Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. «ТИТАНИК» ЖӘНЕ ТОҚАЛ

Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. «ТИТАНИК» ЖӘНЕ ТОҚАЛ
жеке
блог


«Титаник–Қазақстан» кемесі Атлант мұхитында сағатына 200-230 жылдамдықпен жылдам жүзіп келеді. Мұхит үстіндегі моторлы қайықпен жүрген МКЙ (мұхит кеме инспекторлары) инспекторларына да пысқырмады, өйткені, Қазақстан, той мен тоқалды ойлауды қойып, 1912 жылы айсбергке соғылып, мыңдаған адамның өмірін жалмаған «Титаниктің» орнына «Титаник–Қазақстан» кемесін жасап шығарған еді, әлем алдында мақтанғысы келді. 
Палубада қызықшылық басталған, бір миллиардер сенатор тоқалының туған күні құрметіне биіктігі бес жарым метр келетін алып тортқа тапсырыс берген болатын, енді ел соған тамсанумен келеді. Кемеде министрлер мен облыс әкімдері де бар еді.
Түннің бір уағында алыстан айсберг көрінді. Кеме жүргізушісі жүн жұтқандай тұншыға:
–Алдымызда айсберг! – деп айқайлап жіберді.
–Тіке жүзе бер! Біз дамыған отыз елді бұзып–жарып өтіп кетеміз! –деп мақтанды кеме капитаны. «Мақтанған қыз тойда түйіліп қалады» демекші, айсберг кеменің оң қапталын жырып өтіп, каюталарға су тола бастады. «Титаник–Қазақстан» мұхитқа батып бара жатыр! Жұрт жан таласып, ары–бері жүгірісті. Бірі алып торттың ішіне басымен сүңгіп кетті. Мұхит үстіне құтқарушы қайықтар түсірілді. Оған қарапайым халық ұмтылып еді, кеме капитаны дауыс күшейткішпен айқайлады:
–Қайыққа министрлер мен депутаттар, облыс әкімдері отырады, халық күте тұрсын!
Министрлер мен депутаттар, байлар бала–шағасымен қайықтарға отыра бастады. Бір сағаттың ішінде кеме екіге бөлінді. Енді жұрт кеменің аспанға қарап қалған тұмсығына қарай өрмеледі. Бір облыс әкімінің жағымпаз баспасөз хатшысы:
–Төмен қарай сырғанайық? –деп сұрады.
–Не–неге? –деді дірілдеген облыс әкімі.
–Төмендегі қайықтардың біріне жармасамыз...
–Біздің облыс онсыз да төмен қарай сырғанап келеді...
–Ойбай, төменде акулалар жүр екен!
–Біз халық байлығын жедік, шүкір, –деп күрсінді әкім, –енді акулалар бізді жейді ме?
Екеуі де төмен қарай сырғанап барып, акулалардың арандай ашылған ауыздарына түсіп кетті.... Бірақ «дәмсіз екен...» дегендей, қайта құсып тастады! А, ойебай, әңгімеміздің басты тақырыбы «Титаник» және тоқал екен ғой? Кешіріңіздер, қайықтарға қара халық та жармасып, бір министрге орын тимей, тоқалымен су бетінде қалқып жүрді. Министр тақтай үстінде, тоқалы тақтайдың ернеуіне иегін қойып, бүкіл денесі суға батып тұр.
–Жаным, тоқалым менің... –деді министр түн аяз болғандықтан дірілдеп.
–Сен мені сүйесің бе? –деп сұрады тоқалы.
–Ия, жаным.
–Сүйсең, тақтай үстіне мені отырғызсаңшы, сен суға түс.
– Менің аман қалуым керек, жаным! Елім тағы бір министрінен айырылса, халықтың күні қараң. Ал, тоқалдар көп...
–Ұятсыз екенсіз! –деп жылады тоқалы.
–Сені сағынатын боламын, жаным.
Жарты сағаттан соң министр тоқалын түртті.
–Мәрия, неге үндемейсің? Тоңған жоқсың ба? 
Үн жоқ. 
–Мәрия! Бірдеңе деші! Қарның ашты ма?
Үн жоқ. Сөйтсе, Мәриясы, тоқалы қатып қалыпты. Өтірік жылаған министр тоқалын су түбіне батырып жіберді де, қалтасынан ысқырық алып, жанұшыра ысқыра берді, ышқынып алып, ысқыра берді, кіндігі кеңейгенше ысқырып жатыр, ысқырып жатыр!

Коллаждың сатираға қатысы жоқ, көрнекі құрал.)