Үздік туынды

Үздік туынды
жеке
блог

  "Қара маржан" махаббатты тамаша суреттеген нағыз романтикалық шығарма! Бұл туындыны оқи отырып, менің көз алдыма сан түрлі көріністер келді. Шіркін, махаббат! Ешқашан да таусылмайтын махаббат! Сенің қадірін бұл күнде жоғалып барады. Бүгін ғашық боламыз, ертең ұмытамыз. Арғы күні басқасын кездестіреміз. Лас тірлікке бар қадірін кірлеткен махаббат... Ғашығының тек маңдайынан иіскейтін жігіт бар ма бұл күнде?! Сүйгенінің көзіне тура қараудан ұялып, беті шоқтай қызаратын қыз қайда екен? Кең көшелерде қол ұстасып, көсіліп жүруден именетін жұп бар ма бұ заманда..? Кітапты оқып болған соң, алғаш ойыма келген сұрақтар осы.

   Бір-бірінің көзіне тура қарамайтын Нариман мен Мәрзия арасындағы махаббатты мен де армандаймын! Мен де...

   Махаббатпен бірге күңшілдік те, қызғаныш та, арам достық та тамаша көрініс тапқан. Бетіне күліп жүріп, сыртыңнан зымияндығын жасайтын Жарас секілді арам достар барлық жерді кезіп жүр. Билікке құмарлық та, жағымпаздық та - надан, түк көрмеген, әлсіз жандардың тірлігі деп білемін. Ерте ме , кеш пе, әділдіктің туы орнайтындығына тағы бір мәрте көз жеткіздім. 

    Ең бастысы, күресе білу! Тай-таласты тоқтатпау! Өліспей беріспеу! Ұққаным да, ұғаным да жетеді. Сіз де осы кітапты оқыңызшы, қадірменді оқырман! Алар әсеріңіз өзгеше боларына сенемін!

Ал, мына жолдарды жазушың 6 томдық шығармалар жинағынан өзім үшін түртіп алған ем. Сіз де көз жүгіртіп, керегін аларсыз:

1. Көне аңыз айтады. Әу баста адамның екі басы, төрт қолы, төрт аяғы болған екен. Құдірет әлдеқалай қаһарланып, адамды қылышпен қақ бөліп шауып тастапты. Содан ері адамдар өзінің жарты бөлігін іздеумен, аңсаумен арманда екен. Өз жартысын іздеп тапқандар - арманына жеткендей; таппай, бөтен жартыға кезіккендер жылаулы көрінеді. Шын жартысын табу осы шығар, осындай шығар.

2. Шынымен, жасыған көңіл жадырай ма? Шынымен, солған өмір қайта көгерер ме екен? Адам аяғынан айырылады екен, қолынан айырылады екен, адам ажардан, адам сүйікті жардан айырылады екен, адам отбасынан, ошақ қасынан, басқа түссе бақытынан айырылады екен. Бірақ арманынан айырыла алмайды екен.

3. Адамға адам жақсылық тілеген үміттер көбейе берсе ғой, шіркін! Үміт пен арман алдыңнан шығып, қол бұлғап тұрады. Ол періштедей көзге көрінбей, мен мұндалап, алға жетелей береді. Аспандағы ай мен күндей арман да мәңгілік, ол еш заманнан өлмейді.