕР ҚАТАРЫНДА 7 ОРЫНҒА ЖАЙҒАСТЫ

 

Бұл тақырыпты көріп, таңданып қалған боларсыз. Менде оны алғаш көргенімде бірер уақытқа ойланып, жаңалықты ашып оқуға кірістім. Аты шулы бұл жазба шын мәнінде жалған ақпарат иесі болып шықты. Өкінішке орай, еліміз алдыңғы қатарлы бақытты елдер ондығына кірердей жағдайда емес. Кейін өзімнен расында Қазақстан әлем бойынша бақытты елдер қатарында нешінші орын алған екен деп іздеп оқи бастадым. Соңғы нәтижелерге сәйкес Қазақстан былтырғы жылдан  6 орынға төмендеп, 60 орынға жайғасыпты.

 Санақта 155 мемлекеттің арасында  60 орында тұрақтағанымызға қарағанда Қазақстанның жарты халқы өзін бақытсыз санайды. Оның бірден-бір себебі қазіргі қоғамның мәселесі. Соңғы уақытта біздің қоғамның неліктен соншалықты ашулы, әрдайым негативті ойлайтын, іштері тар, басқаның қуанышына ортақтаса алмайтыны көп ойландырды. Көпке топырақ шашпайын, арасында өміріне мәз, жан-жағындағы адамдарға бақыт сыйлайтын, олармен бірге қуанып-күйінетін адамдар аз емес. Бірақ, дәл қазір сөз бірінші топтағы адамдар жайлы болмас. Осының жағдайды көре тұра еліміздің алпысыншы орыннан да төмен тұруы әділ болар еді деп ойлаймын.

 Өз басым әрдайым көрінген нәрсеге мұңайып немесе ашуланып жүретін адамдардан аулақ болуды жөн көремін. Бірақ та қоғамдық жерлерде немесе әлеуметтік желінің қайсысында болмасын өз өшін басқа адамдардан алатын және көре алмаушылығын көрсететін адамдар толып жетерліктей. Олардың арасында жас қыз-бала, ардақты аналар мен әкелер, тіпті өмір көрген қарияларымыз да бар. Олар түрлі жағдайда басқа адамдардың өмірлерін сөгіп, балағаттап, орынсыз сөздер жазып, сұрамаған кеңестерін беріп өздерінің уларын қоғамға таратуда. Осының бәрін көрген сайын, әрдайым адамдардың неліктен адамгершіліктен жұрдай екеніне қынжыламын. Өзіңе ұнамайтын заттарға, адамдарға соншама уақыттың бөлудің не керегі бар? Неге адамдарға ол заттарға назар аудармай, өздерінің жаман, әрі ешкімге пайдасы тимейтін пікірлерін іштерінде сақтау соншалықты қиын? Барлық адамдардың бастарындағы ойларын оқып, неліктен солай әрекет етеіні менің шаруам болмағандықтан, мен өз тарапымнан оларға ақыл айтып жатпаймын.

 Алайда, бұл мәселенің көлемін төмендетуге көмектесетін бір әдісті қолданып көрсе артық болсам. Әр адам іштей сөйлеу немесе жазу алдында өзіне бірнеше сұраққа жауап беріп көрсінші. Айтатын сөзім маңызды ма? Пайдасы бар ма? Оны айтқанда жағдай өзгере ме? Осы сұрақты қойғанда адам өзінің бос сөзін, негативті ойларын айналасындағы адамдарға айтуын бірте-бірте қояр.

 Барлық адамдардың ойы бір жерден шығуы мүмкін емес. Қанша адам болса, сонша түрлі ой-пікір бар. Сондықтан, басқа адамдардың ойы, өмір салты, көзқарасы дұрыс емес деп ойлау ақымақтық. Соңында айтарым, құрметті оқырмандар ақымақ болуды қояйық. Өмірімізді бақытты сәттерге, жылы сөздерге  және пайдалы істерге толтырайық. Мүмкін сонда еліміз бақытты елдер қатарындағы ондыққа ілініп кетер.

 

p.s Егерде бұл оймен келіспесеңіз, өз ойыңызды іште қалдырғаныңыз жөн. Рақмет!



Бөлісу: