♥ Ақынға ғашық болған...

– Кімнің суретіне қарап отырсың, қызым?
– Жай, маңызды емес,– деп ноутбук бетін жаба салды.
– Қане, көрсетсеңші,– деп анасы жақындай түсті.
– Маңызды емес дедім ғой. Мен негізі тестке дайындалып отырғам...
– Онда дайындығыңды тексерейік... Қызым-ау, бұл үлкен кісі ғой.
– Есесіне маған да арнаған өлеңі бар. Оқып берейін бе?

«Оқырман қыз, өмірде алыс, өлеңде жақын жанбыз...»

– Көрдің бе, қызым? Өз отбасы бола тұра өзгеге өлең арнайды.
– Ой, айтады екенсіз. Бұл жай өлең ғой. Ақындар қиялынан шығарады емес пе? Мен ақынның жары болсам бар ғой, анашым, оның музасы болып өтер едім. Бар жырын маған ғана арнап шығарады. Әр пісірген тағамымнан, әр қимылымнан шабыт алар еді. Мұқағали айтқан ғой, «Ақындарға қызақпа, қыз. Ақын деген бірде қарт, бірде сәби, Қартты сыйлап, сәбиге қарайсың ба» деп. Мұндайға шыдау менің қолымнан келмей ме, айтыңызшы.
– Аңғалым-ай, бәрі сен ойлағандай оңай болса ғой. Жолыңда әлі талай ақын кездесер. Тек солармен араласқанда абай болшы...

♥  ♥  ♥

– Бүгін айна алдында ұзақ айналдың ғой.
– Мен бе? Өзіме ғашық болып тұрмын.
– Осы адамдар қалай өзін сонша жақсы көреді?
– Өзгеге ғашық болсаң, өзіңді де жақсы көріп, көбірек күтіне түседі екенсің.
– Демек, ғашықпын де. Сенің назарыңды аудартқан қандай бақытты жан екен?
– Ақын!
– Біздің жатақханада сенің талғамыңа сай ақын жоқ сияқты еді ғой.
– Менің талғамыма сай болғанымен, ол мені ұнатпас деп ойлап едім. Кеше өзі хабарласты ғой, сенесің бе?
– Хабарласса ұнататының белгісі ме?
– Кез келген қызға ақылдым, сүйкімдім деп жазбайтын болар?
– Дәл солай! Жігіттер барлық қызға тәтті сөзін арнап, қармағына түсіреді.
– Қойшы. Ол ондай емес. Менің өзім білмейтін жұмбақ қырларымды ол біліп отырады ғой. Бұрын соңды ешкім айтпаған әңгімелерімен баурап барады.
– Барлық қызға айтатыны бір әңгіме шығар. Студент болсаң да, балалығың басылмапты. Ақындар өзі шығарған өлеңде басқа, өмірде басқа. Олардың өлеңін оқып, өзіне жоламай-ақ қойған дұрыс.

♥  ♥  ♥

– Алло, анашым, сізге айтар жаңалығым бар?
– Тұрмысқа шығайын деп жатсың ба?
– Ой, мен әлі төртінші курспын ғой. Менен құтыла алмай жүргендейсіз. Бірақ сол жолға жақындап қалған сияқтымын. Бір ақын жігіт жиі хабарласып жүр.
– Әке-шешесі кім?
– Ата-анасы КазГУ-ды бітірген. Өзі екі жерде жұмыс істейді.
– О-оо, жақсы ғой!
– Бұрын бірінші курста сөйлескенбіз. Біраз уақыт хабарласпай кетіп едік. Қазір бір кітаптың мұқабасын бірге жасауымыз керек болып жатыр. Тағдыр өзі жолымызды тоғыстырып тұрғандай.
– Оның сезіміне сенімдісің бе, қызым?
– Әлі ашып ештеңе айтпады. Бірақ шынайы сезімі болмаса, әр шығарған өлеңін бірінші маған жібермес еді ғой. Демек өлеңі маған қатысы бар деген сөз. Кей жеріне сын айтайын десем, көңіліне ала ма деп қорқамын. Ретін тауып мақтап жіберсем, одан бақытты адам болмайды. Барлық сырын маған айтады. Тек мен оған әзірге ашылып әңгіме айта алмаймын. Сезімімді оған өзінен бұрын білдіріп қоймайын деп қорқамын. Ол маған сезімін ашық білдірсе, айтар әңгімем көп сияқты. Кейде бәрін ақтарып хат жазып жібергім келеді. Бірақ сізден көрген тәрбием жібермей тұрады.
– Ол сен сияқты тағы бірнеше қызбен солай сөйлесіп жүрген шығар, қайдан білесің? Алданып қалма!
– Ол тіпті бір нәрсе алатын болса да, не істесе де менімен ақылдасып отырады. Мен сұрамасам да, жүрген жерінен фото түсіріп жіберіп, есеп беріп отырады.
– Білмеймін, қызым. Әзірге ештеңе айта алмаймын. Өзің көресің енді.

жалғасы бар



Бөлісу: