Дәйекшесі бар жоба нағыз қазақ тілін жоюға арналған жоба.
жеке
блог

Дәйекшесі бар жоба нағыз қазақ тілін жоюға арналған жоба.

Өйткені:

1. Дәйекше қосымша таңба болып жазылғандықтан сөздердің ұзаратыны сөзсіз. Оны жазу үшін екі рет таңба іздеп, екі рет басу керек. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей түбір сөздердің 90% дәйекше кездеседі. Бірақ ол тек қана осы сөздермен шектеліп қалады деген сөз емес. Өйткенді «г» дыбысы жіңішке буынға бітетін зат есімдердің барыс септігінің құрамында, ал «ң» дыбысы ілік септігінің құрамында бәріне жалғанады. «Ш» дыбысы кез келген етістікке жалғанатын жалғауда бар.  Сөйтіп сөзімі шамамен 30% ұзаратынын болжауға болады. 

2. Дәйекшенің таңбасы әріпке қарағанда ноқат қана. Ол өшіп қалатын болса, немесе қағазға шаң түсіп, ноқатсыз әріптің қасына тұра қалса, сөйлемнің мағынасы лағып кетеді.  

Ахметтің дәйекшесінің орнына ала қойса тамаша болар еді, бірақ бір айта кететін нәрсе ’ таңбасы барлық программалау тілдерінде ерекше рөл атқаратын таңба. Мысалға C, Assembler, Pascal, Delpһy тілінде “A” – мәні A-ға тең тізбектік айнымалы болса, ’A’ – ның мәні 65 –ке тең сан болады. BASІC тілінде бұл таңбадан кейінгі кез келген жазу комментарий түрінде қабылданады. Компьютерде сөйлемді сөзге жіктегенде бұл таңба ешуақытта сөзге қосылмайды. Мысалға “a’lem” деген бір сөзді “a” және “lem” деген екі сөзге бөліп қояды. Сонымен қатар бұл таңбаны көптеген программалар қос таңбаның бірі деп есептеп, сөздің басында ‘, ал соңында ’ қылып автоматты өзгертіп отырады. Бірақ, ’, ‘, ’ таңбаларының кодтары әртүрлі. ’ таңбасы тыныс белгісі емес әріп екенін компьютерге ұқтыру қиын.».

3. Ахметтің дәйекшесі қомақты болатын және тек қана бір қызмет атқаратын еді: ол сөздің жуан, не жіңішке екенін анықтайтын. Және әрбір әріпке дәйекше қою міндетті емес еді! Сөздің басына бір дәйекше болса сөз жіңішке болып, әрі қарай қандай жалғау жалғанатыны оңай болатын еді!

Ал кәзіргі дәйекше фокусник:

1)       «н»-ны «ң»-ға айналдырады.

2)       «с»-ны «ш»-ға айналдырады.

3)       «г»-ны «ғ»-ға айналдырады.

4)       Жуан дауыстыларды жіңішкертеді. Бірақ бәрін емес. Негізі «ы»-ны жіңішкертсе дұрыс болар еді. Бірақ олай емес, әттең!

5)       дауысты дыбыс «і»-ні дауыссыз «й»-ге, дауысты дыбыс «ы»-ны дауыссыз «у»-ға айналдырады. Тілешов мырзаның «Алдымен қазақтың дыбыстық жүйесі ескерілді»,-дегені қайда? «І» мен «й» және «ы» мен «у» қай жерімен үндеседі екен! Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дыбыстар! Керісінше қазақ тілін жойғысы келгендердің арманы орындалды! «і» дыбысына басқа тілдерде «й» дыбысын беретін әріппен белгілейді және оған дәйекше қосып оны «й» деп ата дейді. «і» дыбысының аяқ-қолын дәйекшемен буып «й» болдың деп айтып тұр. Қазақтың «і» дыбысын жоқ қылуды қазақтың емлесі арқылы іске асыру емес пе? Нағыз жаудың әрекеті! Ал  «ы» мен «у» тура осындай болып дуаланған! Оның қай жаққа шығаратынын уақыт көрсетер.

Сөйтіп қолданылу мақсаты әртүрлі болғандықтан дәйекшесі бар сөзді оқу үшін әрбір әріпті ежіктеп бас қатыру керек. Ал сөйлем ше!

 

 

4. Жобада ағылшынның  «и» дыбысын белгілейтін әріпті «і» дыбысына берілген. Арамызда «і»-ні «и»-деп, «ң»-ді «н»-деп оқитын адамдар толып жатыр. Кәзірдің өзінде біздің құлағымыз олардың еркелігіне үйреніп кетіп, тіпті байқамаймыз. Ал енді оған миллиардтан астам ағылшынша сөйлейтін адамдарды қоссаңыз «і» дыбысын тірілту оңайға түспес. Сөйтіп,бұл жобаны қабылдасақ біраздан соң «і» дыбысы жоғалып кетеді.

