Кәсіпкер бол. Жас кәсіпкердің күнделігі
жеке
блог

Кәсіпкер бол. Жас кәсіпкердің күнделігі

Сәлем, Массагет!  Өзіңе кіріп, блок жазып, ой бөліспегелі өте көп болды. Оған себеп те әрине көп. Бүгін мен массагет оқырмандарымен өзімнің бизнес жолыммен бөліскім келіп отыр. Жастар арасында өз кәсібін бастап, армандарын жүзеге асырғысы келетіндер көп. Ия, айлыққа тұрақты жұмыс жасағанша, қанша қиындығы болсада өз жолыңды салғаның дұрыс шығар. Әркімнің пікірі әр қилы, бүгінде жастар арасында кәсіпкер болу тренд. 

Мен осыдан 2 жыл бұрын 25 жасымда  логистика саласында өзімнің жеке кәсібімді бастадым. Қазір логистика ұғымы тансық емес қой. Бұл сала біздің елде әлі де ақсап тұр. Кемшіліктері мен жетіспейтін тұстары өте көп. Ал біз осынау болашағы үлкен саланың бастауында тұрмыз. Бүгінде логистика саласында 2% ғана ірі компания бар. Қалғандарының бәры шағын компаниялар. Солардың бірі біз - "LTS Kazakhstan" ЖШС. Мен Сіздерге осы бизнеске қалай келгенім жайлы айтқым келеді. Сонымен кеттік... 

Осыдан екі жыл бұрын "Логистика" саласы бойынша магистратураны бітіріп, жұмыс іздедедім. Әрине, басында мұғалім боламын деп колледждерге түйіндемелерімді өткіздім. Мені ешқай колледж жұмысқа қабылдамады. Не нәрсе болсада жақсылыққа деген осы болар. Содан кейін логистикалық компанияларға түйіндеме жібере бастадым. Біріншісіне сұхбатқа бардым, маған жұмыс барысын түсіндіріп, талаптарын айтты. Сол күні екіншісіне бардым, олда солай жұмыс процессі мен талаптарын айтты. Талап бойынша мен ол жерде 5 жыл жұмыс істеуге келісім беруім керек. Егер 5 жылға жетпе кеткен жағдайда  1 000 000 тенге айыппұл  төлеуім керек екен. Мұның бәрін тыңдап, сұхбаттан шығып бара жатып, маған "Мұның соншама не қиындығы бар? Олардың айтқандарының бәрін мен өзім-ақ ұйымдастырып, өзім жасай аламын ғой. Оларға қарағанда мен дипломированный логистпін ғой. Оданда өзім осы бизнесті ашайын", - деген ой келді. Осы оймен таңымды әрең атқыздым. Таң ата сала ағама қоңырау шалдым: "Осылай да, осылай менде идея бар. Көліктік-экспедициялық компания ашайық", дедім. Ол маған: "Сенің тәжірибиең жоқ қой, не білесің? Тым болмаса бұл салады жарты жыл жұмыс істеп көрмейсің бе", деді. Кейін досыма қоңырау шалдым, оданда осындай жауап естідім. Енді әрі қарай қасыма серіктес іздей берсем, көңілім қалып, өз ойымнан айнып қалармын деп, бел буып өзім бастауға шешім шығардым. Жездемнің бос тұрған кеңсесі бар еді, соны сұрап, ол кісіден 100 000 теңге қарызға алып, таныс заңгерге ЖШС-тің құжаттарын жасатып, атауын ойластырып, құрбыма логотип жасатып, 1 күннің ішінде жұмыс бастап кеттім. Алғашқы күндері кеңседе менен басқа адам жоқ. "Hh" сайтына вакансия туралы хабарлама беріп, жұмысқа 2 қыз алдым. Бірі осы салада біраз уақыт жұмыс істеген тәжірибиелі еді, екіншісі бакалаврды енді ғана бітірген. Өзім болсам, ештеңе білмемін. Міне осылай жұмыс басталды. Тәжірибиелі қызметкер, мені жұмыстың негіздеріне үйретті. Ақырынап, жүріп процесске үйрендім. Ал барлық құжаттарды, бланк, келісімшарттардың түрлерін ұйқысыз түндер өткізіп, 1000 құжатты оқып, өзімізге арнап келесімшарт жазып шықтым. Міне, осылай әр құжатты толығымен еш шаблонсыз, саралап жазып, кесте, құжаттық реттеулер бәрі таза парақтан басталды. Себебі, мен бұлардың қалай болатынын, басқа кәсіпорындарда бұл салада құжат айналымының қалай жүргізілетінін білмедім, сәйкесінше ешкіммен салыстырып, ешкімнен үйрене алмадым. Алайда, бір айдың ішінде мен өзімді сенімді сезіне бастадым. Сөйтіп, жаңағы менен жұмысты жақсырақ білетін қызбен де, екінші қызбенде қош айтыстым. Себебі, басшы өз қоластындағылардан көбірек білуі крек. Басшы үйрету керек, үйренбеуі керек деген принцип болды. Сөйтіп, жұмысқа жаңадан еш тәжірибиесі жоқ жастарды алдым. Міне осылай ақырындап басталды. 

