ШАХАНОВТЫҢ ШЫНАЙЫ БОЛМЫСЫ

ШАХАНОВТЫҢ ШЫНАЙЫ БОЛМЫСЫ
жеке
блог

ШАХАНОВТЫҢ ШЫНАЙЫ БОЛМЫСЫ 

Мұхтар ағаның ақындығы, азаматтығымен таныс емес қазақ жоқ шығар. Ал адамдық қырын, өмірдегі шынайы болмысын біреу білсе, біреу білмейді. Сол себепті, Мұхтар ағаны «Аңыз адамға» жазу барысында ұзақ жылдар жанында бірге жүрген інісі, жазушы Құдияр Біләлден ақынның адами болмысы туралы сұраған едік:

 

«Ярқұди» атануым...

 

Мұхаңды көпке дейін түсіне алмай жүрдім. Әуелгіде айналасының бәрі ашық-шашық, аңғал-саңғал сияқты көрінді. Біреу келіп, біреу кетіп жатады. Әр келген адам бір-бір проблеманы көтеріп келеді. Мұхаңды тыңдағандардың барлығы кабинеттен көздері жасаурап шығып бара жатады. Қай-қайсысы да «Бұл кісі болмағанда қайтер едік...» деп Мұхаңның барына шүкіршілік етеді. Біреуін шығарып салып «Уһ» дей бергенде, қоғамдық ұйымдардың өкілдері бас сұға бастайды. Тағы да жиналыс.

Мұхаңның жиналыс басқаруында қалыпты жүйе жоқ. Бірінші көрген адам Мұхаң жиналысты өмірінде бірінші рет өткізіп отыр екен деп қалады. Соған орай әлгі адам білгішсініп «Әуелі күн тәртібін белгілеп алайық. Төралқа сайламаймыз ба...» деген сияқты жиналыс өткізудің қалыптасқан жүйесін айта бастайды. Ондай кезде Мұхаң «Мынаның басы шырылдап істеп тұр әй. Сөзді осыған берейік» дейді де «Ярқұди, мынаның телефонын жазып ал, бізге керек адам екен» дейді. Ярқұдиы – мен. Құдияр дегеннің соңғы буынын алға шығарып айтады. Менің өзіме, жұмысыма көңілі толған кезде ұдайы «Ярқұди» дейді. Егер «Құдияр» деп қалса, ондай бір нәрсе бүлдіргенім.

 

 

«Тұрмысқа шықпаған балық»

 

Мұхаңның негізгі тағамы – тауық пен жылқының еті. Өзі де «Қораздың жұбайы мен айғырдың әйелі болмаса аштан өлетін едім» деп қояды. Сусыннан қымыз бен, өз сөзімен айтсақ «өгіздің әйелінің сүті қосылған шай» ішеді. Бірде Түркияда өткен үлкен жиыннан кейінгі дастарханда даяшы Мұхаңа келіп «Қандай тағам жейсіз?» деп сұрайды. Мұхаң қашанғысындай қалжыңдап «Тұрмысқа шықпаған балық жеймін» дейді. Даяшы сол кеткеннен мол кетеді. Бір кезде ресторан қожайыны келіп «Мұхтар бей, өзіңіз таңдап бермесеңіз, біз сіз айтқан тұрмысқа шықпаған балықты ажырата алмай жатырмыз» депті.

 

«Кесе лақтырғыш» Мұхаң

Мұхаң жалғыз өзі отырып тамақ жей алмайтын адам. Жұмыс орнында да дастарханымыз жиылмайды. Кім келсе де Мұхаңмен бірге отырып бір кесе шай ішпей кетпейді. Шай үстінде Мұхаң босаған кесесін шай құйып отырған қызға қарата әуелете лақтырып жібереді. Ол қыз кесені лып еткізіп қағып алады. Бұл бізде күнде қайталанатын үйреншікті жайт. Ал алғаш көрген адамның тіпті есі шығып кетеді. Оларға Мұхаң «Егер қойшы баққан қойын қасқыр шапқандай етіп аракідік үркітіп отырса, қойы күйлі болады екен. Мен де өз қызметкерлерімді осылай ширатып отырамын. Оған бәрі үйренген» дейді. Шынында да әлі күнге дейін Мұхаң лақтырған бірде бір кесе жерге түсіп сынған емес.

