Алғашқы махаббатпен "соңғы кездесу"

Алғашқы махаббатпен "соңғы кездесу"
жеке
блог

Мен оны алғаш рет оқуға түсемін деп бар жинап алып келген документтерімді тапсырып отырғанда көрдім. Жүрегімнің қағысы басқаша леппен соққандай. Ұяң көзіммен жай ғана бір қарап төмен түсірдім.  Бұл менің алғашқы махаббатыммен алғашқы кездесуім еді.

Тағдырдың қиыстырып қоятын тұстары көп қой, егер де оның сенімен байланысы берік, шынайы болса. Біз көп жерде кездесіп қала бердік. Тартыншақтап, көргенде дүрсілі құлағыма естілетін жүрек қағысын тағы да біреулер естіп қоймасын дегендей алыстан қаша жөнелетінмін. Алайда бұл қағысты соңында өзі себепкер болған жан ғана естіді және осы уақыт аралығында екеуміздің арамызда достық атауы берік ұялаған болатын. Сондай-ақ шынайы бет-бейнемізді де танып үлгерген едік. Сандыққа сақтағандай іштегі сырымызды бір-бірімізге еркін ашып, көрсететінбіз. Қысыл-таяң уақытта бір-бірімізге қолдау білдіріп, алғашқы болып жанынан табылатынбыз.

Уақыт өз дегеніне жеткізді. Ақыры бір-біріне бауыр басқан жандар, жүрек қағыстарын бірге тыңдады. Ұяңдығын алға тартатын бойжеткен ұялып қана қолынан ұстай жөнелді. Ал бүгінде сол бойжеткен алғашқы махаббатымен күнде кездеседі. Онымен бірге бір уақытта ұйықтайды, бір уақытта оянады, таңғы шайын беріп, жұмысына шығарып салады. Себебі алғашқы махаббатымен осылай кездескен бойжеткеннің алғашқы махаббатымен соңғы кездесуі болмаған еді.

Ал сіздің алғашқы махаббатыңызбен алғашқы кездесуіңіз қалай болған еді?