Бір айдан соң, 16 желтоқсан мереке қарсаңында бізді Ресейлік бір компания былайша айтқанда 11 000 евроға лақтырып кетті. Сұмдық, не істерімді білмедім. Өзім қарызға ақша алып, арманым мен уақытымды, ұйқысыз түндерімді арнап жасап жатқан кәсібімнің басталмай жатып, осылай аяқталғаны ма? Енді не болады, әрине менің контрагенттерім сотқа береді. Онсызда жоқ мұндай сомманы қайдан аламын? Бірінші күн шок жағдайда өтті. Үйдегілерге бұл жағдайды айта алмаймын. Олар маған не дейді, ұрсады, нең бар еді дейді, жауып таста да, ел қатарлы жұмысқа бар дейді... Ойланып-ойланнып, берілмеуге бел будым. Ертеңінде келіп, барлық органдарға көмек сұрап хат жаза бастадым. Жаңағы компанияға претензия, РФ-ның прокуратурасына, ІІМ-не, біздің кәсіпкерлер палатасына, кімге жазуға болады бәріне жаздым. Ал мына жақтан адамдар менен 11000 евроны талап етіп жатыр. Күнде қоңырау шалады. Оларға қайтарамын деп хат жазып беремін. Несі керек осылай қабат-қабат құжаттарды жинаумен, хат жазумен жарты жыл өтті. Жарты жыл қорқынышта, кеңсеге кіріп келсем, қыздарым бадырайып отыр, қарасам еңгезердей екі түрік пе күрт пе түсініксіз, әйтеуір тау халқының жігіттері отыр. Сол баяғы ананың ақшасын қайтар дейді. Ия, мені сотқа бергеннен түк шықпайтынын біліп, мыналарды жіберіп отыр. Майда тіліммен, жағдайды түсіндіріп, оларды шығарып салдым. Осындай күнер де өтті...Есесіне, бұл жағдай маған үлкен сабақ болды. Мен бұл жерден қалай әрекет ету керек,кімге жазу керек, Заңдық аспектілер қалай, кім қалай жұмыс жасайтынын, қалай сөйлесу керектігін, ең бастысы қорқынышымды жеңіп үйрендім. Не болсада жақсылыққа. Әр қиындықтан, сабақ алып, өзіңе тиімдісін тауып алуға тырысу керек екен. Айта берсең жұмыс барысында нешетүрлі жағдай бар. Оның бәрі бір бокка сыймас...

 Биылғы жылы, осы жақын арада біздің компания еншісіне бір жүк көлігін, бір трал көлігін алдық. Бұл екі жыл үшін өте үлкен жетістік. Біз Қазақстанда қауіпті жүктерді таситын санаулы компаниялардың қатарындамыз. Бұл - біздің мақтаныш!  Екі жылдың шінде біздің компания өзіне тән жеңістері мен жеңілістерін көрді. Мен өз тәжірибиемде үйреніп келемін. Басқаруды, ұйымдастыруды, өзімнің бизнес жолымды салып келемін. Кейбіреулер, бір жерде жұмыс жасап жүріп, сол жердің бизнес моделі мен, клиенттерін алып, өз кәсібін бастап кетіп жатады. 

Айтайын дегенім, құрметті жастар, ешқашан өз ісіңді бастаудан қорықпаңыздар. Ең бастысы - Сіздің нақты арманыңыз бен мақсатыңыз, өзіңізге деген сенім болуы керек. Арман мен сенім жетістікке жеткізеді. Білемін, Сіздер көптеген мотивациялық кездесулер мен ақша шығарып, тренингтерге барасыздар. Дұрыс, өздеріңізді іздейсіздер. Алайда, ең үлкен мотивация - "Арман". Ең күшті қару - "Сенім". 

Құрметті орықырман, егер Сізге кәсіпкерлік жайлы қызық болса, немесе маған сұрағыңыз болса, қуанаша жауап беремін.