Қоғамдық көліктегі қоғамдық өмір

Қоғамдық көліктегі қоғамдық өмір
жеке
блог

Көбіне жаяу жүргенді жақсы көремін. Өзіммен-өзім, ешкімнің мазасын алмаймын, ешкім маған ұрыспайды, мен ешкіммен бет жыртыспаймын, құлағым да тиыш. Шынымен де, рақат емес ме? Ал кейде баратын сапарым ұзақ болғандықтан, автобусқа отырамын. Такси ұстауға да жиі-жиі қалта көтермейді. Қайтеміз, студент болған соң амалсыз автобусқа таңдау түседі.

Аялдамада тұрмын, мен жақсы көрсем де, көрмесем де автобус келе жатыр. Әттең, уақытым тығыз. Әйтпесе, жаяу-ақ бара салар едім. Амал жоқ, автобусқа мінейін деп тұрғанда кондуктор ағай желкемнен көтеріп тұрып, кіргізіп алды. Қаңбақтай отыра кеттім. Микорфонмен жүргізуші ағайдың «девушка, оплати за проезд» деген саңқылдаған дауысын естіп, оңайымды төлеуге беттеген едім, ақшам түспепті. Ашуымның келгені-ай. Оған қоса, мына жақта кондуктор ағай да ұрсып жатыр. Ақшамның қазір түсетінін қанша түсіндіріп айтсам да, бой берер емес. Сөмкемді ашып, 150 теңгемді алып шыққанмен, студенттік айдиді көрсетіп, тек 80 тг төлеймін деп мен де қырсығып алдым. Ақыры кондуктор ағай да менен жалыққан сияқты теңгемді алды. Өз есемді жібермей, өзіме ырза болып бос орынға отыра кеттім. Жан-жағымнан неше түрлі жаңалықтар легін естіп отырмын. Жатақханада теледидар болса да, оны көретін уақыт жоқ. Оған қоса, негатив жаңалықтарды мүлде көргім де, естігім де келмейді. Сонымен құлақ түргім келмесе де, дәл құлағымның түбінен сан түрлі теріс ақпараттар кетіп жатыр. Қолымда газет-журналдарды көріп, мені де сөзге арқау етіп үлгерді. Бір кезде алдымда отырған апай «Ей, көргенсіз тұр, анаң не қарап отыр! Үлкендерге орын беруге үйретпеді ме?» деп ауызынан ақ иті шығып, көк иті кіріп мені жерден алып, жерге салып ұрыса жөнелді. Мен қорыққанымнан орнымнан ұшып тұрдым. Расында да, артымда ұйғыр әжей тұр екен. Мен мүлде байқамадым. Ол әжей отыра бер деп, басын изеді. Қояр қоймастан, әжейді отырғыздым. Сол кезде маған ұрсып отырған апай «Ей, бетпақ немене үндемейсің, сазарып ауызын ашпай тұрғаның қарашы» демесі бар ма?! Қаным басыма шауып, үлкендерді сыйлағандықтан тіл қатпадым. Сол кезде автобус ішінде менен өткен «халық жауы» болмаған шығар. Бәрі менің бір аңғалдығымнан жастарды жамандай бастады. Сол кезде ұйғыр әжей маған болысып, мені қорғай жөнелді. «Қазір жастарды түсіну керек. Сабақтары қиын, оған қоса жұмыс істейтіндері бар. Ұрыса бермендер» деп маған елжірей қарады. Қазақ десең, өзіңе тиеді деген осы ғой. Менікі мүмкін дұрыс емес шығар, бірақ адамды танымай сонша ұрысқаны не?!

Жүргізуші ағай тоқтайтын аялдаманы байқамай, келесі аялдамаға тоқтады. Жан-жақтан халық шулай кетті. Автобустан азар да, безер болған менің мүлде көңілім қалды. Қайтейін, бір қатты қажеттіліктен автобусқа отырып едім, қаншама сөз естідім. Маған әкем де қатты сөйлеп көрген емес. Қашан мәдениетті болуды үйренеміз екен?