 

«Глазаңа қара»

 

Мұхаң орыс тілділерді тәрбиелеймін деп жүріп өзі де кейде орысша сөзді сөз арасына киліктіріп отыруды дағдыға айналдырып алған. Онысы – «Көзіңе қара» дегенді, «Глазаңа қара», немесе «Жолың болсын» дегенді «Дарогаң болсын» деген сияты болып келеді. Орыс тілділермен көбіне «Кал калай? Джагдайың джаксы ма?» деп сөйлеседі. Мұхаңның сөзіне үйреніп кеткендіктен мен де кейде өзіне «демалмайсыз ба, глазаңыз красный болып кетіпті» деймін. «Онда жүр, айғырдың әйелінің сүтін ішіп қайтайық» дейді Мұхаң.

Редакциямызға Шәмші Қалдаяқовтың жары Жәмила апай аракідік бас сұғып тұрады. Ол кісі де орыс тілді. Мұхаң ол жеңгесіне де «Кал калай?» деп амандасады. «Өзіңнің қалың қалай?» дейді жеңгесі «Сен сұрағалы жаман емес» деп жауап қайтарады Мұхаң. Сосын бізге қарап, жеңгесін әзілмен қағыта бастайды.

 

Мұхаңның қысқарған сөздері

Мұхаң Шәмші ағасы туралы айтқанда әңгімесін ылғи «Жәмиланың күйеуі екеуміз...» деп бастайды. Сол сияқты Шыңғыс Айтматовты да «Мәриямның күйеуі» дейді. Шықаң туралы әңгімені де солай бастайды. Тыңдаушылар әңгіменің кім туралы екендігін көпке дейін түсінбей отырады. Оған «кб», «жк», «мғқ» сияқты қысқарған сөздерді қосып отырады. Ал түсініп көр. Кб – келін бала, жк – жанама келін, мғқ – мордиясы ғана қазақ. Мұндай қысқарған сөздер Мұхаңда жетіп артылады. Ол сөздердің ішінен көпшілік тек «ТЖ»-ны ғана біледі.

 

         Мұхаңның қарапайым ғана адами болмысы Құдияр ағаның осы бір шағын әңгімесінен көрініс табатындай. Оған өзім де біршама куә болдым. Журналды жасау барысында Мұхтар ағаның жұмыс орнына бір апта бойы күн құрғатпай барып тұрдым. «Қандай өлең береміз? Кімдерден сұхбат аламыз?» деп барған менің жұмысым келесі кезекке сырғиды. Аға: «Алдымен мақта жеп алайық» дейді. Онысы – тамақтану, шәй ішу. «Жалын» журналының асханасының өзі ат шаптырым. Мені жанына отырғызады, сосын ұзын үстелдің басына барлық қызметтестерін жинайды. Біреуі үстел басына келмей қалса, ағаға ас батпақ емес. Кесе лақтырғанына да талай куә болдым.Тіпті, бір жолы менің де қағып алып көргенім бар, ол кесені))) Бір кезде «КБ» бар ма?» дейді. Онысының күйеубала екенін де кейін ұқтым. Менің де атым Құдияр ағанікі секілді теріс айналып шыға келді. Қазір телефонына хабарлассам, «Әәә, бұл Фуғамар ма?» деп тұрғаны...

         Ұлылықтың бір аты кішілік деседі. Мұхтар ағаны жақын тану барысында ол кісінің бойынан аңғал, батыр ақын бейнесін көрдім. Өзі жырларында айтатын АДАМДЫҚ шыңына шыққан жан екен ғой деп те ойладым. Аз уақыт таныстықта болсақ та, қызы, қарындасындай көріп жақын тартып кетті.

         Тек бір ұялатыным, біздің журнал тұлғаның жетістіктерімен қатар кемшіліктерін де қатар береді ғой... Журналда ағаға қарсы келіп жүрген біраз адамдарды сөйлеткен едік. Пендешілік кімде болмайды... Дегенмен өзің ерекше сыйлап тұрған азамат ақыныңның алдында ұялады екенсің... Ақжүректі ақынның көңіліне кірбің ұяламаса екен... Кешіріңіз аға, біз қалай десек те халық сізді жақсы көреді ғой...

 

Ақынның өмірбаянын, ақындығын, азаматтығын, жалпы болмысын «АҢЫЗ АДАМ» журналының №12 санынан толық оқи аласыздар. Менің жазбама ширегі де симаған талай қызық журналда...