5. Бұл жобадағы «U» символын «Ұ» деп оқытамыз деу қате. Өйткені миллиардтан астам халық оны «У» деп оқитыны сөзсіз. Орыс тілінде де осылай оқылады. Қазақстанның халқының жартысынан астамы орыс тілінде оқиды. Жалғыз ғана қазақ тілінде жазылуы бір болғандықтан «ұ» дыбысын «у» деп оқу дағдыға айналып кетуі мүмкін. Сөтіп, бара-бара  «ұ» дыбысының жоғалып кету қауіпі бар.

6. Қазіргі қазақ жазуындағы кириллица қолданудың әсерінен пайда болған қателердің 25 пайызы (орыс тілінен өтіп кеткен сөздерді қоспағанда саны шамамен 10 мыңға жуық түбірде бар қате) «и» және «у» таңбаларының қолданылуында. Бұл екі дыбыс та дауыссыз дыбыстар. «и» таңбасы «ій» және «ый» дыбыстарының орнына, ал «у» таңбасы «у», «ыу», «іу», «үу», «ұу» дыбыстар тізбегінің орнына қате қолданылып жүр. Латиницаға өтетін қазақ тілі реформасы кезінде бұл қателіктер түзетілуі тиіс. Бұл жобада, тура қас қылғандай, бұл дыбыстарға берілген таңбаны дауысты дыбыстың жанына қойылған апостроф арқылы жасалыпты.

Ал енді бір түбірді түзетіп көрейік: «киім» = «кій» + «ім». Бұны жаңа жоба бойынша жазсақ «kii’im». Шыққан сөз қазақтың екі бірдей заңына қайшы келеді: 1) Қазақ сөзінде екі дауысты дыбыс қатар келмейді; 2) Әрбір дауысты дыбысқа бір әріп болса да бір буынға бөлінеді. Бұл заңдылық бойынша «ki» + «i’» + «im». Демек бастапқыда екі буынды түбір үш буынды болып шықты. Қате ме? Әрине, қате!

Ал енді «оқулық» сөзін түзетіп көрейік. «о» + «қы» + «у» + «лық» = «o» + «qy» + «y’» + «lyq». Шыққан сөз қазақтың «екі дауысты дыбыс қатар келмейді»,-деген заңына қайшы келеді. Қате ме? Әрине, қате!

Ал енді «қою» сөзін түзетіп көрейік. «қой» + «ыу» = «qоi’» + «yy’» = «qо» + «i’» + «y» + «y’». Шыққан сөз қазақтың «екі дауысты дыбыс қатар келмейді»,-деген заңын 2 рет бұзып тұр. Сонымен қатар 2 буынды сөз 4 буынды болып шықты. Үлкендер бірдеңе етіп үйрене алар. Ал балалар ше? Біздер оларды миғұла қыламыз ғой. Қалайша «о» дыбысы мен «і» дыбысы қатар келеді. Бұл жерде біздің қасиетті дауыстылардың үндестік заңы (сингармонизм) бұзылып тұр. Бұл жерде «қой» жуан буынды түбір. Оған  «ыу» қосымшасы жалғану керек. Жақын тұрған әріп «і» жіңішке дауысты. Оны көріп тұрған балаға «іу» жалғанбайтынын түсіндіру қиын. Қате ме? Әрине, қате!

Ал енді «сояды» сөзін түзетіп көрейік. «сой» + «а» = «sоi’» + «а» = «sо» + «i’» + «а». Шыққан сөз қазақтың «екі дауысты дыбыс қатар келмейді»,-деген заңын 2 рет бұзып тұр. Тіпті бір орында 3 дауысты дыбыс қатар келіп тұр! Не деген өрескел қателік! Бұндай қателіктер тек қана түбір сөзде болса құба-құп, бұлар жалғау жалғананда пайда болады. Бұларды санау мүмкін емес. Шексіз қателік! Бұндай сөзді қазақтың сөзі деуге ауыз бармайды!

7. Жақын арада қазақ тілінің түбір сөздерін түзейтін программа жазып, зерттеу нәтижесінде «ы» мен «і» дыбыстары басқа дауысты дыбыстармен қатар келіп, біздің қасиетті дауыстылардың үндестік заңы (сингармонизм) бұзылатынын көрдім, оны өздеріңізге ұсынылған мақаламдағы фрагменттерден-ақ көріп көз жеткіулеріңізге болады.

