Серік болам деушілер болса...
жеке
блог

Серік болам деушілер болса...

Халқымыз талайдан бері теперіш көріп, небір зұлматты заманды басынан кешірді. Сонда да мойымады! Жігерін жасытпады! Қиындықтан қаймықпады. Машақаты көп азапты өмір олардың сағын сындыра қойған жоқ. Керісінше, халқымызды күрескер етті. Кезінде құлын ойнап, тай жарысқан, қазақтың көк жайлауының орнына кеңестік басшылар тар қапастар орнатты. Бір тамшы суы жоқ, өлексе иіс жайлаған темір торда қаншама адам тағдыр тауқыметін тартты. "Елім", "жерім" деп еңіреген талай азаматтардың жас өмірі қыршыннан қиылды. Баласы үшін талай әке зардап шекті. Перзенті үшін талай ана таяққа жығылды. Қайран ана! Сорлы ана! Ару ана! Баласы үшін тағдыр тауқыметін тартса да, ұлылығын жоғалтқан жоқ. Аналық мейірімнен ада қалмады. Ана махаббатына мұқтаж, жүрек жылуына зәру жандарды бауырына басты. Ұлтына қарамады, түсін түстемеді. Бәрін қанатының астына алды! Міне, нағыз ана бейнесі. Нағыз ана образы!

   Жат жердің ұланы болса да, "жасасын, Алаш" деп ұрандаған Ахиконың өмір жолы талай жанның жанарына жас ұялтқаны сөзсіз. Қазақтың сары даласына он бесінде келіп, жиырма бесінде қазақ топырағында тағы бір мәрте дүние есігін ашты. Ол анасын жұтқан туған жерінің топырағында тұра алмады. Қазақтың кең даласы, оны кәрілікке бой алдырған әкесіне де қаратпай өзіңе қарай тартты да тұрды. Қасиетті қазақ даласы адасқан адамзаттың барлығына құшағын ашты. Бауырына қысып, бар байлығын берді. Халқымның қонақжайлығына, жерімнің дархандығына тәнтімін. Осы бір бауырмалдылық , толасыз дархандылық Ахиконы көп қазақтың бірі қылды. Сары даладағы қазақ қара баласының қатарына қосты. Қойылымнан алған асерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жүрегім әлі алабұртып, денем дірілдеп отыр. Елімнің өткеніне сапар шегіп, өзімше болашағына көз жүгірттім. Ойға түстім. Ойландым. Қазақ болып туғаныма, бойыма қазақтың қаны біткеніне тағы бір мәрте қуандым. Мен - ҚАЗАҚПЫН!
 P.S. Осы мен келер жылды өзім үшін "Театр жылы" деп жарияладым. Басты мақсат, мәдени құндылығымды арттыру. Театр, көрме, мұражай - мен үшін жиі бас сұғатын орындардың көшін бастап тұр. Классиканы жаным сүйеді! Сүймеу мүмкін емес! Қысқасы, мәдениетке жақындайын дедім. Серік болам деушілер болса, мархабат!))) Бірге барайық))