Олжас Сүлейменов: «Қазақ – пассионарлы ұлт!»

Олжас Сүлейменов: «Қазақ – пассионарлы ұлт!»
жеке
блог

Олжас Сүлейменов: «Қазақ – пассионарлы ұлт!»

 

ҰЛТ TIMES: Құрметті Олжас Омарұлы! Біз Сізді өмір философиясы ХХ ғасырда әлемдік деңгейде толық бір дәуірдің гуманитарлық дүниетанымын қалыптастырған тұлға ретінде білеміз. Айтыңызшы, Сіз қалыптастырған осы дәстүрді жалғастыратын жаңа тұлғаларды біз неге тәуелсіздік жылдары тәрбиелеп шығара алмадық? Бұған кім кінәлі? 

 

Олжас Сүлейменов: –  Менің замандастарыма ХХ ғасырда өмірге келіп, ХХI ғасырда ғұмыр кешу бақыты бұйырған. Мені отбасым, мектеп, Алматының көшелері, комсомол, қазірде Қазақ Ұлттық университеті аталатын білім ордасының геолого-географиялық факультеті және Мәскеудегі Әдебиет институты тәрбиелеп шығарды.

Менің қалыптасқан санамның іргетасы болған екі жағдайды ерекше атап өткім келеді. Біріншісі – анамның «еңкейгенге еңкей ол әкеңнің құлы емес, шалқайғанға шалқай Пайғамбардың ұлы емес» деп үйреткен тәрбиесі мен сабағы.

Халқымыздың тәрбиелік мәні бар құнды дүниелерінің ішінен анам адамды тұлға деңгейіне жеткізетін дәл осы қарапайым ғана қағиданы таңдап алған. Егер бәрі дәстүрмен, осы рухпен тәрбиеленсе, бізде сатқындық, жағымпаздық болмас еді.

Екінші – ХХ ғасырдан алған екінші тәлім – алдымен халықтың жағдайын (таптың, халықтың, мемлекеттің) содан кейін барып өзіңді ойлау. Яғни, егер адамдар бақытсыз болса, сен де бақытты бола алмайсың. Егер, халық аш болса, сенің тоқ болуың – қылмыс.

Кемеліне жетпеген социализмді қайта құру арқылы капитализмге бет бұру жоғарыда аталған екі постулатты төңкеріске ұшыратты. Адамның жеке мүддесі халықтың, мемлекеттің, адамзаттың мүддесінен жоғары тұруы қалыпты жағдай боп есептелетін идеология қалыптасты. Біз өткен 20 жылдың ішінде дәл осы дүниетанымды мәдениетте, қоғамның адамгершілік деңгейінде , тіпті экономикада қандай көрініс бергеніне көз жеткіздік. Алдымен өзіңнің жағдайыңды жасап аласың, одан кейін уақытың мен күшің қалса мемлекет, ел, халық сияқты өзге құндылықтарға көңіл бөлуге болады.

Соңғы 20 жылда жаңа ұрпақ өсті. Мен осы ұрпақтың бойына менің замандастарымды тәрбиелеген адамгершіліктің негіздері қайтып келсе екен деп тілеймін. Менің қазіргі жастарға берген батам – осы.

 

ҰЛТ TIMES: – Аты әлемге танылған философтар «бүгінгі дүниежүзілік экономикалық дағдарыстың себебі – адамзаттың дамуын қамтамасыз ететін мәдени құндылықтарды елемегендіктен туындап отыр» деп есептейді. Осындай жағдайда қазақтың ұлттық мәдениетінде қандай нақты әрекеттер керек? Қазіргі сынақтарға ұлт мәдениеті төтеп бере ала ма?

 

Олжас Сүлейменов: – Қазақ мәдениеті ғасырлар бойы адамды сыйлауды үйретіп келеді. Ұлтымыздың мәдениеті «халық», «адамдар», «ел» деген құндылықтарды құрметтеуге шақырады. Меніңше, осы дәстүрді ешқандай күштің күйретуі мүмкін емес. Егер заманның талабына сәйкес, капитализм үшін бұл құндылықтардан бас тарту керек болса, қазақтар онда капитализмнің өзінен бас тартар еді.

 

ҰЛТ TIMES: – Жаһандану қазақ мәдениетінің бағы ма әлде соры ма? Әлемдік мәдениетпен салыстырғанда қазақ мәдениеті тұрақтылық аралы ма? Қазақ мәдениеті әлемдік өркениетте өзінің лайықты орнын алуға қауқарлы ма?

 

Олжас Сүлейменов: – Жаһандануды кейбіреулер барлық ұлттық мәдениеттердің бір ғана бұқаралық мәдениетке беріле салуы деп есептейді. Бұл енді бір діннің барлық дінді алмастыра салуымен тең. ЮНЕСКО мәдениеттердің көптүрлілігін қорғайды.

Әлемдік деңгейге көтерілуі үшін жаһанданудың қазақ мәдениетіне берері мол. Біз осы бағытта айтарлықтай қарышты қадам жасап келеміз.

 

ҰЛТ TIMES: – Қазақтар пассинарлы ұлт па? Және өзіңізді қазақ деп санайсыз әлде Әлем адамы деп есептейсіз бе?

 

Олжас Сүлейменов: – Пассиноарлық – бұл мәдениеттің белсенділігінен көрінеді. Егер мәдениетті адамның қоғамда лайықты өмір сүру өнері, халықтың әлем алдында өзін-өзі көрсете білу өнері деп есептесек, Қазақстанның жиырма жылдағы белсенділігін қаперге алсақ онда мен өзімді қазақ деген пассионарлы ұлттың өкілі және Әлем адамымын деп есептеймін.

Сұхбаттасқан Ж. Түсіпбекұлы "ҰЛТ TIMES" газеті 31.05.2012