8. Қазақ еріншектеу халық. Ноқат қоюды ұмытып кетсең «ң» әрпі «н» болады, «ғ» - «г», «ш» - «с», «ө» - «о», «ә» - «а», «ү» - «ұ», «у» - «ы», ал «и» - «і» болады.

9. Кириллицаның бір жаман жері онда «Орыс сөздері орысша жазылып, орысша айтылуы керек»,- деген заңның арқасында бәріміз «ка», «ко», «га», «го», - деген тіркестерді  орысша айтуға әбден көселіп алдық. Оның үстіне смартфондар шығар алдында, қазақ әріптері шығып үлгермей жатқанда, бәріміз ағылшын әріптермен бұрмалап қазақша сөйлеуге де төселіп алдық. Оны түсінгеніміз сондай қатесін елемей-ақ түсініп, әлі де мәз болып жатамыз. Сондай «ақылды» адамдарға қазақ емлесіне сәйкес апостроф жазып отыру «өрескел» уақыт жоғалту болып көрінері сөзсіз. Демек, кейінірек «g'o» және  «go'»  тізбектерінің орнына  «go» жазып, ал «g'a» мен «ga’» тізбектерінің орнына  «ga» жазып, оларды орысша айтып, бара-бара «ғ», «ә», «ө» дыбыстары жойылып кетуі әбден ықтымал екеніне көз жеткізуге болады.

10. Қаптаған апострофтан аяқ алып жүре алмайтын боламыз. Олар да компьютердің жадында 64 бит немесе 8 байт орын алады. Жазуымыз ұзарады. Балаларымыздың қай ноқат неге қатысы бар екенін ажырата алмай басы қататын болады. Ноқаттарды тыныс белгісі ретінде қабылдып компьютердің басы қатады.

11. Офис программалары кейбір ноқаттарды жұп тырнақшаның бірі деп қабылдап, сөз басындағы ноқатты жоғары қаратып, ал соңындағыны төмен қаратып автоматты өзгертіп, екі жағына бос орын қалдыратындықтан, оларды қайта-қайта «қазақша» түзетіп біздің миымыз ашитын болады

12.Ұлы дания ғалымы Вильгельм Томсен 1893 жылы 15 желтоқсанда Орхон-Енисей жазбаларының (көшірмесі Еуразиялық ұлттық университетте тұр) түркі тілдестер жазуы екені туралы баяндама жасағанда «Жазбаның оқылуына көмектескен ол жазудағы әріптердің дыбыстар үндестігі заңына сәйкестігі»,-деп айтқан болатын.

Ана «дәйекшесі» бар сөздерді оқыған Вильгельм Томсеннің ұрпақтары ондай жазуды түркі тілдестерге жатқызбайтындығы даусыз!

13. Мына «дәйекшелі» жоба қазақтың  дыбыстар үндестігі заңын тас-талқан етіп, оны қайта жазуға тура келтіреді.

14. Бұл жобаны қабылдасақ сөздерді буынға бөлуден бастап қазақ тілін қайта жазып шығуға тура келеді.

Кім жазады ол заңдарды. Мынадай екі былық жоба жасаған А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты ма, әлде Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ма, әлде құрылған, бірақ құрамы әлі жарияланбаған комиссия ма?

Сондықтан «дәйекшесі» бар  жобаны қабылдауға жол беруге болмайды!

 

-Қазақтың барлық дыбыстарын жеке әріппен белгілеуге даяр әріптер табылмайды, - деген өтірік. 
-Пернетақтаны жазу қиындық туғызады, - деген де өтірік. 3 жоба бойынша (мұмкін сіздің жобаларыңызды қосқанда 10 болатын шығар) жазуын өздігінен аударатын және теруге арналған пернетақта жақында желіге шығады. 
Жобадағы әріптер бар 130 шрифтің бейнесі жобада бар. 
Менде түзетуден өткен 98 мың қайталанбайтын, сөз таптарына жіктелен түбір сөз бар. Сонымен бірге адам, жерғ ел аттары, тұоақты сөз тіркестері бар 1,5 деректер қорының жазбалары бар. 
Емле қиындамайды. Тек қана кирилл жазуына қатысты керексіз ережелер қысқарып, емле оңайлайды. 
Таңдауға 3 жоба шығарып отырмын. Таңдау сіздерден.

Латын әріптерімен қазақша жазудың ең ыңғайлы жобасы v.3
https://massaget.kz/blogs/23139/ #Latyn
Латын әріптерімен қазақша жазудың ең ыңғайлы жобасы v.2 
https://massaget.kz/blogs/23137/ #Latyn
Латын әріптерімен қазақша жазудың ең ыңғайлы жобасы v.1 
https://massaget.kz/blogs/23061/ #Latyn