Қазақстандық эстрадаға өзгеше көзқарас

Қазақстандық эстрадаға өзгеше көзқарас
жеке
блог

Қазіргі блогтардың “музыка” тарауына көз жіберіп көрсеңіз, табылған мақалалардың 90%-ға жуығы Димаш Құдайберген мен оның жетістіктеріне арналған. Алайда, ақиқатында Қазақстандық музыка саласын дамытып, көпшіліктің талғамына жаққан орындаушылар баршылық. Егер сіз бүгінгі қазақ шоу-бизнесінің алыптары мен Q-Pop-тан жалығып, жаңа шабыт және кәсібилік іздесеңіз – бұл блог жазбасы сіз үшін арналған.  

Moldanazar тобы – еліктіргіш сарынды, жүрегіңізді жылу шуақтарына бөлейтін лирикалық өлеңдерді орындайтын синти-поп тобы. Құлаққа жағымды әуен мен терең ойлы, мағыналы өлеңдерінің мәтіні олардың мыңдаған тыңдармандарының жүрегін жаулап алды. Moldanazar тобын ұнататын адамдар – эстетика мен көркем де бай қазақ тілін қастерлейтіндер. Олардың қатарына сіз әлі де болмасаңыз, бұл топпен танысуыңызды “Өзің ғана” өлеңі мен бейнебаянынан бастауыңызға кеңес беремін. Тек қана блог оқырмандары емес, олардың ата-анасы да бұл туындыға жоғары баға беретініне сенімдімін. Өленнің бейнебаянына сілтеме осында: https://www.youtube.com/watch?v=j2Sx1fewNcs

iFly – қазақ халық әндерін ерекше этно-электрикалық дыбысталуда орындайтын топ. Топ “Құсни Қорлан”, ”Көзімнің қарасы”, ”Дударай” сияқты халықтың уақытпен тексерілген сүйікті әндерін жаңа ғасырдың талабына сай өңдеп, олардың билеуге лайықталған нұсқаларын жасайды.  Топтың вокалисті – Ксения Сухомазова әндерді қазақша да, орысша да мүлтіксіз орындайды. Оның жан тебірентер дауысын қазақ үлгісіндегі бәрімізге танымал әуендері мен заманауи техно, электрикалық қосымшалар толықтырады. Бұл топпен танысынуыңызды “Бір бала” өлеңінен бастауға кеңес беремін.

Darkhan Juzz – қазіргі танымал “Шоу Ирины Кайратовны” атты YouTube видеосынан оқырмандарға таныс болуы мүмкін. Дархан – қазақ музыкасына жаңа леп әкелген Алматылық дербес орындаушы. Тек қана өзіне сай ырғақ пен “бейбарақат” стильде айтылатын Дарханның өлеңдері көпшіліктің көңіліне жағып, тез арада жастар арасында жанкүйерлерін тапты. Бұл орындаушымен танысынуыңызды “Күн мен Айым” өлеңінен бастауға кеңес беремін.

Қазақ музыка өнері қазіргі кезде өте қарқынды дамуда. Халқымыздың бұл саласындағы ең үлкен жетістіктерінің бірі – Гәкку телеканалы бұл саланың дамуына, менің ойымша, үлкен әсер етті. Қазақстандық жас орындаушыларға өз өнерін көрсетуге мүмкіндік берген телеканал жоғарыда айтылған музыканттардың танымал болуына да әсер етті. Бос минутыңызды қазақстандық шығармашылық туралы көбірек білуге арнасаңыз, сіз де Отандық өнерді қолдап, өзіңіздің ықпалыңызды тигізе аласыз.