Мұхтар ШЕРІМ. ӘЙЕЛДЕР ФУТБОЛЫ

Мұхтар ШЕРІМ. ӘЙЕЛДЕР ФУТБОЛЫ
жеке
блог

ӘЙЕЛДЕР ФУТБОЛЫ

 

(Кеңес заманында жазылған «Жантақ алаңынан репортаж» әзіл әңгімемді бүгінгі сатираға бейімдеп жазғаным...)

   Құрметті көрермен, Астана көшелерінің бірінде көлік қозғалысы тоқтады. Өйткені, шетелдіктерге тұрмысқа шығайын деп жүрген бір топ қыздар мен, үйлері суық болғандықтан, жылынып алғысы келген әйелдер орталық көшенің екі басына қақпа қойып, әлемде жоқ әйелдері футболын бастағалы тұр!

   Әне, кетік тісті төреші кемпір  ысқырып қалып еді, «Қыздар» командасы мен «Қатындар» командасы допқа таласып қалды. «Қыздар» командасының  белді шабуылшысы Тырдайгүл Жалаңашова допты  әуелете теуіп, Сәнімгүлге пас берді. Сәнімгүл допты қуалай жөнеліп, әне, әне, «Қатындар» қақпасына қақырата доп соқты! Гоол! Жоқ, емес екен! Қақпаның алдында айран сатып отырған апай допты етегімен қағып алып, әуелете тепті. Қатты тепкені соншалық, доп депутаттар отырған мәжіліс залының терезесін қиратып, ұйықтап отырған депутаттың басына сарт ете қалды. Ол жақтан допты күтіп отыруға уақыт қайда, екінші доп ортаға тасталды, ойын қайта басталды! Бұл жолы «Қатындар» командасының капитаны  Айқайгүл Бақырғанова допты ешкімге берместен, қарсыластар қақпасына жақындады.  Жүгіріп бара жатып:

–Футболшылардың айлығы миллионнан асады, чемпион болмаса да, ал менің қара жұмысшы балам небәрі отыз мың алады! Қайда әділдік?–деп қояды.

–Сарнай бермей, маған пас берсеңші! –деп қалды «Қатындар» командасының шабуылшысы Шайгүл Пістемайқызы.

–Құрып кет әәрі!

–Немене?

    Сол екен, екеуі ұрыса жөнелді. Бірін-бірі итеріп, бірін-бірі аяқтан шалып...

   Кетік тісті кемпір төреші: «Өз командасының мүшесімен жұлысқанды бірінші көруім, о, астапыралла!»–деді де, Шайгүл апайға сары, қызыл, көк, қоңыр қағаздарын көрсетіп, ойыннан шығарып тастады, бірақ ойын қайта басталды. Әне, «Қыздар» командасының шабуылшысы допты ешкімге берместен, құстай ұшып келеді. Астананың дүлей боранына қарамастан, аязына қарамастан, бұтына капрон шұлық киіп алған екен, әне, допты сол жақ бұрыштан теуіп кеп жіберді! Гоол! Есеп 1:0! «Қатындар» командасының қақпашысы  әлдекіммен өсек айтысып тұр еді, допты байқамай қалды. «Қатындар» командасының шабуылшылар кезек алды. Аязды күнгі футболдан бойлары жылынып, табандары қызды! «Қызар» командасының қақпашысы бір негрмен сүйісіп тұр екен, оң жақтан кірген допты байқамай қалғаны, өкпелегені соншалық, негрмен бірге Африкаға кетіп қалды. Гол! Есеп 1:1! Орнына байдан бес рет қайтып келген әнші қыз тұрды. Әне, әуелете соғылған доп МАЙ инспекторының басына сарт ете қалды, артынша өзі де жалп ете қалды. Бір жүргізушіден пара алып жатқан еді, обал болды.  Есін жиған МАЙ инспекторы футболшыларға «Көше тәртібін бұзғандары» үшін әрқайсысына он мың теңгеден айып пұл салмақ еді, әйелдер оны шешіндіріп, бір саунаға кіргізіп жіберді. Әйелдермен ойнауға болмайды! Құрметті көрермен! Осымен ойын 1:1 есебімен тең аяқталды, ура әйелдер футболы жасасын!