Қазақстанға FIFA футболдан Әлем Чемпионатының Кубогы келді

Қазақстанға FIFA футболдан Әлем Чемпионатының Кубогы келді
жеке
блог

Күллі әлем назарын өзіне аударған FIFA футболдан Әлем Чемпионатының кубогы Қазақстанға келіп, еліміздің футбол жанкүйерлері құнды трофейді өз көзімен көруге мүмкіндік алды. Төртінші әлемдік турне аясында Coca-Cola компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған бұл шара қазақ елінде екінші мәрте өкізіліп жатыр.

Алғаш рет Алматыға FIFA футболдан Әлем Чемпионатының Кубогы 2010 жылы келген болатын. Биылғы тур Орта Азия бойынша Қазақстан Республикасынан басталды. Алматыдан кейін кубок Қырғызстан астанасы Бішкек қаласына жол тартады.Әлем кубогы итальяндық мүсінші Сильвио Гаццаниганың эскизі бойынша орындалған. Кубоктағы ұсақ бөлшектер автордың өз қолымен жасалды.

Арнайы ұшақпен келген FIFA, Coca-Cola өкілдері мен атақты футболшы Кристиан Карамбё секілді бір топ қонақтарды Алматы Халықаралық Әуежайында Алматы қаласынын әкімдігі мен Қазақстан Футбол Федерациясы өкілдері күтіп алды. Құрамында 6 кг алтын бар кубокты ел назарына ұсынған Кристиан Карамбё барлығымен суретке түсіп жатты.

Кристиан Карамбё, 1998 жылдың әлем чемпионы: «Біз бұл кубокпен көптеген елдерді аралап келеміз. Барлық жерде бізді қуана-қуана қарсы алады. Әрине, әр ел өз менталитетіне байланысты бізді өзгеше қарсы алып, қошеметтерін көрсетуде. Бір байқағаным, кубокты өз көзімен көрген адамдардың жүздері өзгереді. Көздері жайнап, еріксіз қуанады. Әлемдік іс-шараның басты трофейі кубокты көруді барлығы армандайды. Ал футболшылар жеңіске жетіп, оны қолдарына алуға асығады. Бүгін кубок сіздерде. Жақсылап қарап, іштеріңізден тілек айтып алсаңыздар да болады»

Әлемдік турне 2017 жылдың қыркүйек айында Ресей елінде басталды. 2018 жылдың Әлем Чемпионатына дейін тоғыз ай ішінде төрт құрлықтың 50-ден астам елді қамтып, 126 000 километр жол жүреді.

Кубокты Алматы қаласының тұрғындары «Мега Центр Алматы» сауда үйінде көруге мүмкіндік алды. Әлем кубогын қазақ жерінде қабылдау бұл өте үлкен құрмет. Бұл шара еліміздегі футбол саласының деңгейін арттыруға, жас ұрпақты спортқа баулуға жол ашады. 

Суреттер ұйымдастырушылар тарапынан берілді