Ескірмеген машақат: Даудың басы – Бораттың мәселесі

Ескірмеген машақат: Даудың басы – Бораттың мәселесі
жеке
блог
Жасыл купальникті жарықтықтың бейнесі халықтың жадында енді бұлдырлана бастап еді, осы жылы қайтадан жарқ етті. Бұл фильмнің түсірілгеніне 10 жылдан астам уақыт өтсе де, кейбіреулер халықтың санасынан Бораттың бейнесінің жоғалғанын қаламайтын сияқты.

Борат киносы қарға тамырлы қазақ xалқының сан ғасырлық тариxын бұрмалап, өмір сүру салтын 360 градусқа өзгерткен. Қазақ xалқы жайлы мүлде бейxабар адам бұл фильмді көргеннен кейін қазақты мәдениеттен жұрдай, тұрмыс-тіршілігі өте нашар, надан халық деп ой түйеді.
 
Фильмді түсіруге жағдай жасаған, қазіргі күні әлемнің көшбасшы мемлекеттерінің қатарынан орын алатын ағылшын және америка елі. Қазақстанның әлем аренасындағы керемет қарқынына мазасызданып, аяқтан шалу әдісін қолданып отырғанын фильм мазмұнынан түсінуге болады.
 
Фильмнің желісі бойынша басты кейіпкердің рөлін ағылшындық комик Саша Барон Коэн өзін қазақстандық журналис «Борат» образында сомдайды. Борат деректі бір фильм түсіру үшін арнайы Америкаға аттанады. Осы сапардағы оқиғалар анайы және әдепсіз түрде суреттелген. Фильм басында тұрмысы өте нашар «Кушкет» ауылындағы тіршілік көрсетіледі. Мұндағы қазақтар христиан өкілдеріне ұқсайды. Батпақта иленіп жатқан шошқа, өзінің туған әпкесімен сүйісіп тұрған Борат, әйелі сұрықсыз 120 келіге жуық салмағы бар Оксана, әпкесі Қазақстандағы нөмірі төртінші жезөкше деп мақтанатын кадрларды қазақтың күнделікті өмірінен деп жала жабады. Қазақстанда еркектер бір-бірімен бетінен сүйіп амандаспаса заң жүзінде жазаланады дейді. Қазақтар ертеден дінге емес, құстарға табынады екен. Ар, намыс, ұят деген халқымыздың қанына сіңген құндылықтар бұл фильмге түспеген. Бөлменің іші шын ыстық деп жыныстық мүшесін көрсетуден де ұялмаған Бораттың фильмі текті қазақты ұятсыз қазақ қып көрсетті. Біреуге ренжіп қалса өкпем қара қазандай деп бұртиятын қазаққа сол қазанның түбінен күйе жағылды. Енді қызықты қараңыз, маскүнем, әйелқұмар, нәсілшіл Борат Сағдиев образы америка қоғамында жоғары деңгейдегі сатирикалық туынды деп бағаланған.
 
Түпкі тамыры евреймен аралас ағылшын азаматы Коэн бұл кейіпкерді өзі ойлап тапқан. 2000 жылы «Дэй Али Жи Шоу» бағдарламасында аталмыш образдың алғашқы көрсетілімдерін көрсете бастаған. Бірақ, көрерменнің назарына ілікпеген сайқымазақ 2005 жылдан бастап Сағдиев образына қызығушылығы артады. Осыдан кейін Коэн оны фильмге айналдыруға кірісіп, Еуропа және АҚШ аумағында үлкен танымалдылыққа ие болады. Тіпті, оның атақ-данқынын асқаны соншалық, Коэн «Борат» болып МТВ музыкалық жүлде тарату салтанатында өнер көрсетеді. Осы жайттан кейін қазақстандықтар тарапынан Еуропалық мемлекеттік орындарға наразылық білдірілді. Халықаралық жиналыстарда қазақ халқын қорлаған әрекеттеріне тыйым салынуын талап еткен. Бірақ, бұл шарадан ешқандай әрекет болмады. Есесіне, Сағдиев кейіпіндегі Коэн қалтасын қалыңдатып, атақ-данқын одан әрі өсіріп, қара пиарды оңтайлы қолданған.
Коэннің жарнамалық іс-шараларын басқарып жүргендер Еуропадағы нағыз кәсіби мамандар көрінеді. Олай дейтініміз, жарнамашылар интернет жүйесін де ұтымды пайдаланған. Борат үшін көптеген әлеуметтік желілерде аккаунт дайындаумен қатар, ғаламтордағы Википедияға Борат туралы арнаулы тармақ енгізген. Сілтемеге басып көріңіз. Тіпті, Коэннің өзі сол тұстағы АҚШ Президенті Буштың алдына барып, америка басшысын фильмнің тұсаукесеріне шақырмақшы болған. Бірақ, ақ үйдің есігінен ары аттай алмаған екен. Әйтсе де бұл оқиға баспасөз органдарына азық болып, эксклюзивті хабар ретінде әлемге таратылды. Сөйтіп 2006 жылы 3 қарашада енді көрсетілетін Борат фильмі үшін тегін де әсерлі жарнамалық хабарландыру осылайша іске асқан.
 
Кейбір халықаралық сарапшылар, сол кейіпкердің Орта Азияның өзбек, түрікмен, қырғыз сияқты өзге халықтарын да келемеждеген деп пікір білдіруде. Өйткені, бірқатар америкалық сыншылар, Борат кейіпкерінің туындауына негізінде қазақ емес, түріктің түрткі болғанын атап өткен. Мәселен, Скат Бравн “Интертеймент Викли” апталығындағы мақаласында, Борат кейіпкері ғаламторда бүкіл әлемге танымал болған Махир атты түріктен үлгі алғандығын жазады. Осы жайт және мұның ашық түрде айтылуы, түрік азаматтарын да ызаландырған. Мұның тағы бір дәлелі, Борат кейіпіндегі Коэннің МТV жүлде жиналысындағы сөзін түрік тілінде “иі акшамлар” яғни, “кеш жарық” деп бастауы. Осындай пікір ғаламтор бетіне жарияланғаннан кейін түрік ұлтының жанашырлары бірден қарсы жауапқа дайындалды.
 
Нәтижесінде, түрік киногерлерінің “Қасқырлар Алқабы Ирак” деген фильмді түсірулеріне түрткі болды. Фильмнің сценариінде американ әскерлерінің жауыздықтары жазылады. Осындай қатыгездіктері үшін Ирактағы америкалық әскери басшылардан кек қайтарған түрік мафиясының ерлігі мен патриоттық іс-қимылдары халықтың көңілінен шығып, киногерлер пайдаға белшелерінен батты. Осылайша, түрік ағайындар Борат фильмі жайлы айтылған пікірдің өзіне наразылық танытып, қарсы амал қолдана білді. Ал, қазақтың халқын масқара етіп, ұлттың дәрежесін жерге таптап, ата-баба құндылықтарының барлығына қолды бір сілтеген осы киноның бас-қасындағыларға қазақтардың тарапынан бір де бір қарсы жауап қатылмады. Келелі дауды бір ауыз сөзбен шешкен батырлар мен билердің ұрпақтарынан қарсы тұрарлық құлаққа қонымды бір ауыз сөз айтылмады. Қазақ жайлы әркім өз пікірімен тарихты бұрмалап қалағанын істей беретін болса, бұл ұлттың өзі де кинодағы Бораттың еліндей күйге еніп, өзгермесіне кім кепіл?! Қорыта айтсақ, қазақ киносының дамуына ат салысайық, Боратқа қарсы жауап әлі қайтарылмады.